Cоңғы жаңалықтар
Back

Даниал Ахметов: “Жастар ауылға келсін десек, оларға жағдай жасау қажет”

Жұмыс сапарымен Көкпекті ауданына барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов аудандағы жас дәрігерлерді қоныс тойымен құттықтап, оларға пәтер кілтін табыс етті. 

16 пәтерлі, қайта жөндеуден өткен үйге жас мамандардан бөлек, көпбалалы, толық емес отбасылары, ерекше күтімдегі азаматтар, зейнеткерлер де қоныс аударды.

Айта кетсек, аймақтық бағдарлама аясында өткен айда Көкпекті ауданының ауылдық жерлерінде тұратын 34 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Олардың қатарында ұстаз, төрт баланың анасы Альфия Гусеинова да бар. Төрт бөлмелі, үлкен жер үйді өзі таңдап алыпты.

– Мен өте қуаныштымын. Үйіме бақыт пен шаттық толды. Аймақ басшысына алғысым шексіз, – дейді Альфия Гусеинова.

Отбасының қуанышымен бөліскен аймақ басшысы жаңа қонысқа арнайы барып құттықтап, көрімдік ретінде үлкен теледидар, балаларына екі смартфон және көптеген ойыншықтар сыйға тартты.

Тағы оқыңыз:

Даниал Ахметов: “Бірде-бір көпбалалы отбасы баспанасыз қалмайды”

Аудандағы кәсіби дәрігерлер тапшылығын ескере отырып, жас мамандарға барынша жағдай жасау мақсатында баспана кілттері табысталды.

– Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң ауылға жолдама алып, еңбек жолымызды туған ауылымызда бастадық. Бүгін баспаналы болып жатқанымыз үлкен қуаныш. Осындай қолдау білдіріп, үміт артқан барлық ұйымдастырушыларға алғыс айтамын,- деді жас дәрігер Шынарбек Мұратбек.

“Бұл бағдарлама әлбетте жалғасын табады. Ал біз тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолында қажырлы еңбек ететін боламыз. Ал жастар ауылға келсек, оларға осында өмір сүруге лайықты жағдай жасауымыз қажет”, – өз сөзінде облыс әкімі.

– Көкпекті ауданында тұрғын үйлер бюджеттік қаражат тарапынан берілуде. Арнайы жұмыс тобы құрылып, әлеуметтік жағдайына байланысты отбасылар мен жас мамандарға үй беру қарастырылған. Алдағы уақытта қосымша баспана беру жобасы дайындалып, комиссия қарауына жолданатын болады, – деді өз кезегінде Көкпекті аудандық ТҮКШ басшысы Қайрат Жұмағалиұлы.

Әсем Жылқышева, 

Өскемен қаласы