Back

Павлодарда Қытайдан келген қандасымыз қызанақтың жаңа түрін өсіруде

Май ауданына қоныстанған Нұрболат Рымбекұлы жылыжайында қызанақтың жаңа түрін өсіруде.

 «Есенкелді» шаруа қожалығын басқарып отырған азамат жылыжайда көкөніс өсірумен 27 жылдан бері шұғылданып келеді.

5 жыл бұрын Қытайдан Көкшетауға, бұдан кейін 2018 жылы отбасымен Павлодар облысының Май ауданына қоныс аударған.

Кәсіппен айналысуды жөн көрген ол өзінің шаруа қожалығын құрып, 1000 шаршы метрге жуық екі жылыжайында қияр мен қызанақ өсіруді қолға алған.

– Мамандығым – агроном, – дейді Нұрболат Рымбекұлы. – Қолымнан келетін іспен шұғылданамын. Қияр, қызанақпен қоса, аздап бұрыш егемін. Өнімдеріме ешқандай химиялық дәрі-дәрмек қосылмайды. Ауылдың таза өнімі. Жергілікті халықтан сұраныс көп. Жерді жалға алып, жұмысқа кірістім. Әкімдік электр желісін тартып берді. Кәсіпкерлер палатасы барлық құжаттарыма көмектесуде. Билік барынша қолдау көрсетіп жатыр.

Шаруа қожалығы 7 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнімінің бағасы да халыққа қолжетімді. Қиярдың келісін 200 теңгемен саудалауда. Қызанақ енді пісетіндіктен әлі сатылымға шықпаған. Сатылымға шыққанда базардағыдан төмен баға қоймақ. Қазіргі уақытта күніне 60-70 келі қияр алады. Өнімді сатып алушылар аудан мен ауылдардан келіп алып кетеді.

Жылыжаймен қоса, 5 гектар жерге бұрыш, қырыққабат, қауын сияқты түрлі көкеністер еккен. Қызанақтың сортын агроном өзі қалыптастырған. Екі түрлі тұқымнан будандастырып жаңа өнім алып отыр.

– Голландиялық күлгін қызанақ пен кішкентай сопақ қызанақты будандастырдым, – дейді Нұрболат Рымбекұлы. – Жаңа түр солтүстік өңірге қолайлы. Бұл жақта жел қатты соғатындықтан аласа өсетін қызанақ ыңғайлы. Менің будандастырып алған қызанағым жерде жатып өседі. Суыққа төзімді. Пішіні сопақ және домалақ болып келеді. Бұл бір рет қана будандастырып алғаным. Екі-үш реттен кейін қалыпқа келуі тиіс.

Қожалық иесінің жұбайы «Бастау бизнес» жобасымен оқып, мемлекеттік грантқа ие болған. Грант қаржысына инкубатор сатып алған.

– Инкубатормен 20 күнде 80-90 қаздың балапаны шығарылады, – дейді Нұрболат Рымбекұлы. – Оны жергілікті тұрғындар өздері алып кетеді. Бүгінде ұлым да кәсіпкерлік курсынан өтіп, грантқа құжаттарын дайындауда. 21 жастағы ұлыма шаруашылықтың қыр-сырын үйретіп жүрмін. Бұдан былай шаруаны ол жүргізеді. Нұрболат Рымбекұлы табысы мол ірі жобаны құрастырған. Жоба жыл бойы өнім беретін 5-10 гектарлық жылыжайға арналған. – Ірі жылыжаймен 70-80 отбасын жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар, – дейді қожалық иесі. – Оған оңтүстік өңірден жұмыс күшін тартуға да болады. Жобаның құны 100 миллион теңгені құрайды. Қазіргі кезде соған несие алудың жолын қарастырудамыз.

Айта кетейік, Май ауданына арнайы іс сапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айзада Құрманова мен Меруерт Қазыбекова шаруа қожалығының жұмысына жоғары баға беріп, аудан басшылығына әрі қарай қолдау көрсетуді тапсырды. 

Дереккөз: pavlodarnews.kz