Back

Арон Атабек: “Ұлтшылмыз деп жүрген біраз азамат бізді сатып кетті”

Арон Атабектің абақтыға қамалар алдындағы осы сұхбатын архивте шаң басып жатқан жерінен аршып алдық. Шаңырақ оқиғасынан бұрын «Азат» қозғалысы құрылған жылдарды еске алған ақын, диссидент, саяси һәм қоғами қайраткер Арон Атабек тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы алмағайып кезеңге егжей-тегжейлі тоқталған екен.

  Саясатқа қалай келдіңіз? Соны айтып өтсеңіз?

– 1989 жылдың тамыз айында «Жерұйық» атты тарихи-этнографиялық бірлестік құрылды. Бұл Қазақстандағы ең алғашқы ұлттық-патриоттық бірлестік еді. Біз оны заңды түрде тіркете алдық. Мен осы бірлестіктің директоры болып сайландым және өзімнің 50 мың рублімді оған жарна ретінде салдым. Біраз мәдени-идеологиялық шаруалар да тындырып үлгердік.  Жігіттер жалақы алып жүрді.

Сөйтіп, қараша айы да келіп қалды.

Сондағы бір жиналыста біз мынандай шешімге келдік:

қазақта намыс болса Желтоқсан оқиғасының 3 жылдығын қалай болса да атап өтуіміз керек! 3 жыл бойына Қазақстанда Желтоқсан оқиғасы туралы бірде-бір адам жұмған аузын ашқан емес еді. Депутаттар да, академиктер де, жазушылар да, лауреаттар да – бәрі де бұғып жата қалған.

Біз өзіміз, Желтоқсанға қатысушылар,  ұсталғандар,  түрмеден сытылып шыққанда із адастырып,  ойда-қырда жан сауғалап жүргенбіз.

Екі жылдан соң енді Алматыда қауышып, қой да өлер алдында тұяғын серпиді ғой! Шындықты әлемге жеткізейік, сөйтіп шейіт болған Желтоқсандағы жолдастарымыздың аруағын бір риза қылайық дедік. «Қазақтың намысын оятайық» деп, қан төгілген алаңда ас берейік деп уәделестік.

Тағы оқыңыз:

Күршімде туған қазақ баласы Google компаниясына жұмысқа тұрды

Мен қасымда Серік Есімбеков деген жолдасым бар, екеуміз горисполкомға кірдік.

Ол кезде Заманбек Нұрқаділов басшы, оның орынбасары Жібек Әмірханова деген кісі бізді қабылдады.

Сөздің төркінін бірден ұққан ол кісі Заманбек Нұрқаділовке біздің көзімізше телефон соқты: «Здесь какие-то жеруйыковцы пришли, требуеть провести площади Ас в честь 3-х летие Желтоксана» деп жар салды. Ол кезде коммунист-шенеунік Заманбек Нұрқаділовтың не айтатыны белгілі ғой, Жібек апамыз трубканы қоя салып: «Все ребята, ваш «Жеруйык» закрывается, мы придем к Вам с комиссией» деді. Ертеңінде офис толған милиция мен КГБ-ның адамдары, Жібек бастаған топ жігіттерімізді қорқытып жүр. Өкінішке қарай, сол кезде ұлт-патриотпыз деп жүрген біраз азаматтар бізді сатып кетті.

Жиналыста олар бізге мұндай Ас берудің қажеті жоқ деп шықты. Жібектің азғыруымен – Тоқтасын Өмірзақов, Әбдірахман Ұматаев, Ғарифолла Әнес, Дәурен Сатыбалдиевтар басқарған топ менің үстімнен Бас Прокуратураға, ОБХСС-тың атынан жазылған арызға қол қойды. Арон Атабек үкіметтің ақшасын жеп жатыр деп.

Ойбай, 50 мың рубль өзімнің ақшам ғой дегеніме қарамай мені түрмеге қамауға тырысты.

Сонда Қалдыбай Әбенов, Серік Есімбеков, Салтанат Ермекова, ағайынды ұста Құлменовтер, желтоқсаншылар – Жармұхаммед Тілегенов, Құлман Қалмұратов бастаған топ қарсы арыз жазып, мені ақтап алуға тырысты. Сөйтіп, «Жерұйығымыз» жабылды. Бірақ біз уәдемізге берік болдық.

Ас өткізу үшін режиммен күресе бердік. Сол кезде «Желтоқсан» атты қоғам да дүниеге келді. Оны ұйымдастырған кинорежиссер Қалдыбай Әбенов екеуміз.

Түрмеден шыға бастаған жігіттерді қарсы алып, қаржылай көмек беріп, бәсеңдеген жігерін рухтандырып, елге «міне, сенің батырларың» деп жүрдік. Сөйтіп,  «Жерұйық» пен «Желтоқсан» бірлесіп, басқа да бейресми ұйымдар тарапынан қолдау тауып («Кәусар бұлақ», «Азамат» және т.б.) – Асқа ресми рұқсат берілмесе, онда біз бүкіл Қазақстанды жаппай ереуілге шығарамыз деп режимді қорқыта бастадық. 

Мен өзім осы жөнінде үндеу жазып, оны нелегальды (заңсыз) бір ротопринтте 2 мың данамен басып шығарып, бүкіл республикаға тараттық!

Содан кейін бізді режимнің лауазымды адамдары кабинеттеріне шақырып алып, сөйлесетін болды.

Біз келіссөзге 5 адам болып барып жүрдік. Олардың аттарын атамаса тарих алдында күнә: кинорежиссер Қалдыбай Әбенов, композитор Хасен Қожахметов, заңгер Аманжол Нәлібаев, актер Бақытбек Иманқожаев және мен. Төменгі сатыдан бастап біз ҚКП-ның идеология бойынша хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке дейін көтерілдік. Мәскеуден келген ақын ағамыз Мұхтар Шаханов қасымызда болды. Сафуан Шаймерденов бізге батыл қолдау көрсетті.

Ал сол кезде Тбилисиде грузиндер көтеріліп жатты. Ұзын сөздің қысқасы, 1989 жылы 13 желтоқсанда біз Қазақстандағы алғашқы Желтоқсан құрбандарына арналған митингіні Алматы медицина институтының залында өткіздік. Одан кейін басқа институттарда да және алаңда да осындай митингілер ұйымдастырдық.

 Сол кезде құрылған «Азат» қозғалысына тоқтала кетсеңіз?

–  Менің ойымша, «Азат» тікелей ҚКП-ның нұсқауы бойынша құрылған саяси күш. Осы қозғалысқа жетекшілік еткен Коммунистік партияның лауазымды шенеунігі, ҚКП-ның мәдениет бөлімінің меңгерушісі Михаил Иванович Исеналиев деген жолдас болды.

Қасына либеральдық идеяға берілгендер жиналды: Марат Шорманов, Сәбетқазы Ақатаев, Жасарал Қуанышәлин және басқалар. Бір кезде «Желтоқсанын» тастап, олардың жанынан Хасен Қожахметов те табылды. Содан кейін ішінара бәсеке басталды.

Тағы оқыңыз:

Даниал Ахметов: “Бірде-бір көпбалалы отбасы баспанасыз қалмайды”

Ақыры біртұтас «Азат» қозғалысы ішінен «Азат» партиясы пайда болды. Оған жетекшілік еткен Хасен мен Сәбетқазы өзара қырқысып, партия мен қозғалысты екіге бөліп жіберді. Берірек келе Азат қозғалысын Төлеубек Сейітқалиұлы да басқарды.

– Өзіңіз негізін қалаған «Алаш» партиясы құрылмастан бұрын «Азат» қозғалысымен қарым-қатынасыңыз қандай болды?

– «Алаш» партиясы Азат қозғалысынан жарты жыл бұрын ерте құрылған болатын, ал ол кезде мен әлі құрыла қоймаған «Азат» басшыларымен жақсы қарым-қатынаста едім.  

С.Ақатаймен Жазушылар одағы маңында таныстық, оған қоса «Жерұйықпен» жиі байланысып тұрды. Б.Дәрімбетпен 70-жылдары кино саласында бірге қызмет атқардым. Михаил Иванович болса, сол кездері ол ҚКП Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі ретінде Мемлекеттік кинода кураторымыз болған еді. Мен олармен кейін партиялық байланыстарымыз алшақтап кетсе де жақсы қарым-қатынаста болдым деп айта аламын.

 «Азат» қозғалысы мен «Алаш» партиясының мақсаттары ортақ болды, бірақ жұмысқа келгенде неге келіспеушіліктер орын алды?

–  Барлығында Қазақстанның тәуелсіздігіне қол жеткізу мақсаты болды. Бірақ, олар осы тәуелсіздікті КПСС-тің жаңарған түрінің шеңберінде көрді.

Бұл қазіргі биліктің қолынан өте жақсы келді, сондықтан біз қолда барға қарауымыз керек болды. Қандай түске бояса да сол Компартия өз мәнін жоймай отыр.

Біз сол кезде коммунистік режимнен толықтай бастартуды талап еткен, радикалды және тарихи заңды жолды ұсынған едік. Сондықтан да «Алаш» пен «Азат» ортақ тіл табыса алмады. Мен бұл жерде «Бірігу үшін бөліну керек!» деген Лениннің пікірін  толықтай қолдаймын.

– Мүмкін, бұл екі саяси күштің бірігіп жұмыс істей алмауына соның тізгінін ұстаған басшылар кінәлі шығар?

– «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды», сондықтан көшбасшылар арасында келіспеушіліктің туындауы – заңдылық. Бұл арада жоғарыда атап өткен саяси ұстанымдардың айырмашылығы үлкен рөл атқарды.

– Өзіңіз кейінгі тағдырыңыз жайлы айта отырсаңыз?

– Менің үстімнен қылмыстық іс қозғалды, түрмеге бірнеше рет жабылдым, жігіттер мені қорғап, «подпольный» пәтерде ұстады. Тек үлкен митингілер болғанда ел алдына шығартып, сөйлететін. «Алаштың» барлық саяси құжаттары, үндеулері, жоспарлары сол «подпольеде» жазылған-ды. Бішкек қаласына барып паналаған кезім де болған.

 «Нам тебя отдали на отстрел, но мы в душе были за тебя, потому ты и остался в живых,  диссидент». Осы сөзді маған эмиграциядан келіп, тауда аш жатқанда, КГБ-ның отставной майоры айтып еді. Бәлкім, рас та шығар!

Ақыры осы репрессиялардың кесірінен 1991 жылдың ақпан айында Мәскеуге кетуге мәжбүр болдым. Оның алдында 89-жылдан бастап неше түрлі үндеуді өзім жасап, шығарып жүрдім. 90-жылдың көкек айында «Алаш» деген нелегальды газет шығардым. Оны Прибалтика елдеріне бастырып, Қазақстанға жеткізетінбіз.

Мәскеуде «Алаш и казахская нация» деген еңбегімді брошюра қып 100 мың данамен шығардым, оны жігіттер бүкіл Қазақстанға таратты. Бұл «Алаш» партиямыздың негізгі саяси-идеологиялық құралы болып табылған. Одан кейін «ХАК» газетін Мәскеуден тіркеп, оны заңды түрде шығардым (өкінішке орай, заңды болса да бұл газет үкімет тарапынан үнемі кәмпескеленіп отырды).

Мен жоқта «Алаштың» біраз жігіттері радикалды ислам деген ауруға шалдыққан. Олар Қазақстан мүфтиі Рәтбек Нысанбаевты орнынан кетіреміз деп, мешітте «төңкеріс» жасамақ болған.

Бұл аса үлкен саяси қателік деп мен сол кездің өзінде мойындадым және қазір де сол ойдамын. Алыста болсам да, Мәскеуде жүрсем де маған ұйымдастыру ретінде кінә тағылды.

Бір күні Мәскеудегі пәтерімнің есігін бұзып, бір взвод ОМОН сау етіп кіріп келді. Артынан бір қазақ пен бір орыс күлімсіреп кірді. Бірі – Республика прокуратурасының  аға тергеушісі Қошанов, екіншісі МВД-ның полковнигі – Семенов.

«Сен «ХАК» газетінде президентімізге қарсы мақала жарияладың» деп, мені құрсаулы күйімде Алматыға әкетпекші болған.

Бірақ  Мәскеуден саяси адамды алып шығу оңай шаруа емес. Бүкіл БАҚ наразылық білдірді,  Хельсинки  ВОТЧ секілді халықаралық ұйымдар да араласты. Ресейдің генпрокуратурасы істі тексерді.

Ақыры мені алып кетуге рұқсат берілген жоқ. Бірақ халықаралық жағдайды ушықтырмас үшін маған басқа елге көшіп кетіңіз деген өтініш-бұйрық түсті.

Біраз елдер мені саяси қуғын ретінде қабылдауға ыңғай білдірді. Олардың ішінде Сауд Арабиясы, АҚШ және Германия да бар. Бірақ мен алыс шетелге баруды қаламадым – Отаныма қайтып оралатыныма күмәндандым. Оның үстіне жолдас болған Алмас Естековтің тағдыры көз алдыма елестеді. Ол жігіт бір кеткеннен мол кетті, бәлкім, қазір Америкадағы дәулетті адам болған шығар, бірақ оның «Алаш» партиясына, Отанына еш пайдасы болмады.

Сол кезде маған Әзірбайжан президенті Абульфаз Ельчибейден шақыру келді,  Мәскеудегі елшісі арқылы. Сөйтіп, мен бұл да қазақ басқан жер ғой деп, Әзірбайжанға саяси қуғындалған адам ретінде кете бардым. Отбасыммен бірге. Бірақ бұл бөлек әңгіме…

Әңгімелескен, Есбол  Өміржанов

2006 жыл.

Тағы оқыңыз:

Батырхан Дәрімбет: “Президентті патша деу Рәтбек қажыдан басталған…”