Back

Түркістандық ардагерлер Жолдауға үн қосты

Түркістан қаласы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің кеңейтілген төралқа мәжілісі өтті. Жиынға аталмыш ұйымның мүшелері, қала, аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, басқарма басшылары және зиялы қауым, БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауы талқыланып, «Әкелер мектебін» құру туралы мәселелер қаралды.

Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты, ОҚМПУ-ң «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Қайрат Анарбаев Жолдау жайлы баяндама жасады. Онда Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауы Елбасы бастамаларының жалғасы екендігіне тоқталып, ерекшеліктерімен бөлісті.

Сондай-ақ, Сайрам аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Байназар, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжехан Төлебаев, еңбек ардагерлері Әбдішүкір Сапарбеков пен Мәлік Мұратбекұлы жарыссөзге шығып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сөз соңында Жолдауды ел ішінде жан-жақты насихаттау мақсатында қаулы қабылданды.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов уақыт талабының қажеттілігіне қарай Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі жанынан «Әкелер мектебін» құратындығын хабарлай келіп, көпшілікке «Әкелер мектебінің» ережесі таныстырылып, мақсаты мен міндеті айтылды.

Ардагерлер бұл бастаманы қолдайтындығын жеткізіп, ойларын ортаға салды. «Әкелер мектебі» ашылса, отбасылық құндылықтар сақталып, алдағы уақытта жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға сеп болмақ.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі