Back

Президент Жолдауы – күрделі мәселелерді шешудің тетігі

        Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Халқына жолдаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын тыңдай отырып, бүгінгі қоғамдағы шешілуі тиісті мәселелерді дөп басып айтқандығын көруімізге болады.

Атап айтсақ, ел бірлігі мен тұрақтылығынан бастап, әлеуметтік-экономикалық салалардың барлығын қамти отырып, азаматтардық құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұлтаралық татулық, тіл мәселелеріне де ерекше ден қойылған.

Президент Жолдауында айтылған әрбір сөзге ден қоя отырып, «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.», – деген  тұжырымды да тұщымды ойы өзгелерге ой саларлық дүние болды. Шынымен, түрлі деңгейлердегі әкімдер, мекеме басшылары осы ұстаныммен жұмыс жасап, қарапайым халық, қызметкер, жұмысшылармен тізе қоса отырып, кез-келген істі ақылдаса отырып еңбек етсе, ұтарымыз көп.

         Ал жалпы Жолдаудағы  өзімнің жаныма ерекше жақын отандық білім жайлы айтқан оң пікірлері Қазақстанның барлық ұстаздар қауымы тарапынан қолдау табарына сенімім мол.

Әлеуметтік салада көптеген бағыттарға баса мән беру керектігін атап өткен президент білім беру сапасын жақсартуды назардын тыс қалдырмады. «Біз оқушылардың қабілетін айқындап,  кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет.

Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс.», – деген Жолдаудағы Мемлекет басшысының сөздері Назарбаев Зияткерлік мектептерінің негізгі ұстанымдарымен үндес келеді. Өйткені, біз баланың қалауына сай, оқушыларды өздері бейім мамандықтарға  ерте жастан бағыттаймыз.

Күн сайын тың жаңалыққа толы бүгінгі қоғамда білім саласы да заман талабына сай жаңғырып отырады. Әлемдік көшке ілесудің бірден-бір жолы білім алу. Ол үшін еліміздегі оқу орындарын тәмамдау аздық етеді. Бұл ауыл, қала жастарына ортақ жайт. Осыны ескерген Қасым-Жомарт Кемелұлы дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керектігін тілге тиек етті.

Еліміздегі тағы бір мәселе – аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау.  Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырған мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдердің осындай балалардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүмкіндік жасауы керектігін де қадап айтты.

Өз сөзінде жоғары білімнің, оқулықтардың сапасына сын айтқан Президент мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайтындығын еске салды.

Бұл жолғы Жолдау – айтылған, көтерілген мәселелерді, тапсырмаларды қысқа мерзімде орындауға бағытталған жұмыстардың реті. Ендеше, ел болып атсалысып, нәтижелі жүзеге асуына бел шеше кіріселік.

Бағдан Қайыржанов,

Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры