Back

Орта Азия цифрлық технологияға қашан көшеді?

Бүгінгі таңда өміріміз түгелдей цифрланған. Цифрландыру бүгінгі күннің – тренді. Орта Азия елдері де керуеннен қалыспай цифрландыру бағытында тұтас бағдарламалар қабылдауда. Алайда олардан нендей, қандай нәтиже бар?

Dalanews.kz осы орайда Орта Азия елдерінің цифрландыру бағытындағы атқарған және атқармақ жұмыстарына шолу жасап өтті.

Аймақ елдерінің цифрландыру көрсеткішін салыстырар болсақ мұнда Қазақстан көш бастап келеді. Сөзіміз негізсіз емес, айтарымыз анық болу үшін цифрландыру бағытындағы  Internet World Stats сайтының сараптасын сүзіп шықтық.

Сайт дерегінше Қазақстан тұрғындарының 76,4 пайызы интернеттің «құлағында» ойнайды. Дәл осы көрсеткіш бойынша аймақтағы өзге елдер Қазақстаннан қалыс қалып тұр.

Айталық, Өзбекстанда интернетті халықтың  – 47,7 пайызы, Қырғызстанда  – 40 ,7 пайызы, Тәжікстанда –  33,1 пайызы және Түркіменстанда – 17,9 пайызы тұрақты қолданады екен. 

Цифрландырумен сабақтасып жатқан ақпарттық-коммуникациялық технологиялардың даму индексі санатында да Қазақстан Орта елдерінің ішінде үздік.

11 көрсеткіш бойынша бағаланатын аталған индекстің негізгі талабы қоғамның ақпарттық-коммуникациялық технологиялары қаншалықты игергені.

Бұл рейтингте Қазақстан әлем бойынша 52-ші орында. Өзбекстан – 95, Қырғызстан – 109-шы орында тұр. Тәжікстан мен Түркіменстан аталған тізімге енбеген.

 Электронды Үкімет? Кім қай орында? 

Қазақстан Орта Азия елдерінің арасында алғашқы болып Электронды үкіметті іске қосты. Соның нәтижесінде БҰҰ-ның Электронды үкіметті дамыту индексінде 28-ші орынға көтерілді.

Түсінікті тілмен айтқанда, электронды үкімет халықтың компьютер, интернеттен бастап ақпарттық-коммуникациялық технологиялардың ел өміріне кірігу деңгейін, онымен байланысты адам капиталын түгелдей қамтиды. 

Электронды үкімет рейтингісіндегі өзге аймақ елдерінің көрсеткіші көп төмен. Өзбекстан мен Қырғызстан бұл рейтингіде тиісінше 100 және 100-ші орын алған. Түркіменстан мен Тәжікстан – 128 және 128-шы орындарға жайғасқан.

«Жалпы айтқанда аймақ елдерінің электронды үкіметті енгізгеніне көп бола қойған жоқ. Сондықтан да оның нәтижесіне туралы айтуға әзір ерте. Интернет қолданушылар санының төмендігі де электронды үкіметтің белсенділігіне кері әсер етуде.

Халықтың компьютерлік сауаты артқан сайын электронды үкіметке деген сұраныс артып, талап күшейеді» – дейді бұл орайда саясаттанушы Санат Көшкімбаев.

Ал Гарвард университетінің түлегі, қырғыз ІТ маманы Талант Сұлтановтың айтуынша аймақтағы бірқатар елдердің интернет кеңістігінде тәуелсіздік жоқ.

«2017 жылы қырғыз провайдерлері транзитті ресей интернетіне бағаны көтеріп жіберген қазақстандық ұялы байланыс операторларының әрекетінен қиындыққа тап болды. Ал мұндай оқиғалардың болашақта қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Бұл орайда Digital CASA деп аталатын трансшекаралық телекоммуникациялық желі жобасының әлеуеті мол. Бұл жоба жүзеге асар болса Орталық және Оңтүстік Азияны біртұтас сандық хабқа біріктіреді.

Қырғызстан қазіргі таңда аталған жобаға қызығушылық танытып отыр. Өзбекстан мен Тәжікстан да жобаға қосылуға құлықты. Бұдан бөлек қазіргі уақытта Қырғызстанда 2019-2023 жылдарға арналған «Цифрлы Қырғызстан» бағдарламасын қабылдау жоспарда бар», – дейді ол.  

Дүниежүзілік банктің ақпарттық-коммуникациялық технологиялар бойынша аймақтағы өкілі Ұран Есенгелдиевтің пікірінше Орта Азияның өз ішінен шыққан кәсіпкерлер цифрлық технологияларға инвестицияға құюға әлі де болса күдікпен қарайды.

«Бұл негізсіз күдік. Соңғы 20 жылдағы цифрлы технологияларға құйылған 1 доллар жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 20 долларға өсуіне себепші болды. Ұзақмерзімді тұрғыдан цифрлы технологияға қаржы құю, цифрлы емес салаға инвестиция құйғанға қарағанда 6,7 есе тиімді», – дейді ол.  

Цифрландыруды жүрдектету бағытындағы аймақ елдерінің бағдарламалық құжатына да тоқтала кеткен жөн. Орта Азия елдері осы бағытта арнайы стратегия әзірлеп, жүзеге асыруда.

 

Қазақстан

Қазақстан осыдан екі жыл бұрын «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын қабылдады. Бағдарламаның пайдалылығы қазірден-ақ байқалып отыр.  Бүгінде елдегі 746 қызметтің 447-сі электронды түрде беріледі.

2021 жылға дейін электронды қызмет деңгейін 80 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

«Ақпараттық жүйелерді біріктіру нәтижесінде ел тұрғындарынан 40 миллион анықтама сұралмайтын болады. Электронды қызметті дамыту анықтамаларды, лицензияларды, рұқсатнамаларды жылдам алуға мүмкіндік береді. Кәсіпорындарды ашу да жеңілдей түседі. Бағдарламаны жүзеге асыруға 141 млрд теңге бөлінген», – дейді бұл ретте Үкіметбасының орынбасары Асқар Жұмағалиев.

Ал Ақпарат министрі Дәурен Абаевтың айтуынша цифрлық трансформация барлық салада жүргізіледі. Білікті мамандарға сұраныс артады. Осыған орай, техникалық мамандықтарға 11 мың грант бөлінеді. Бұл қосымша мамандарды даярлауға серпін бермек.

«Бұдан бөлек, университет студенттеріне арналған жаңа бағдарлама енгізіледі.  Бағдарлама өнеркәсіп өкілдерімен бірге әзірленеді. Оқушылар үшін тегін бір мың ІТ-сынып және 20 ІТ-орталық жобасы іске асырылуда. Қазір Қазақстанда цифрландыру кеңселері құрылған. Қазіргі уақытта министрліктер мен әкімдіктерде 36 кеңсе орналасқан», – дейді ол.

Қырғызстан

Осыдан екі жыл бұрын Қырғызстанда «Таза Коом» деп аталатын жоғарытехнологиялық жобаның тұсауы кесілді.

Жобаның мақсаты мемлекеттік аппараттың жұмыс өнімділігін арттыру, халықтың тұрмысын түзеу және жоғары технологияларды ендіру арқылы бизнестің тамырына қан жүгірту.

Сарапшылар пікірінше тұсауы кесілген екі жылдың ішінде мемлекеттік жоба біраз шаруаның басын шалған. Осы аралықта Қырғызстанда «гибридті почта», әуежайларға арналған «электронды қақпа», «электронды кезек» секілді қызмет түрлерін жеңілдететін технологиялар өмір мен өндіріске кіріктірілген.

Алайда соңғы уақытта аталған жобаны жүзеге асыруға қатысты қиындықтар пайда болды.

Былтырғы жылы «Ақылды қала» жобасын жүзеге асырып жатқан Қытайдың «Huawei Technologies» компаниясы мен мемлекеттің арасындағы келісімшарт үзілді. Ал «Ақылды қала» жобасы «Таза Коом» бағдарламасына кіретін негізгі бағыттың бірі болатын.

Ақырында қырғыздар жобаны өз күштеріне сеніп әрі қарай жалғастыратынын хабарлады. Үкімет басындағылардың айтуынша бағдарлама жалғасын табатын болды. Ал сарапшылар пікірінше «Таза Коомның» көздеген мақсатына жетер-жетпесін болжап айтуға әзір ерте. Бұдан бөлек қазіргі уақытта Қырғызстанда 2019-2023 жылдарға арналған «Цифрлы Қырғызстан» бағдарламасын қабылдау жоспарда бар.

Өзбекстан

Өзбекстанда ақпараттық-коммуникалық технологияларды дамыту бойынша мемлекекеттік бағдарлама қабылданған.

Ел президенті Мирзияев әр жылдары шетелге кеткен өзбектің ІТ мамандарын елге шақырып, осынау жоба аясында электронды үкіметті дамытудың 3 жылдың стратегиясы әзірледі. Соның негізінде Өзбекстанда «ақылды» және өмір сүруге «қауіпсіз» әрі «қолайлы» қалалардың пайда болуына септесетін жобалар жасалуда.

Цифландыруға келгенде өздектер аймақтағы ағайындарынан оза шапқанды көздейді.

Қазірдің өзінде Өзбекстанда инновациялық орталықтың қабырғасы қаланып қойды, электронды үкімет (оның ішінде Өзбекстан президентінің виртуалды қабылдау бөлмесі) қарқынды дамуда, тіркеуге тұрып, анықтамалық құжат алу секілді көптеген қызмет түрлерінің 60 пайыздан астамы электронды жүйеге көшкен.

Сарапшы Рүстем Жансейітовтың айтуынша Өзбекстан әзірге цифрландырудың алғашқы сатысында тұр.

Дегенмен ел басшылығы цифрландыру бағытында көрші Қазақстанда атқарылған шаруаларға қарап, бұл бағытты нәтижелі қадамдар жасады.

Тәжікстан

Тәжікстандағы аймақтағы көршілерінен қалысқысы жоқ. Үкіметті цифлық технологияларға көшірудің тәжік билігі осыдан 7 жыл бұрын бастап кеткен. Елде 2012-2020 жылдарға арналған Электронды үкіметті құрудың тұғырнамасы қабылданған.

Электронды үкіметті жасақтауды аймақта алғашқы болып қолға алған Тәжікстан билігі осы уақытқа дейін бағдарламаның екі кезеңін еңсерді.

Десек те, атқарылған жұмыстың нәтижесі аздау. Тәжікстан бұл санаттағы рейтингілерде әлі де болса көш соңында келеді.

2017 жылғы интернет пен желілік дайындық индексінде Тәжікстан 143 мемлекеттің арасында 113-ші орын алды.

«Солай бола ел басшылығы цифрландырудың маңызын жете түсініп отыр. Талпыныстары бар және осы бағытта көптеген маңызды бастамаларды  алды. Дегенмен цифрландыру жәй ғана сөз емес, үлкен қажыр-қайратты қажет ететін ауқымды жұмыс. Бүтін бір мемлекет толық цифрлану үшін ең алдымен елдегі адам капиталына көңіл бөлу керек», – дейді бұл ретте Dalanews.kz тілшісімен тілдескен Душанбедегі ақпараттық және коммунициялық технологиялар орталығының ІТ маманы Зафар Муродов.

 

Әзірлеген, Ләйлә БОЛТАЕВА