Back

Талғарға 24,2 млрд теңге инвестиция тартылған

Таяуда Талғар ауданы әкімдігінде Талғар аудандық мәслихатының кезекті 48 сессиясы өтті. Отырысқа аудан әкімі Рыскелді Сатбаев, аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы және аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, мәслихат депутаттары, бөлім мен мекеме өкілдері, қала, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Кезекті сессия барысында Талғар ауданының әкімі Сатбаев Рыскелді Ахметқалиұлы өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі аудандық мәслихат депутаттары алдындағы есеп берді. Сонымен қатар Талғар аудандық ветеринария бөлімінің аудан бойынша ауыл шаруашылығы малдары ауруларының алдын алу және емдеу жөніндегі жұмыстардың есебі тыңдалды.

Өз кезегінде аудан әкімі Рыскелді Сатбаев ағымдағы жылдың алты ай ішінде атқарылған жұмыстар жайында тұшымды есеп берді. Өз сөзін бюджеттің орындалуынан бастаған аудан басшысы бюджет қоржынына 24,9 млрд теңге салықтық түсімдер жиналып, жоспар 101,5 пайызға орындалғанын жеткізді. Оның ішінде республикалық бюджетке – 20,0 млрд теңге (жоспар 100,3 пайыз), жергілікті бюджетке 4,9 млрд теңге түсімдер жиналғанын (жоспар 106,5 пайыз), жалпы аудандық бюджеттің түсімдері 2,0 млрд теңгені құрап, жоспар 104,5 пайызға орындалғанын айтты.

Шығындар көлемі 13,0 млрд теңгені құрап, 100 пайызға орындалған. Осыдан соң әр салаға жеке-жеке тоқталып, атқарылған жұмыстармен қатар алға қойған келелі міндеттерді де қамтып өтті. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта кәсіпкерлік, құрылыс, инвестиция, инфрақұрылым, әлеуметтік сала, оның ішінде білім, денсаулық, жұмыспен қамту, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларына әлеуметтік көмек көрсету, құқық қорғау, спорт салалары да толықтай қамтылды.

Айта кету керек, бүгінгі таңда көпбалалы отбасыларының әлеуметтік жағдайын жақсарту үкіметтің алдында тұрған келелі мәселенің бірі. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқаны да жан-жақты сөз болды.

– Ауданда 3551 көпбалалы отбасылар бар. Барлық ауылдық округтерде мәртебесін анықтау үшін «Е-Халық» бағдарлама орнатылған. Көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету үшін бюджеттен 642 млн теңге қосымша бөлінген. Бүгінгі күні 2862 көпбалалы отбасыларға 470 млн теңгеге мемлекеттік әлеуметтік көмек төленген. Алтын құрсақ аналарымыздың қоғамдық жолаушылар көлігінде тегін жол жүруіне 91,8 млн теңге қарастырылды. 2019 жылдың 6 мамырынан бастап 2733 көпбалалы аналар барлық ауыларалық, қалааралық көліктерде тегін жүргізілуде, – деді аудан әкімі.

Бүгінгі таңда қарапайым халықтың мұқтажына айналған баспана мәселесі де өткір тұрғаны анық. Осыған орай әкім есебіндегі көрініс тапқан құрылыс, инвестиция салалары бойынша келтірілген мәліметтер де көңіл көншітеді.

– Аудан экономикасын дамытуға 24,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 6,5 млрд теңгеге жеткізіліп, нақты индекс көлемі 160,1 пайызды құрап отыр. 81,3 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді (өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп). Талғар қаласында «Нұрлы Жер» бағдарламасымен 60 пәтерлі 5,4 мың ш.м. құрайтын несиелік тұрғын-үй құрылысы аяқталды.Талғар қаласында 1,7 млрд теңгеге 6 көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын аяқтау 2020 жылға жоспарланған, – деді аудан әкімі өз баяндауында.

Ал аудандық мәслихаттың депутаты Сұлтан Нұрдәулетов аудан әкімінің есебіне қанағаттанатынын білдіре келе, «Талғар – Алматы» күре жолын кеңейту мәселесіне жіті көңіл бөлуін, сонымен қатар Қызыл Ту, Төңкеріс ауылдары мен Қайнар, Нұра ауылдық округтері аумағын газдандыру жұмыстарының тұралап қалғанын айтып, бұл мәселені де назарға алуын сұрады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – аудан бойынша ауыл шаруашылығы малдары ауруларының алдын алу және емдеу жөніндегі жұмыстары бойынша аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Рашид Смаиловтың есебі тыңдалды. Бүгінгі күнге аудан аумағында ешқандай аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмегенін алға тартқан бөлім басшысы 6 ай ішінде атқарылған жұмыстарды жіпке тізгендей тарқатып берді.

Диагностикалық жұмыстар және ветеринарлық- профилактикалық іс-шаралар алдын ала бекітілген жоспарға сай жүргізіліп жатқанын, жергілікті атқарушы органның бас мамандары ветеринарлық стансасының ветеринария дәрігерлерімен бірлесе отырып, аудан аумағында диагностикалық, аллергиялық тексерулердің, эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру жұмыстарының жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.

Қаңғыбас, иесіз иттерді аулау мәселесіне қатысты іс-шаралар туралы да толық мағлұмат берді. Ветеринария бөлімінің есебі назарға алынды.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің атқарған жұмыстары бойынша есеп беру үшін мінберге көтерілген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жәден Байсбаев ағымдағы жылдың 1-жарты жылдығында жүзеге асырылған әлеуметтік мәселелерді жүйелей жеткізді. Жаңа форматтағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі, біржолғы материалдық көмек, ҰОС ардагерлеріне коммуналдық қызметтеріне бөлінетін әлеуметтік көмек, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатындағы атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі, нақты цифрлар мен дәйекті деректер келтіре баяндады.