Back

Айдос Сарым: “Әттең!…” дегеннен басқа амал бар ма?”

Қазақ Алтынбектей тұлғаға мұқтаж. Дәл қазіргі қоғамға Алтынбектей тұлға ауадай қажет. Алтынбек тірі болғанда оппозицияда алауыздық болмас еді. Алтынбек тірі тұрғанда ұлт көшбасшысы болатын еді. Алтынбек Сәрсенбаев туралы тереңнен толғаған саясаттанушы Айдос Сарымның “Жас Алаштағы” сұхбатын ықшамдап ұсындық.

Алтекең, шын мәнінде, өзінің кемеліне жетіп, өзін-өзі үлкен ұлттық көшбасшылыққа дайындап келе жатқан саясаткер еді.

 2006 жылғы ақпан айындағы қайғылы оқиғалар болмаған жағдайда, Алтекең 2012 жылғы және одан кейінгі президент сайлауларына түсетін еді деп ойлаймын.

Қазақтың ұлттық санасы, жігері оянып келе жатқан кезде оның сайлауға түсіп, белсенділік танытуы, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа шынайы балама болуы елдегі саяси ахуалды өзгерте алар еді деп сенемін.

Тіпті, сайлауға түспегеннің өзінде, оппозицияда жүріп-ақ биліктің ұлтқа қатысты саясатына оң ықпал жасайтын еді. Әттең, дегеннен басқа не дейсің?

Алтекеңнің армандарына келетін болсақ, менің пайымдауымша, оның басты ойы – қазақ ұлттық мемлекетін құрып, оның тәуелсіздігі мен тұтастығын мәңгі сақтау дер едім.

Әлі есімде, 2003 жылдың басында Алтекең Мәскеуден Алматығы келіп, мені бүгінгі 28 панфиловшылар паркіне шақырып алды. Екі сағаттай серуендеп жүріп сөйлестік.

Сонда жұмыстың анық-қанығы туралы сұрастырып, сөзінің соңында: «Айдосжан, мен мына елшіліктен кететін болдым. Әрі кетсе жылдың соңына дейін бір жағына шығарам. Ресейдің қысымы үдеп барады. Біздің шикі, ақша десе анасын сатуға дайын биліктегілерден үміт жоқ. Бұлай кете берсе, мыналар елімізді Ресейге бір-ақ қосып жіберуі де мүмкін. Басшыға айта-айта шаршадық, түсінбей ме, қасақана істей ме, кім біледі? Не де болса елге қайтып, қоғамның арасына еніп, ұлтты ояту керек. Жабық саясатқа қарсы тек ашық саясатпен күресуге болады.

Алда Парламент сайлауы келе жатыр, соған мықты дайындық керек. Ұлттың сана-сезімін оятып, оның саяси ұстанымдарын билікке айқын көрсету керек» деген еді.

Ақыры сол жылдың қараша айында Алтекең елге оралып, ашық саясатқа араласып кетті. Сол кезде өткен «Ақжол» партиясының құрылтайында тең төраға болып бірауыздан сайланды. Өзімен бірге партияға қазақтың қаймақтарын, ұлт зиялыларын ертіп келді.

Тағы оқыңыз:

“Олар Жидебайға барды”. Арыстық 220 бала демалысын Шығыста өткізуде

 Соңғы сұхбатында біраз нәрсені айтып үлгерді

2004 жылғы сайлауда, шын мәнінде, жеңіске жеткен «Нұр Отан» партиясы емес, дәл осы «Ақ жол» болатын. Биліктің зымиян саясаты мен сол «Ақ жолдың» ішіндегі сатқындық болмағанда, бүгін біз басқа қоғамда өмір сүретін едік.

Басқасына келер болсақ, Алтекең өзінің соңғы сұхбатында біраз нәрсені айтып үлгерген сияқты. Сол сұхбатында бірнеше ой айтып еді.

Мысалы, «ұлт зиялылары билік алдындағы «борышын» толық өтеп болды, ендігі уақытта қарапайым халықтың жағына шығып, соның мұңын, мұқтажын билікке жеткізу керек» деп қадап-қадап айтқан болатын. Сол тұрғыда өзі бастап біраз жұмыстар да жасады.

«Демократиялық оппозиция мен қазақ ұлтшылдары бірігу керек» деген болатын. «Демократиялық дискурс пен ұлтшылдық дискурс айналып келгенде бір ұғым, мақсаты мен мүддесі бір» дегенді жиі айтатын.

Мен білсем, ерте ме, кеш пе, Алтекеңді өлтіргендердің  аты айқындалады, сот ісі қайта қаралады. Сол кезде әлі талай жағамызды ұстап, жанымыз түршігеді. Оған дейінгі мақсат – барлық құжаттарды сақтап, олардың мазмұнын халыққа жеткізу.

Оппозиция басты идеологынан айырылды

2006 жыл алыстаған сайын көптеген нәрселер айқындалып, болған оқиғалар мен жайттарға деген көзқарастар өзгеріп келеді. Алтекең уақыт өткен сайын дараланып, іріленіп келеді. Көптеген оқиғалар қайта қарауды, қайта зерделеуді талап етеді.

Алтынбек Сәрсенбайұлы өмірден озған соң, елдегі оппозиция басты идеологынан айырылды. Оны Алтекеңнің достары да, жаулары да талай мойындады.

Ол кісі, шын мәнінде, қазақ оппозициясының идеологы, стратегі болатын. Оның осы қасиетін оппозициядағы барлық топтар тірісінде мойындаған, бас иген. Сондықтан да белгілі оқиғалардан кейін оппозицияның әлсіреуі, есеңгіреуі орын алғаны да хақ.

Оның тағы бір үлкен ерекшелігі, ол тікелей мемлекет басшылығымен сөйлесіп, жағдайды түсіндіріп жатқанына талай куә болғам.

Кейбір кездері телефонның ар жағындағы кісілермен керемет сөзге келіп қалатын. Кейде тым қатты сөздер айтатын, олардың қарапайым нәрселерді түсінбей, қипақтап жатқанына күйіп-пісетін, налитын.

Қажетті жағдайда оппозиция тарапынан шығатын мәлімдемелер мен ресми құжаттарды президенттің өзіне тікелей жеткізе алатын, соның мүмкіндіктерін табатын. Оның талай мысалын айта аламын. Осыған дәнекер болған биліктегі адамдарды да жақсы білемін. Уақыты келгенде оны да айтармыз.

Ертең заман өзгергенде…

Алтекең дүниеден озған соң оппозиция мен билік бір-бірімен тілдесуден қалды. Оппозицияда биліктегілер сыйлайтын, сөзі өтімді адамдар некен-саяқ, жоқ десе де болады.

Алтекең тірі болса оппозицияның мүмкіндіктері әлдеқайда мықты болар еді. Кем дегенде басы біріккен, ойы анық, бағдары айқын күш болар еді деп ойлаймын.

Ертең заман өзгергенде, алғашқы болып қайта қаралар екі іс болса, біреуі  – Заманбектің, екіншісі – Алтынбектің істері. Аман болсақ, оған да жетерміз. Сол кезде тапсырыс берген, тапсырысты орындаған, биліктің артын жабу үшін қызмет еткен, тергеуді бір ізге салып, бұрмалаған, сотта істі дұрыс қарамай, оны басқа арнаға бұрып кеткендердің аты шығады. Айналып келгенде, мұндайлардың саны жүзден асады. Заман өзгерсін, бұлардың өздері бірінші болып алға шығып, ашыла сайрайды.

 Ресей бізден кешірім сұрауы керек

Билікке ұлтшыл күштер келсін, бүгінгі билік мақтанып отырған аймақтық одақтардың бірі де қалмас. Дәл қазіргі уақытта Ресей бізге бір қадам жасаса, біздер одан он қадам қашуымыз керек. Ең алдымен рухани, саяси-ақпараттық салада. Ресеймен сауда-саттық жасауға болар, алайда ағайыншылық пен достық болады дегенге сенбеймін.

Билік «кедендеткен», «одақтасқан» сайын оған деген ұлттың наразылығы еселеп өсе беруі керек. Дүйім қазақтың Ресейге деген көзқарасы белгілі: ата-бабасын миллиондап қырған мемлекет пен халықты кешіру оңай шаруа емес. Ол үшін Ресей бізден кешірім сұрауы керек. Ал бүгінгі Ресей ондай қадамға дайын емес.

Бүгінгі «одақтардың» барлығының терең, рухани негізі жоқ. Негізі жоқ, тамыры жоқ құбылыстар ұзаққа бармайды.

2010 жыл