Back

Даниал Ахметов: “Алакөл? Әзіргі мәселе – жол”

Алакөлге қайтсек турист келтіреміз? Өз еліміздің тұрғындары алыстағы Түркияға ат сабылтқанша, іргедегі Алакөлден неге сая іздемейді? Алакөлге апаратын жол құрылысы жоспарға сай жүргізілуде ме?   

Үржар ауданына жұмыс сапарымен келген Даниал Ахметов осы сұрақты жергілікті кәсіпкерлер мен туристік саланы дамытуға жауапты құрылымдарға төтесінен қойды.

Алакөл жағажайын абаттандыру жұмысы 2016 жылдан бері үзбей жүргізілуде. Осы уақытта жағажай аумағы айтарлықтай кеңіген.

Әзір Алакөлде аунап-қунап қайтатын қонақтарға 175 демалыс үйі, екі қонақ үй, 29 дүкен, 56 дүңгіршек, 10 кафе, төрт бар, екі мейрамхана, 8 асхана және екі дәріхана мен акуапарк қызмет көрсетеді.  

Ахметовтың айтуынша келесі жылы Алакөлдегі демалыстың деңгейін көтеретін бірнеше ірі инфрақұрылымдық жобалардың іргетасы қаланбақ. Аймақ басшысы осы орайда шағын және орта бизнес өкілдері өз міндеттерін орындап, салық төлеуден жалтармауға тиіс екенін ескертіп өтті.

Шығыс Қазақстан бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшының орынбасары Ержан Кітанов шілденің алғашқы ширегінде шағын және орта бизнеске тексеруге жүргізілгенін, нәтижесінде «көлеңкелі» табыс тауып отырған 38 кәсіпкердің анықталғанын, 11 демалыс аймағының тіркеуге тұрғанын тілге тиек етті.

– Былтыр кәсіпкерлер салығынан аудандық бюджетке 67,5 млн теңге түсті. Биыл салықтан түскен түсім 100 млн-ға жетпек.

Әлі де болса табысы туралы мәліметті бұрмалап, салық төлеуден жалтаратын демалыс аймағының қожайындары бар. Біз барша кәсіпкерлерге онлайн-бақылау кассалық мәшінесін орнатуды еске саламыз, – деді Ержан Кітанов.

Алакөл жағажайын абаттандыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Үржар әкімі Серік Зайнулдин 30 млрд теңгеге бағаланған жобалар жоспары жасалғанын айтты.

Мердігерлер бірінші кезекте жағажай аумағын абаттандыруға басымдық бермек. Алакөл жағажайы «АқтауТеңізПортының» тәжірибесін назарға алып, жаңаратын болады.  

Қуат көзі тұрақты таралуы үшін Мақаншы ауылынан бастап Көктөлға дейінгі аралықта қуаттылығы 110 кВт электр желісі жүргізіледі.

Үржар әуежайындағы ұшақтар ұшып-қонатын жолақ та күрделі жөндеуден өтеді. Жоба негізінде әуежай жолағының ұзындығы 2100 метрге, көлденеңі 45 метрге дейін ұлғаймақ. Сағатына 70 жолаушыға дейін қабылдайтын жаңа терминалы және салынады.

Жаңарған әуежай алдағы уақытта 70-80 жолаушы тасымалдайтын ұшақтарды қабылдайтын болады.

– Жағажайды абаттандыруға екі жылда қыруар қаржы жұмсадық. Алдағы төрт жылда бұған жұмсалатын қаражатты ұлғайта түсеміз. Алакөлге өз жерлестеріміз ғана емес, алыс-жақын шетелдерден де туристер келіп, жайлы демалып қайтқанын қалаймыз. Болашақта емдік суды құбыр арқылы тасымалдайтын Австрия тәжірибесіне сүйеніп, жыл он екі ай жұмыс істейтін емдік-сауықтыру кешенін саламыз.

Әзір ең басты мәселе – жол. Өскемен – Қалбатау – Семей – Аягөз жолын жөндеу жұмыстары алдымыздағы екі жылда аяқталады. Қабанбай ауылынан бастап Алакөл көліне дейін ұзындығы 2,6 шақырым веложол төселеді.

 Кәсіпкерлерге мемлекет барынша көмектесуде. Сондықтан кәсіпкерлер де салық төлеуге жауаппен қарауы қажет. Бұдан бөлек демалыс орнында барлық санитарлық және өрт қауіпсіздік талаптары сақталғанына ерекше назар аударғандары жөн, – деді жиынды түйіндеген Даниал Ахметов.