Back

Жәкішевтің әріптесі: “Мұхтарда ондай иттік мінез жоқ…”

Өткен аптада «Қазатомпромның» экс-төрағасы Мұхтар Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сот отырысы өтті. Өкінішке орай, сот Жәкішевті босатудан бас тартты.

14 жылға сотталған Жәкішев жазасының 10 жылын өтеген болатын. Сот сонда да илікпеді.

Соттың мәліметінше, Жәкішев бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша айыпты деп танылған. Атап айтқанда, бөтеннің мүлкін ұрлау, пара алу, алаяқтық жасау, қызмет бабын асыра пайдалану, құжаттарды қолдан жасау сынды баптармен сотталып, оған 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген.

– Бұл арадағы жалпы шығын 99,6 млрд теңгені құрайды. Жәкішев келтірілген осы залалды өтемеген. Осы фактіні сот назарға ала отырып, оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартуға түрткі болды, – деп атап өтті соттағылар.

Бұл орайда Жәкішевтің «Қазатомпромдағы» әрі әріптесі, әрі үзеңгілесі болған Ғалым Назаровтың Мұхтар қамауға алынған алғашқы кездегі сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. «Жас Алашқа» жедел сұхбат берген Ғалым Назаров «Мұхтар Жәкішевтің жазығы жоқ» деген болатын.

 – Ғалым Бағдатұлы, біреулер «М.Жәкішев қамауға түсті» дейді. Бас прокуратура өкілі болса, «біз ештеңе білмейміз» деді. Сізге осы істің жайы белгілі ме (сұхбат жексенбі күні алынды)?

– Өкінішке карай, Мұхтарды қамауға алғаны рас.

– Сонда Мұхтар Жәкішевті кім ұстаған?

– Менің білуімше, ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында жатыр.

– Не үшін қамауға алынған?

– Экс-депутат Т.Квятковскаяның мәлімдемесі бойынша ұстаған секілді.

Сіз осы компанияда қашаннан бері жұмыс істейсіз?

– 2001 жылдан бері.

– Демек, «Казатомпромның» қызметін бір кісідей білесіз ғой. Өзіңіз Т.Квятковскаяның мәлімдемесін қалай қабылдадыңыз?

– Мен компанияның қаржы департаментінде қызмет етемін. Вице-президенті емеспін. Басшылықтағылар білетін бар ақпаратты біле бермеймін. Дегенмен Т.Квятковскаяның мәлімдемесінде түйірдей негіз жоқ. Бос сандырақ десе де болады.

Неге десеңіз, екі жыл бұрын компанияда кешенді түрде тексеру жүрді. Дәл осы Т.Квятковскаяның тура осы мәлімдемесі бойынша.

Қаржы, Есеп комитетіндегі аудиторлық тексеру, ҰҚК, прокуратура секілді түрлі мемлекеттік орындары жүргізген бұл тексеріс бір жылға созылды. Осы тексерістерде компанияда ешқандай заңсыздықтың болмағаны анықталды.

Компанияда жеке адамдардың акциясы болған емес. Қазір де компанияның 100 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» қорының қолында.

 Яғни жер қойнауына шетелдіктердің келуі жоғарғы басшылықтың рұқсатымен ғана жүзеге асады. «Қазатомпром» өз қалауы бойынша мүлкін әркімге бөліп бере салатын жекеменшік компания емес. Бізде директорлар кеңесі бар. Құрамына үкіметтің, тиісті министрліктердің басшылары кіреді. Табыстың барлығы сол кеңесте талқыланады.

 Іс-әрекетінің бәрі мемлекеттің қадағалауындағы компанияның басшылығын ғана қудалап, айыптау ақылға сыймайтын қылық. М.Жәкішев барлық уақытта компанияның жүзеге асыратын бар жұмысын жоғарғы жақпен ақылдасып шешті. Өз бетінше әрекет еткен емес. М.Жәкішевтің ешқандай кінәсінің жоқтығына сенімдімін. Және экс-депутаттың мәлімдемесін аққа күйе жағу деп білемін.

Тағы оқыңыз:

Күршімде туған қазақ баласы Google компаниясына жұмысқа тұрды

– Сіз М.Жәкішевті жақсы білесіз бе?

– Мұхтарды өте жақсы білетін екі адам болса, соның бірі мен десем, артық айтқаным емес.

Себебі Мұхтармен 1977 жылдан бері доспын. Мұхтардың отбасын, бала-шағасын жақсы білемін. Мұхтармен мектепте бірге оқыдық, Мәскеуде бірге білім алдық. Уақыт өте бір жерде қызмет істедік. Зиялы отбасының баласы. Әкесі ҚазҰУ-де мұғалім. Доцент, кафедра меңгерушісі. Шешесі ғылым жолына түскен адам. Мұхтар орайы келген жерден пайда көріп қалу, қымқырып, жымқырып қалу дегенді мүлдем білмейтін өте мәдениетті, адал, таза жүректі адам. «Қазатомпромда» ол үнемі мемлекет пен компанияның мүддесін қорғады.

– М.Жәкішев осы компанияга келгелі жұмысына қатысты үкімет тарапынан қандай да бір ескерту алып па еді?

– Жоқ. Керісінше, былтыр ғана оны «Құрмет» орденімен марапаттады. Мұхтар бұл компанияға 1998 жылдың күзінде келді. Ол кезде компания банкрот болғалы тұрған. Жалпы сомасы 805 миллион доллардай, банктерге доллармен алынған 29 пайыздық несие (43 миллиондай), жұмысшылардың жарты жылғы жалақысына қарыз болатын. Яғни компанияны сатсаң да ешкім алмайтын кез еді.

Рас, 1998 жыл өте қиын жыл болды. Дағдарыс уран өндірісінен айналып өтпеді. Уран бағасы үнемі құлдырап, 2001 жылға дейін тек түсумен, төмендеумен болды.

Жалпы, әлемде табиғи уран өндіретін сол кезде 30 шақты ғана компания бар. 1998 жылдары «Қазатомпром» осы компаниялардың ең соңында тұрды. Сол кездері компания 890 тонна табиғи уран өндірсе, биыл 8,5 мыңдай тонна уран өндірді. Яғни содан бері компания өндірісі 10 есе өсті. Бейнелеп айтсақ, М.Жәкішев жерде жатқан компанияны қабылдап алды.

Ал бүгінгі күні табиғи уран өндірушілердің қатарында «Қазатомпром» әлемдегі ең беделді компаниялардың қатарында. Компанияның беделі өте жоғары. Қаржылық жағдайы тұрақты. Компанияның әлі де қарыштап өсуіне барлық жағдай, керекті баспалдақтың бәрі жасалды.

Осының бәрі Мұхтар Жәкішевтің стратегиялық бағдарламасының арқасында жүзеге асты. Ядролық отын нарығында компания жерасты байлығын шикізат ретінде сатуға машықтанып, жатып алған жоқ. Қайта сол шикізаттан өнім жасауды жолға қоюының арқасында әлемдегі ядролық отын нарығында айрықша орын алды.

Тағы оқыңыз:

Батырхан Дәрімбет: “Президентті патша деу Рәтбек қажыдан басталған…”

Компания тек қана Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де Атом электр стансасын сала алатын деңгейге көтерілді. Яғни компания өз қызметін шетелге сататындай деңгейге көтерілді. Бұл дегеніңіз, қосымша табыс көзі. Жерасты байлығын сатқаннан гөрі біліктілігің мен білімің арқылы мемлекетке орасан зор табыс түсіру – түсіне білген адамға үлкен жеңіс және жетістік.

Мәселен, «Қазатомпром» инжениринг саласындағы АҚШ-тағы өте беделді компания – «Вестенгауздың» 10 пайыздық үлесін сатып алды. Алдағы 10 жылдықта салынуы жоспарланған әлемдегі атом электр стансаларының тең жартысы осы «Вестенгауздың» сызбасымен, сәулетімен, күшімен салынады. Бір атом электр стансасын салуға ең аз дегенде 5 миллиард доллар кетеді. Қазір «Қазатомпромның» біржылдық өнім сату көлемі шамамен 1,5 миллиард долларды құрайды.

Ал «Вестенгауз» салмақ стансалардың табысынан «Қазатомпромның» қанжығасына 10 пайыздық дивидент түспек. Яғни қол жеткізген осы жетістік арқылы ел қаржысына қанша пайда түсетінін есептей беріңіз. Оның үстіне, осы стансаларға табиғи таза уранды ғана емес, уран отынын, таблеткаларын сата алады. Шикі уран (пючнасы 132 доллар) мен уран отынын, таблеткасын сатудың (тоннасы 3000 мың доллар) айырмашылығы зор. Дайын өнімді сатудан мемлекетке пайда көп түсетіні айтпаса да түсінікті ғой.

Жалпы, осы уран өндірісі арқылы ғана Қазақстан әлемнің геосаяси ахуалына өзінің ықпалын жүргізе алады. Неге десеңіз, түрлі-түсті металл өндіреміз бе, өндірмейміз бе, әлемдік қауымдастыққа бізден келіп-кетер ешқандай сеп жоқ. Өйткені бізден басқа металл өндіретіндер көп.

Ал Қазақстан уран өндірісін тоқтататын болса, әлем дағдарысқа тап болады. Мұхтар компания жұмысын тек шикізат сатуға бейімдемей, керісінше, біріншіден, сапалы уран өнімін өндіріп сатуға, екіншіден, осы саладағы біліктілік пен білімді шетелдерге ұсынуды өте сәтті жолға қойды.

 Яғни табиғи шикі уранды өндіріп, оның өнімін өңдеп және сол өнім арқылы электр қуатын алу және оны адамзатқа жеткізіп беретін компанияға айналдырды. «Қазатомпром» секілді мұндай компаниялар әлемде екеу ғана: «Арева» мен «Росатомпром».

Алайда саяси себептерге байланысты «Росатомпром» өз өнімін әлемнің кез келген жеріне ұсына алмайды. Яғни «Қазатомпром» әлемдегі шикі уран өндіруден, атом отынын жасаудан, атом электр стансасын салатын қысқасы, атом өнеркәсібі саласын, басынан аяғына дейін қадағалайтын әлемдегі нөмірі екінші компанияға айналар еді. Егер осы жоспарлар жүзеге асқанда мемлекет бюджетіне өте зор көлемде табыс түсетіні анық.

 

– Сіз осындай жетістікке «Қазатомпромның» енді жете алмайтынына күмәнданып отырсыз ба, сонда?

– Иә. Себебі М.Жәкішев секілді мемлекетшіл деңгейдегі менеджерлер бізде саусақпен санарлық қана. М.Жәкішевтің өзі қызметке, мансапқа жабысып қалған адам емес. Өзі кез келген салаға барып, еңбек етуге дайын екенін талай айтқан.

Алайда М.Жәкішевті компаниядан кетіру «Қазатомпром» мен мемлекет үшін үлкен шығын болады. Бұл сөзді мен Мұхтар досым болғандықтан айтып отырғам жоқ. Бизнестің жазылмаған бір заңы бар.

Кәсіпорын басшысының немесе бас менеджердің адамгершілік қағидалары ғана бизнесте табысқа жеткізеді. Себебі басшының қарым-қабілеті төмен болса, онымен ешкім әріптес болмайды.

 М.Жәкішевтің іскерлігіне, қабілеттілігіне, тазалығына сенім артқан шетелдік әріптестері алдағы уақытта қандай қадамға баратыны маған белгісіз.

– Сіз айтқан жетістіктерге «Қазатомпром» қалай жетті?

– Шетелдіктер келіп бізден уран өндіргісі келетінін айтса, Мұхтар «жақсы, біз бұл жайында әңгімелесе аламыз. Алайда сіздер біздің жоғарғы өндіру құны қосылған уран өнімін сатып алуға келісулеріңіз керек. Осылайша, сіздер біздегі уран кенішіне кіре аласыздар, ал бізге сіздердің нарықтарыңыздың есігі ашылады.

Осындай жағдайда ғана біз сіздермен қандай да бір келісімге келе аламыз. Тек шикізатын сыртқа сатып, уран өнімін өндірмей отыра беру біздің жоспарымызда жоқ» дейтін.

 Мысалы, Жапония Қазақстанмен осындай келісімшартқа отырды. Жапония атом стансаларына қажетті дайын уран отынының 40 пайызын «Қазатомпромнан» сатып алатын болды. Қытайда салынатын атом электр стансаларына да «Қазатомпром» қатысады деген келісімге келді (келісімшартқа алдағы айда қол қойылмақ еді).

Яғни Қытайда салынатын атом стансасының қомақты бөлігі Қазақстандікі, «Қазатомпромдікі» дей беріңіз. Сосын Қытай өз нарығына ешкімді енгізе бермейтіні белгілі. Басқалар ол жерге аяқ баса алмай жүргенде, «Қазатомпромның» Қытай нарығына белсенді түрде енуі біраз жайтты аңғартып тұрған жоқ па!

«Қазатомпром» өзінің уран өнімінен бір жылда 1,5 миллиард доллардай табыс табады. Ал әлемде алдағы онжылдықта 450-дей атом стансасы салынбақ. Осылардың 260-ының құрылысына «Қазатомпром» «Вестенгауз» компаниясы арқылы қатыспақ. Яғни бір атом стансасын салуға ең кемінде 5 миллиард доллардай қаржы кетсе, осы қаржының қомақты бөлігі «Қазатомпромның», яғни қазақ мемлекетінің қоржынына түсер еді. Енді ойланып көріңіз, уран өндіріп аз пайда тапқан жақсы ма, әлде білімі мен біліктілігінің арқасында әлемдегі атом электр стансаларын салуға атсалысып, содан қыруар пайда тапқан жақсы ма? Және осы жаңа салынбақ атом электр стансаларына қажетті ядролық отынды «Қазатомпром» қамтамасыз етіп, Қазақстанға орасан зор пайда әкелгені жақсы емес пе?

– Әрине, жақсы. Дегенмен дәл қазір ел-жұрт Мұхтар Жәкішевтің алдағы тағдырына алаңдап отыр. Сіз Мұхтарды бір кісідей біледі екенсіз. Шыныңызды айтыңызшы, досыңыз саясатқа қызығушы ма еді? Қандай да бір саяси ойлары болды ма?

– Ешқандай саяси ойы, жоспары болған емес. Ол уран саласында Қазақстан мен «Қазатомпром»  мүддесін қорғады. Оның басты ойы, негізгі мақсаты осы болатын. Мұхтар өзі үнемі: «Мен үздік менеджермін» дейтін.

Шындығында, ол солай еді. Жерде жатқан компанияны көкке көтеріп, әлемдегі ең беделді орынға айналдыруының сиқыры да содан. Ол жетістікке жету стратегиясы мен тактикасын дұрыс жолға қойды. Және алға қойған мақсатына жету үшін қызметкерлеріне сенім ұялата білді. Ол өте білікті, білімді, ұстамды және әділ басшы. Ешкімнің еңбегін жемеді.

Әлдекімнің аяғынан шалып кетіп, артынан «кешірші, бұл бизнес қой» дейтін сорақы әдеті болған емес. Оның не үшін қамалғанын мен де, компания қызметкерлері де түсінбей отырмыз.

– М.Жәкішев М.Әблязовпен өте жақын дос деген сөз рас па?

– Біз бәріміз ҚазҰУ-де, кейіннен Мәскеудегі физика-инженерлік факультетінде де бірге оқыдық. Жақын доспыз.

– М.Әблязовтің үстінен қылмыстық іс қозғалғанда М.Жәкішев одан теріс айналып кеткен жоқ па?

– Жоқ. Мұхтардың ондай иттік мінезі, пиғылы жоқ. Ол пайда үшін арын сатып, азаматтығын былғайтын адам емес. М.Әблязовтің басына күн туғанда, онымен дос екенін Мұхтар жасырған жоқ. Сол жылдары ол Энергетика және минералды ресурстар министрлігінде вице-министр болатын. М.Әблязовтің ісінен кейін оны «Қазатомпромға» қайта жіберді. Менің ойымша, М.Әблязовпен достығы оны вице-министрліктен кетірткен секілді.

– Осы сұрақты қоюымның бір себебі бар: М.Әблязов түрмеден шығар кезде М.Жәкішев М.Әблязовтің саясатпен айналыспайтынына президентке өзін кепіл ретінде қойыпты деген сөз бар…

– Иә, ондай жағдай болды. Және М.Жәкішев азаматтық танытты. Неге десеңіз, М.Әблязовті мен де бір кісідей жақсы білемін. Оның негізсіз айыппен түрмеде жатқаны ақылға сыймайтын оқиға болды. М.Әблязов сотының бір отырысына да қатысқан едім.

Сол отырыста Әблязовті Қазақстанның Өзбекстан алдындағы қарызын жеке компанияның мойнына аударды деп айыптады. Меніңше, мемлекетті қарызынан құтқарғаны үшін М.Әблязовті марапаттау керек еді.

Сосын басшылық қызметте жүріп телефонмен шамамен 400 мыңдай теңгеге сөйлесіп тастады деген де күлкілі айып емес пе еді? Себебі дүрілдеген бизнесі, миллиондаған қаржысы бар адам 400 мың теңге ұрлай ма?

Жорамалға сүйенсек, Мұхтар Әблязовтың шетелге кетіп қалуы Мұхтар Жәкішевті қамауға алуға түрткі болған болар. Алайда мен түрлі жорамалға емес, қандай да бір нақтылыққа арқа сүйегім келеді. Алайда бүгінгі күнге дейін оны қамауға алатындай қандай да бар себепті көріп тұрғам жоқ…

 

(Ықшамдалып алынды)

2009 жыл

Тағы оқыңыз:

Тайжан: “Қазақстанды бай да бақуатты елге айналдырудың жолын білемін”