Back

“Мен сайлауға түсемін…”. Мұрат Әуезов неге ашынды?  

От тілді журналист, марқұм Батырхан Дәрімбет бұл мақаласында тәуелсіздіктің елең-алаңындағы саяси ахуалды боямасыз баяндайды.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 6 қараша күні «Азамат» қозғалысының тең төрағасы Мұрат Әуезов Алматыдағы Демократия үйінде арнаулы баспасөз мәслихатын өткізіп, жиналған шетел және отандық баспасөз өкілдері алдында өзінің саяси мәлімдемесін жария етті.

Баспасөз мәслихатына бірқатар саяси партиялар мен қозғалыстардың өкілдері қатысты.

Өз мәлімдемесін Мұрат Әуезов «Қазақстанда жаңа президенттік сайлау өткізу қажеттігі және өзімді осы орынға үміткер ретінде ұсынуым туралы» деп атаған.

 Ол жаңа президенттік сайлау өткізу қажеттігін елдің дамуына зардап келтіріп отырған бір адамның жеке-дара билік құруына тосқауыл қойып, конституциялық заңдылықты, демократия мен әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру үшін аса қажет саяси науқан деп есептейді.

Сол үшін де өзін мемлекеттегі осы жоғары орыннан үміткер ретінде жариялайды. Мұрат Әуезов өзінің негізгі тұғырнамасын жарияламас бұрын мәлімдемесінің бас жағында Қазақстанның қазіргі саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайына тоқталып өткен.

Нұрсұлтан Назарбаевтың он жылға созылған шектеусіз билік құру кезеңінде үш рет Конституция, үш рет Парламент, төрт рет Үкімет өзгерді.

Осы жылдар ішінде халықтың әл-ауқат дәрежесі жағынан жер жүзіндегі 33 орыннан 93 орынға қарай сырғыды. Өзінің 60 процент өндірістік қуатынан айрылды. Өлімнің көбейіп, өсімнің азаюына байланысты және сыртқа қоныс аударушылардың көбейіп кетуін қосқанда, Қазақстан өз тұрғындарының төрттен бірінен айрылды.

Тағы оқыңыз:

Үржар ауданының дәрігерлері Еуропаның үздік клиникаларында білім алады

 Осы жағдайды жан-жақты сарапқа салып, жіберген кемшіліктерді түзетудің орнына Нұрсұлтан Назарбаев, қазіргі күйзеліс жағдайының тууына себеп болған нәрселерді айтпай, жарқын болашаққа жетем деген бос қиялға толы «Жолдауын» жариялады делінген Мұрат Әуезов мәлімдемесінде.

Назарбаев басшылығы созылған сайын елдегі жағдай онан әрі нашарлай түседі. Ұлттық экономика белгілі бір топтардың қолына өтті, ішкі өндірісті дамыту доғарылды, жекелеген адамдардың кәсіпорын ашуы қиялға айналды. Ғылым, мәдениет, жалпы руханиятты дамыту Нұрсұлтан Назарбаевтың жоспарынан шығып қалған. Еліміз шикізат өңдіретін жартылай отар елге айналуда. Мәдени даму жағынан қайта отарлану бағытына түстік. Парламент жоғарғы үкімет билігінің қолбаласына айналды. Сот тәуелсіздігінен айрылды. Саяси бостандыққа қауіп төніп, саяси қуғын-сүргінге жол беріліп отыр.

Осының бәрін айта келіп, Мұрат Әуезов бұл үкіметпен бұдан әрі бірге жүруге болмайды деп тұжырым жасаған.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілдігін ұзарту жөнінде өткізген референдумы Конституция мен президент ретінде қабылдаған антына қайшы келетіндіктен, бұл референдумның заңды күші жоқ, сондықтан 1995 жылдың көкек айынан бастап бізді мемлекет басшысының міндетін уақытша басқарушы адам басқарып келеді. Сондықтан да мен тез арада президенттік сайлау өткізуді талап етемін» делінген Мұрат Әуезовтың саяси мәлімдемесінде.

Бұл сайлауды адал өткізудің бірінші кепілі ретінде Парламент қазіргі  Конституцияға сай сайлау туралы жаңа заң қабылдауы және қалыптасқан сайлау жүйесіне тиісті өзгерістер енгізуі қажет деп санаймын.

          Сайлау өткеннен кейін тез арада елін сүйетін, адал ниетті, тиісті мамандығы бар адамдардан халық сенімін арқалаған үкімет құрылады. Бұл үкімет қазіргі жартылай қылмысқа негізделген, белгілі бір топтардың меншігіне өтіп кеткен, әлеуметке қарсы экономикалық байланыстарды өзгертіп, үкімет тарапынан реттеліп және жоспарланып отыратын, әртүрлі меншіктің ашық, бәсекелес, әлеуметтік қажетін өтеуге арналған еркін базар экономикасын қалыптастырады.

 Азаматтардың рухани қажеттіктері бұл саясаттың негізгі арқауына айналып, қолдауға ие болады. Жаңа саясаттың басты бағыты елдегі өндірісті дамыту, аштық пен жалаңаштықты жою, халықтың әл-ауқатын жақсарту, шағын қалалар мен ауылдарды құтқару болып табылады. Шын мәнінде, инвестиция әкеле алатын шетел компанияларымен ғана қарым-қатынас онан әрі жалғасатын болады.

Ең басты өзгеріс жеке-дара биліктен құқықтық негіздегі демократиялық билік жүйесіне көшу. Ауыл, аудан, облыстарда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жүзеге асады. Әкімдерді халық сайлайды. Заң шығарушы өкімет және сот билігі бір-бірінен тәуелсіз қимылдайды.

Президент осы үш билік тармағының бір-бірімен орнықты қарым-қатынаста болуын және азаматтардың конституциялық бостандықтарын жүзеге асыруына көңіл бөлетін лауазым иесіне айналады. Бұларды жүзеге асыру үшін конституциялық құқықтардың сақталуын қамтамасыз ететін конституциялық сот құрылады.

Сот билігі атқарушы үкіметтен түгел тәуелсіздік алады. Аудандық, қалалық соттарды халық тікелей сайлайды.

Парламент референдум жариялауға, Конституцияға өзгеріс енгізуге құқық алады. Атқарушы үкіметтің жұмысына бақылау жасайды. Жаңа үкіметтің құрамын және оның бағдарламасын бекітеді. Президент Конституция талаптарын бұзатын болса, оны орнынан алудың нақты шараларына ие болады. Үкіметті Бас министр құрады. Оны президенттің ұсынуымен Парламент бекітеді. Бірақ үкімет күнделікті қызметінде президентке есеп беріп отырмайды. Оған Парламент бақылау жасайды. Атқарушы үкіметтің сайлау жүйесіне ешбір қарым-қатынасы болмайды. Саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар мемлекеттен көмек алатын болады.

Парламент Мәжілісі мен аудандардың, облыстардың мәслихаттарына депутаттар партиялық тізім бойынша сайланады, ал Сенатқа облыс тұрғындары тікелей дауыс берумен сайланады.

Мұрат Әуезов ел өміріне осындай өзгерістер енгізу арқылы оны бір адамның жеке-дара билігінен құтқарып, құқықтық негізге құрылған демократиялық мемлекетке айналдыруға болады деп санайды.

 

Батырхан Дәрімбет,

1997 жыл

Тағы оқыңыз:

Даниал Ахметов: “Жастар ауылға келсін десек, оларға жағдай жасау қажет”