Back

Үржар ауданының дәрігерлері Еуропаның үздік клиникаларында білім алады

Үржар ауданына жұмыс сапарымен келген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов осындағы орталық ауруханаға барып, ұжыммен жүздесті. 

Аурухананың қабылдау және босандыру бөлімдерінің жұмысымен танысып шыққан аймақ басшысы медициналық орталыққа қажетті жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысына жер телімін бөлуді тапсырды.

Даниал Ахметов Үржар аудандық ауруханасының жұмысы, оның бас дәрігерінің мықты үйлестіруші әрі басқарушы екендігін тілге тиек етті. 

Айта кетелік, қыркүйек айында ауданнан «гинекология және акушерлік» бағыты бойынша бір топ мамандар Еуропаның үздік клиникаларына оқуға жол тартады.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы Мақаншы ауылындағы орта мектепті аралап, бой көтеріп жатқан 30 пәтерлі тұрғын үй құрылысының барысын бақылап қайтты.

Сапар аясында әкім «ҮржарАгро» компаниясының егістік алқаптарына барып, жүгері мен күнбағыстан мол өнім алу үшін олар қолданып жүрген технологиялармен танысты.