Back

«Ғылым» қорының басшысы 5 мың доллар пара алды деп күдіктелуде

Соңғы уақыттары ҚР Білім мен ғылым министрлігіне бағынышты мекемелердің басшылары шетінен жемқорлықпен ұсталып жатыр.

Бұған дейін Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева ұсталса, осыдан біршама уақыт бұрын Білім және ғылым министрінің көмекшісі 11 млн. теңге алды деген күдікке ілінген болатын. Ал енді ғылымды дамытады деген «Ғылым қорының» басшысы ұсталды.

Күні кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Бердалин «Ғылым қорының» басшысы жемқорлық ісіне шатылып, күдікке ілінгенін алға тартты.

– «Ғылым қоры» АҚ-ның Басқарма төрағасы ғылыми жобаларды қаржыландыру үшін еліміздегі жоғары оқу орнының ректорынан 5 мың доллар көлемінде пара алғаны жайында күдіктелуде, – деді агенттік қызметкері.

Агенттіктің таратқан мәліметіне сүйенсек, «Ғылым қорының» басшысы өзінің кінәсін толық мойындамағандықтан, қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүріп жатқаны белгілі болды.

Осылайша Ерлан Сағадиев министр болған тұста тағайындалған кадрлардың былықтары  шетінен ашылып жатыр. Осындайда Сағадиев жауапты қызметтерді қандай адамдарға сеніп тапсырғанын білді ме екен деген сауал туындайтыны анық.