Back

Жетісуда балабақшаға портал арқылы кезекке қою ісі жанданған

Жақында Алматы облысы әкімдігі жанынан құрылған «Жетісуадалдық алаңы» жобалық кеңсесінде мектепке дейінгі балаларды балабақша кезегіне қоюды автоматтандыру және оның мүмкіндіктері туралы мәселе талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев қатысты.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде облыста E-ZHETYSU.KZ порталы іске қосылды. Аталған порталды әзірлеу мақсатында облыс бюджетінен 58,1 млн теңге жұмсалған. Портал арқылы мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезекке қоюды жеделдетуге мүмкіндік бар. Бұл мәселеге ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев кеңінен тоқталды.

– Қазіргі таңда балабақшаға балаларды орналастыру мәселесі оң шешімін тапқан. Облысымыздағы барлық аудан, қалалар мен елді мекендерде балабақшалар жұмыс істеп тұр. Араға адам салып, білім басқармасына өтініш білдіріп немесе балабақша басшылығымен ымыраласудың қажеті жоқ. Кез келген ата-ана балабақша кезегі туралы барлық мәліметті аталмыш портал арқылы анықтай алады. Ол үшін заманауи техника құралының тілін біліп, өз кілтін сайтқа жүктесе жетіп жатыр. Алматы облысында 1169 мектепке дейінгі балалар ұйымы болса, қазір соның 90 пайызы толығымен осы е-zhetysu.kz порталы арқылы жұмыс істеп тұр. Жүйені таныстыру, насихаттау мақсатында 20 мыңнан астам ақпараттық буклет шығарылып, білім бөлімдері мен ата-аналарға таратылып жатыр, – деді ол. Сондай-ақ цифрландырудың игілігінің бірі сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттерге жол бермейтіндігі екенін де атап өтті.

Қазіргі таңда облыста балаларды балабақшамен қамту деңгейі 98,5%. Биылғы жылы тағы 66 жекеменшік балабақша ашудың арқасында облыстағы қамту көрсеткішін 100%-ке жеткізу көзделіп отыр.