Back

Дос Көшім: «Олар балалары мен немерелері үшін қорқады»

Мойындауымыз керек, біз әлі күнге дейін ата-бабаларымыз аңсаған қазақ мемлекетін орнатқан жоқпыз.

Ең қызығы, тәуелсіздігімізді жариялаған уақытқа дейін біздің еліміз Қазақ Советтік Социалистік Республикасы деп аталатын. Кеңес өкіметінің қатарында (шын мәнінде – ұлттық саясатта басқа ұлттар үшін Ресей империясының орыстандыру саясатын жалғастырушы өкімет) жүргенде, менің ойымша, біздің жүрегімізге қуат беретін де осы бір ауыз алдамшы сөз болатын.

Сондықтан болу керек, қазақ мемлекетін құру үшін тек қана қазақтар күреске шықты, тек қана қазақтар Орталықтан бөлініп шығып, жеке, егеменді ел болуды мақсат етіп қойды. Бұл қазақ халқының сан жылдардағы арманы болатын. Мүмкін, Сырымның соңғы ойы да, Кенесарының соңғы елесі де осы қазақ елі болар.

Шет жерде көз жұмған Мұстафа Шоқай да сарғыш Сырдариясының суын бір көрсем дегеннен бұрын тәуелсіз қазақ елінің құрылуын аңсаған болар… Кім білсін, мүмкін, Алаштың арыстары атылар алдында өздерінің сан түрлі айла жасап, қызылдармен қолтықтасуға дейін барғанда, егеменді қазақ елін жасай алмай кеткендеріне ғана өкінген болар.

Кейбіреулер «Тәуелсіздік алдық емес пе, өзіміздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бар ғой» деп шүкіршілік еткісі келеді.

Оларды да түсінемін, сансыз жылғы күрестен әбден қажыған қазақ өздерінің қолдарына келіп түскен егемендікті жарыта алмағаннан соң, өздерін өздері осылай алдарқатады.

Сондықтан болуы керек, барлық жерге «егемендік», «тәуелсіздік» деген сөздерді жазып қойдық…

Кейде мен, осы сөздерді 90-жылдардың басында қаланың барлық көшелеріне жазып қойғанда қандай болар еді деп ойлаймын.

Нақты жазатын кезеңі сол болатын! Алайда мемлекет, өкінішке қарай, ол уақытта сол сөзді айтқандарды, жазғандарды қудалаумен ғана айналысатын. Қазір бұл сөз, мен үшін, кермек тати бастады.

«Егемендік», «жеке мемлекет болдық» деген ұғымның нақты көрінісі, шарттары жүзеге асқан жоқ. Бәрі баяғы күйде қалған сияқты.

Тек қана Туымыз бен Елтаңбамыз, Әнұранымыз ғана өзгеріпті. Тіліміз де баяғы Кеңес өкіметі кезіндегідей, қазақтың бесігі болып табылатын ауылымыз да сол қалпы – жүдеу күйінде, баспанасыз, «квартира» жалдап жүрген де сол сорлы қазақ, үйлері қирап, жатақханадан шығарылып жатқандар да біздің бауырларымыз.

Ең қорқыныштысы, қазақ елінің болашағы – жастарымыз ұлттық рух пен ұлттық намыстан айырылып бара жатыр. Әрине, жүздеген жыл бодандықта, тоталитаризм қыспағында не бесігі мен домбырасын, не діні мен тілін жоғалтпаған қазақ құрып та кетпейді жене ұйықтап та жата бермейді.

Бірақ біріншіден, қазақ ұлтының мемлекетін құру үшін «тәуелсіздік», «егемендік» деген жалаулардың ішінде жүріп «қазақ мемлекеті қайда?» деп аттан салудың өзі ыңғайсыз болса, екіншіден (қазақтың бір көтерілсе тоқтамайтын мінезін бәріміз білеміз), сол ұлттық мүдденің жолында бір-біріміздің жағамыздан алуға барғымыз келмейді.

 

Өз басым, біздің мемлекеттің «шөпке тышарлары» әлі күнге дейін ұлттық негіздегі унитарлық мемлекеттің басты белгілерін, шарттарын білмейтін болар деп ойлаймын.

Екінші жағынан, оны білмеулері мүмкін де емес сияқты. Бірді-екілі келімсектердің жиналып, сол жердің тұрақты халқын жаулап алып немесе қырып-жойып құрған мемлекеттерінен (АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия сияқты) басқа барлық елдер ұлттық негіздегі елдер болып саналады. Олардың да мемлекеттік шарттары көз алдымызда тұр емес пе? Алайда қазақ еліне келгенде сол шарттардың ешқайсысы жұмыс істемей қалатыны қалай?

Осы парадокстан біздің мемлекеттің басшылары да ұялатын болулары керек, «біз ерекше елміз, басқаларға ұқсамаймыз» деген уәжді алдымызға тартатын болды.

Бірақ біздің басқа елдерден қандай ерекшелігіміздің бар екенін әлі күнге дейін бір адам айтып, дәлелдеп берген емес.

Олардың (биліктің) мен білетін, бірақ өздері ешқашан ауыз ашып айтпайтын бір ғана дәлелі бар, ол – «егер қазақ ел екенімізді мойындасақ, қазақ тілінің мемлекеттілігін (демек, мемлекеттіліктің бір шарты екенін – Д.К.) де мойындауымыз керек, сол кезеңде біздер жұмыстан да, жеп отырған нанымыздан да айырылып қаламыз, ал біздің балаларымыз бен немерелеріміз «майлы шелпек» – қазақ жерінен кетуіне тура келеді» деген қорқыныш.

Әрине, бұл қорқыныштың негізі бар, бірақ ниеті бар адамдар үшін мемлекеттік тілді үйрену де, аса қиын шаруа емес қой.

…Соңғы уақытта ұлттық бағыттағы азаматтарға, ұйымдарға «осы сендердің басты мақсаттарың, мүдделерің қандай» деген сияқты сұрақтар қойыла бастады. Оған да шүкіршілік.

Бұл сұрақтың астарында «Тәуелсіздік алдыңдар, Туларың мен Елтаңбаларың бар, енді сендерге не жетпейді?» деген реніш жатқан сияқты.

Шынында да, мемлекеттік рәміздерді белгіледік, алайда бұнымен іс бітті деуге бола ма?

Мүмкін, жан-жағымызға қарап, басқа да мемлекеттердің басты белгілерін сараптап, өзімізде осы белгілер бар ма, бар болса, қандай жағдайда, қандай деңгейде деп сұрақ қоятын кезең жеткен сияқты.

Екіншіден, осы бір қысқаша сараптау арқылы біздің көтеріп жүрген мәселелеріміздің бос айқай емес, барлық елдерде жүзеге асқан негізгі шарттар екенін де халыққа жеткізе кетерміз.

Сонда ғана кейбіреулер «бұлардың көтеріп жүрген мәселелері барлық өркениетті елдерде толық жүзеге асып отырған, ақылға да, халықаралық заңдарға да сиятын мәселелер ғой, қазақ елінде де осы шарттарды жүзеге асыру – заңды талап емес пе» деп бізге ожырая қарауын қоятын болар.

Бірінші. Қоғамдық өмірдің барлық саласында мемлекеттік тілдің қажеттілігінің орнауы. Бұл жерде көп айтатын ештеңе жоқ деп ойлаймын. Кез келген унитарлық, ұлттық елдің өз мемлекеттік тілі болады да, ол тілді меңгеру сол елдің азаматтарының сөзсіз қажеттілігіне айналуы шарт.

Ал мемлекеттің міндеті – сол қажеттілікті сауатты түрде жүзеге асыру болып табылады.

Ең қызығы, кейбір елдер бұл аксиоманы (талассыз шындықты) Конституцияға да енгізіп жатпайды. Сондықтан да «Мемлекеттік тіл туралы» заңды тез арада қабылдауымыз қажет.

Оның негізінде: «Қазақ тілі міндетті, басқа тілдер қажеттілігіне қарай» деген принцип болуы шарт. Мемлекеттік тілдің қолдануы, талап етілуі – басқа тілдерді шеттету болып табылмайды.

Басқа тілдерді шеттету (дискриминация) – қазақ тілінен басқа тілдерді қолдануға заң жүзінде тыйым салу. Сондықтан мемлекеттік тілді қолдану талабы диаспора өкілдерінің тілдеріне ешқандай да әсер етпейді.

Тіл мәселесін бірнеше жеке салаларға бөліп айтуға болады.

Бұның ішіне жер-су атауларының сол жердің иесінің тілінде болу мәселесі де, ішкі қолданыстағы және сыртқа шыққандағы құжаттардың барлығының тек бір ғана тілде – сол мемлекеттің тілінде болуы да, оқу-тәрбие жұмыстарының тек қана мемлекеттік тілде жүргізілуі де, көшедегі көрнекі жазбалардың да тек қана мемлекеттік тілде болуы, шетелдермен қатынастың мемлекеттік тілде жүргізілуінен бастап, өзімізде шығатын өнімдердің атауларына дейін (бүгінгі күні республикада шығарылатын кәмпиттерге дейін «Аленушка», «Мишутка» деп аталады) қазақ тілінде болу шарты жатады. Мемлекеттік тілі жұмыс істемейтін ел мылқау адаммен тең.

Екінші. Мемлекет құрушы ұлттың мейрамдары мен атаулы, тарихи күндері сол мемлекеттің ресми мейрамдарына айналуы.

Қазақ елін мекендеген барлық диаспора, ұлт өкілдері тарихы қалыптастыр- ған мейрамдар мен атаулы күндерді мемлекеттік мереке ретінде тойлауы шарт, ал мемлекет бұл атаулы күндерді заң арқылы бекітуі қажет.

Бұл – барлық елдерде жүзеге асқан, ол елдің бірде-бір адамы қарсы болмайтын мәселе.

Мысалы, француздардың Бастилияны алу күні – француз халқының ұлттық-тарихи мейрамы. Сонымен қатар Француз мемлекетінің де мейрамы ретінде сол елдегі барлық азаматтар тойлайтын «қызыл күн».

Тәуелсіздігіміздің 15 жылында ғана айттың бір күні ресми түрде демалыс күні деген атау алды. Алайда ол күнге пасханы қосып беріп, «бір адым ілгері, екі адым кейін» жылжыдық.

Меніңше, 300 жыл бойы тәуелсіздік үшін күрескен қазақ халқында, міндетті түрде, «Ұлт-азаттық күрес күні» болуы шарт.

Мүмкін, оны жоңғар шапқыншылығына немесе Кенесарының көтерілісіне не 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне байланыстырармыз, ол жағын тарихшылардың еншісіне қалдыралық.

Алайда мұндай атаулы күннің болуы, сөз жоқ, ұлттық рухтың көтерілуіне, патриоттық сезімнің қалыптасуына, мемлекетшілдіктің оянуына негіз болары сөзсіз.

Дос Көшім,

«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы

(жалғасы бар)