Back

Мереке қарсаңында Алматы облысындағы көпбалалы отбасыларға 21 үй берілді

ҚР Конституциясы  мерекесі  қарсаңында Алматы облысының Алакөл ауданында 6, Көксу ауданында 5 және Текелі қаласында 10 көпбалалы отбасыға 21 үйдің кілтітабыс етілді. Бір ғана Алакөл ауданында мемлекеттік «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында алты бірдей көпбалалы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне тұрғын үй кілттері табыс етілді, – деп хабарлайды Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Көксу мен Алакөл аудандарында берілген үйлер «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында сатып алынған. Табысталған әрбір үйдің ауданы 72 шаршы метрді құрайды, әрқайсысына республикалық бюджеттен 10 млн  теңге қаражат жұмсалған. Ал Текелі қаласына республикалық бюджеттен 96 млн теңге бөлінген. Бүгінгі күні 56 млн 400 мың теңгеге аталған 10 үй сатып алынып, тұрғын үй алу кезегіндегі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілді.

Жаңа үйлерге ие болған алакөлдік аналар: Дарменова Ляйля Төлегенқызы –  «Күміс алқа» 6 баланың анасы, Раймова Сарқыт Омарқызы – «Алтын алқа» иегері 7 баланың анасы, Шыбраймова Алия Әубәкірқызы – «Алтын алқа» иегері  8 бірдей баланың анасы, Абданова Гүлшат Әділқызы – 8 баланың анасы «Алтын алқа» иегері, Боранбаева Айман Сламқызы 6 баланың анасы және  Еськова Ирина 6 баланың анасы.

Бүгінде 6 баланың анасы И.Еськованың айтуынша, бұл күнді көп күткен.

«Пәтер жалдап, көшіп-қонып жүретін күндер артта қалды. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында көптен күткен үйімізге қол жеткіздік. Енді осы жер балалар мекеніне айналады деп ойлаймын. Ең алдымен, Президентімізге, одан кейін облыс, аудан басшылығына алғысым шексіз» деп қуанышын жеткізді.

Мұндағы салынған жаңа әрбір үйдің ауданы 72 шаршы метрді құрайды. Әрқайсысына республикалық бюджеттен 10 млн теңге қаражат жұмсалған.

Алакөл ауданында бүгінгі күні тұрғын үй құрылыс жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Атап өтсек, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылы 20 пәтер, 2018 жылы 60 пәтерлі тұрғын үй кілттері кезекте тұрған азаматтарға берілсе, алдағы уақытта екі 20 және бір 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталмақ.

Жалпы, Алматы облысында жыл басынан баспана беру бағдарламалары аясында 640 пәтер берілген. Оның ішінде көпбалалы отбасылар саны 263-ке жетіп отыр. Жыл соңына дейін облыста 284 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 708 пәтер пайдалануға берілмек.

 

Меруерт МАХМҰТЖАН,

Алматы облысы