Back

Қарасай батырға кесене тұрғызған қария

Биыл қазақтың бас батыры Қарасай Алтынайұлының туғанына 420 жыл толып отыр.
Қарасай батыр – негізінен, ойрат қалмақтары шапқыншылығының бастапқы кезеңдерінде ел тәуелсіздігі үшін қол бастап күрескен, зұлым жаудан қазақтың кең-байтақ сайын даласын қорғаған көрнекті тарихи тұлға. Арада төрт ғасырдан астам уақыт өтсе де, оның ерен ерлігі туралы аңыз-әңгімелер әлі күнге ел есінде сақталып келеді.
Мысалы, соның бірі былай деп сыр шертеді. Бір аламан айқаста қазақтарды баудай түсіріп жүрген қалмаққа қаһарлана ұмтылған Қарасай батырдың қылышы жауының жауырынын жанай өтіп, астындағы атын екі бөліп кеткен екен. Қалмақ батыры атының алдыңғы кеудесінің астында қалған көрінеді. Осының алдында ғана қалмақтың атақты батыры Олыхты басқа шапқанда батыр қылышы басты, мойын омыртқаны қақ айырып, асқазан аузына барып тіреледі. Осыны көрген Еңсегей бойлы Ер Есім «менің қолыма қарағанда Қарасайдың қолы батпан екен ғой» – депті.
Қарасайдың көзсіз батырлығына, күш-қайратына, ақыл-айласына тәнті болған Есім хан, жас батыр Қарасайға «Қазақтың Қарасай батыры» деген атақ береді.
Қазақ Ордасының Түркістандағы сауыт-сайман ұстаханасының шебері «Қарасай батырға жасаған қылышты қанша шыңдасам да, болат жүзін арнайы суарсам да, батыр күшіне шыдас берер емес, болат темірді артық шыңдап суарсам, Қарасай күшіне шыдамай морт сынады, өзгелердің қылышындай шыңдап суарсам, жүзін майырып тастайды» деген екен.
Міне, осы Қарасай батыр жасы сексенге келгенше ат үстінен түспей, елін, жерін басқыншы жаудан қорғап өткен. Оның ерлік істері ел аузында аңыз болып, бүгінгі күнге жетіп отыр.
Халық батырының 420 жылдығы биыл елімізде кеңінен атап өтілмек. Міне, осыған орай батырдың Алматы облысы Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылында орналасқан ескерткіш-кесенесі жөнделіп, толық қалпына келтірілді. Бұл игілікті істі қолға алған азамат бүгінде 90 жасқа келіп отырған Хатшыбек Әбдіхалықов ақсақал еді.
Хатшыбек Әбдіхалықов 1929 жылы 27 желтоқанда Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылында дүниеге келген. 12 жасында әкеден айырылған ол жастайынан қиыншылықты көп көріп өседі.
Алайда тағдырдың дегеніне мойынсынбай, сабағын жақсы оқып, еңбекке ерте араласады. «Мен туылғанда Қазақстанда совет үкіметі жаңадан орнап, байлар қашып, сондай бір аласапыран болып жатқан кез екен. Сондықтан әкем маған туу туралы куәлік ала алмай, арада үш жыл өткеннен кейін ғана селсебеттен мені туылды деген қағаз алады. Сондықтан қазір құжатта 1932 жылғы деп жазылып жүрмін», – дейді Хатшыбек ақсақал.
Х.Әбдіхалықов жетіжылдық мектепті Жамбыл ауданындағы Музей Жамбыл ауылында оқиды, ал оныншы сыныпты өзінің туған ауылы Үңгіртаста аяқтайды. Өмірге құштар, еңбексүйгіш бала мектеп бітіргеннен кейін өмірін теміржол саласына арнамақ болып, Алматыдағы теміржолшылар дайындайтын техникумға түседі. Алғашқы еңбек жолын Мойынты-Шу теміржолы құрылысынан бастайды. Жас жігіттің қайраты мен білімін байқаған басшылар оны алдымен «Жиделі», кейіннен «Қарасай» деп аталатын станцияларға бастық етіп тағайындайды. Х.Әдіхалықовтың бұдан кейінгі өмірі де тынымсыз тірлікке толы. Ол Башқұртстанда Бүгілме-Ақташ станциясын салуға атсалысады. Осындағы «Күлшарипова» деп аталатын станцияның бастығы болады. Тың игеру жылдары Алматы қалалық комсомол комитетінің ұйғарымымен Павлодар облысына жіберіліп, мұнда Михайлов ауданында «XIX партсъезд» совхозын ұйымдастырады. Бір жылда 40 мың гектар жерге астық себеді. Келесі жылы туған жері Алматыға қайта оралып, «Дегерес» совхозы директорының орынбасары, кейіннен Самсы ауылдық кеңесінің төрағасы болып тағайындалады. 1961 жылы ол Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Ырғайты ауылшаруашылық техникумын бітіріп келіп, Алматы облысы Қаскелең қаласындағы автобазаны басқарады. Х.Әбдіхалықовтың осыдан кейінгі өмірі ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Бүгінде 90 жасқа келіп отырса да, қазыналы қарт қазақтың ескі әдетімен мал өсіріп, жастарға үлгі болып келеді.
Хатшыбек ақсақал жасының егделігіне қарамастан, қазақтың айтулы тұлғасы Қарасай батырды насихаттау жолында тынбай еңбек етіп келеді. «1936 жылы менің әкем, ауылдың адамдары бар, Қарасай батырдың бейітін іздеу жұмыстарын жүргізеді. Заманның аласапыран кезі емес пе, олар оның бейітін таба алмайды. Содан кейін ақша жинап, Алматы-Бішкек тас жолының бойындағы төбеге осы белгіні қояды», – дейді Х.Әбдіхалықов.
1999 жылы Қарасайдың Арқа жерінде, Көкшетау маңында болған шайқаста ауыр жараланып, дүние салғаны анықталды. Сол жылы Көкшетау алабындағы Айыртау сілемінің Құлшынбай деп аталатын төбесінде қазақтың қос батыры Қарасай мен Ағынтай батырларға ескерткіш орнатылды. Оның ашылу салтанатына тек өзімізден ғана емес, шетелдерден де көп қонақ келді. Тағзым етушілер кейіннен де толастамайды. Осы жағдайды ескеріп, Хатшыбек ақсақал сондағы ескерткіш жанына арнайы қонақүй салуды тапсырады. Алайда қонақүй көп ұзамай жанып кетіп, ақсақал бұл жағдайды біраз уақытқа дейін ұмыта алмай жүреді. «Бір күні Қарасай бабам түсіме еніп, «балам, сен ол жаққа барып әуре болма, Үңгіртастағы маған арналған белгінің басы құлап жатыр. Соны барып тұрғыз. Ұрпақтарым келіп, тағзым етіп тұрсын» деп аян берді. Келсем, расында да бабамыздың басындағы үйшігі құлап қалыпты. Содан 2006 жылы мен осы кесенені салдырдым. Араға он үш жыл салып оны жөндеп, қайта қалпына келтіріп отырмын»,–дейді ол.
Кесененің алты қыры бар. Ол Қарасай батырдың алты баласының құрметіне орай осылай салынған. Ескерткіштің әрбір қырында оның балалары мен ұрпақтарының есімі жазылған. Аңыздарға сенсек, Қарасай батырдың қызыл шұбар жолбарысы болған деседі. Ол оны үнемі жорықтарда қорғап жүреді екен. Қызыл шұбар жолбарыс батыр ұрпақтарының киесі саналады. Ақсақал биыл батырдың 420 жылдығына орай ас беріп, қазақтың салтымен ат шаптыру жоспары бар екенін айтты. «Осындай игі шаралар ұрпаққа өнеге, тәрбие беріп, бабаларын қастерлеуді үйретеді деген ойдамын», – дейді ол.

Нұрмұхаммед Мамырбеков
журналист