Back

Орта Азия: гендерлік теңдікке 71 жылдан соң жетеміз

Тұтастай алғанда Орта Азияда тұратын әйелдердің құқы қаншалықты қорғалған? Аймақ елдерінің басшылығы әйелдер қауымын саяси-әлеуметтік өмірге кіріктіруге келгенде табандылық танытып отыр ма? Орта Азияда толық гендерлік теңдік қашан орнайды?

 Dalanews осы орайда Қазақстандағы «Шығармашыл әйелдер» қауымдастығының төрағасы Әсия Хайруллина және Қырғызстандағы «Полис Азия» сараптама орталығының жетекшісі Елмира Ноғайбаеваны сөзге тартқан-тұғын.

«Шығармашыл әйелдер лигасының» жетекшісі Әсия Хайруллина «Орта Азияда толық гендерлік теңдік орнағанда ғана аймақтың экономикалық ахуалы түзеледі» деп сенеді. 

– «Азия даму банкінің» зерттеуінде мынадай мәліметті көзім шалды:

«Орта Азияда толық гендерлік теңдік орнағанда жан басына шаққандағы орташа кіріс 30,2 пайызға ұлғаяды, араға бір буын салып бұл көрсеткіш 71,1 пайызға жетеді» делінген екен. Осының өзі әйелдер қауымының үлкен әлеуетке ие екенін аңғартып отыр, – дейді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанда, жалпы, Орта Азияда гендерлік теңдіктің мән-мағынасын түсінбейтіндер өте көп.

– Бұл әйел біткеннің шолтаңдатып шалбар киюі, көлік тізгіндеуі, бір бұрышта тұрып темекіні бұрқыратып, болмаса ер-азаматпен салғыласуы емес. Гендерлік теңдік – әйелдерге әділетсіздік жасалмауын қадағалайтын қағида.

Соңғы 5 жылда біздің елде 15 пен 17 жас аралығындағы 33 мың бойжеткен бала көтерді. Солардың 10 мыңы түсік жасатты. Мектеп жасында жүкті болып қалатын мұндай жағдай жиілеп келеді.

Елімізде әр 8-інші әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Үй-ішіндегі зорлық-зомбылықтан жылына 400-ге жуық әйел көз жұмады, – деді Әсия Хайруллина Dalanews тілшісіне берген сұхбатында.

Өз кезегінде Елмира Ноғайбаева мансап қуғысы, өмірде өз қалауымен, өз күшімен табысқа жеткісі келетін қыздар дәстүрдің догмаларына қарсы келе қалмай, жетегінде кетеді деп есептейді.

 – Қырғызстанда қадым заманнан қалыптасқан қағидаларды бұзғысы келетін тәуелсіз, талапты, өзіндік ұстанымы бар қыздар көп-ақ.

Алайда біздің тым дәстүршіл, салтшыл, діншіл қоғамда олардың топ жаруы қиын. Оларды тежейтін, жолында кесе көлденең жататын кеселдер жетіп артылады.

Білімде, ғылымда, жалпы өзін-өзі танытуда «әйел адамның орны – ошақ қасы» деп білетін кейбір дәстүршіл топтар әлгіндей қыздарға қырғидай тиеді. Оларды үркітіп, қорқытады. Өз тілдерімен айтқанда «орнына қоюға» тырысады. Мұндайды өз басымнан өткергенмін.

Мансап қуғысы, өмірде өз қалауымен, өз күшімен табысқа жеткісі келетін қыздар дәстүрдің догмаларына қарсы келе алмай, жетегінде кете барады, – дейді қырғыз спикері.

Оның пікірінше, өкінішке орай, Орта Азиядағы әйел құқығы – аймақтағы билікті соңғы кезекте мазалайтын мәселелердің бірі.

– Әйелдің билікке таласып, сайлауға түсуінің өзін сүйекке түскен таңбадай көретін елдер бар Орта Азияда.

Жыл басында Тәжікстанның Әйелдер және отбасы ісі комитетінің төрайымы Махбұба Әзізова әйелдердің алдағы президент сайлауына түсуін мысқылдап, сынап-мінеп тастады.

«Бізге не жетпейді осы? Ұлт лидерімен таласпақ түріміз бар ма? Ұлт лидері қайда, біздер қайдамыз? Ұлт лидерін халық сайлаған, халық таңдаған. Тәжік әйелдері қоғамдағы әйелдің абыройын көтергені үшін Емомали Рахмонға сансыз мадақ айтуы керек», – деп дүңк еткізді ол.

Орта Азиядағы әйелдер құқығының қаншалықты сақталып отырғанын осыған қарап сараптауға болады», – дейді ол.

Әңгіме барысында Ноғайбаева Халықаралық еңбек ұйымының зерттеуін мысалға келтірді.

«Орта Азияда толық гендерлік теңдік 71 жыл өткесін барып бір-ақ орнайды екен. Бұл дегеніңіз бір ғасырға жетеқабыл уақыт…», – дейді сарапшы.

Әсия Қайрұллинаның айтуынша, Орта Азияда әйелдердің экономикалық әлеуетіне әлі күнге дейін сенімсіздікпен қарайды.

– Аймақтағы елдердің барлығында заңнамалық негізде әйелдер айналысуға болмайтын мамандық тізімі түзілген. Бұл – негізінен, металл өңдеу, құрылыс немесе ауыр өндіріс саласы. Бұлармен да шектелмейді.

Орта Азияда әйел заты игере алмайды, қолынан келмейді деген себеппен маңайына да жолатпайтын 400-ге тарта мамандық түрлері бар. Айналып келгенде бұл не? Бұл – әйел құқығын шектеу.

Іргеміздегі Арменияда, Грузияда, АҚШ-та, Батыс елдерінде әйелдер айналысуға болмайтын кәсіп түрлері жоқ. Мұндай шектеуді дамыған елдер өркениет көшінен қалыс қалғанның белгісі ретінде қабылдайды, – дейді Қайрұллина.

«Шығармашыл әйелдер» қауымдастығының төрағасы егер Орта Азиядағы елдердің мемлекеттік ісіне әйелдер қауымы белсенді араласар болса, қоғам қазіргіге қарағанда әлдеқайда ізгіленер еді деген сенімде.

«Перзентханадағы салдыр-салақтыққа жол берілмей, отбасындағы зорлық-зомбылық азаяр еді. Әйелдің жанын әйел ғана түсінеді өйткені. Домалақ аналар, Ұлжан, Зерелер арамызда қазір де бар. Елдің сөзін сөйлейтін, керек десеңіз қиын-қыстау жағдайда атқа қонуға әзір әйелдер қазақ даласында болған», – дейді ол.

«Орта Азияда сеңі бұзылмай отырған бір стереотип – ажырасса да, күйеуі қол көтерсе де, мүгедек бала туса да әйел кінәлі деген түсінік. Сондықтан көп жағдайда әйелдер зорлыққа төзеді. Аймақтағы жалғызбасты аналардың жағдайы ауыр. Көптеген ер-азаматтар ажырасқасын өзінің жұмыс орнын жасырады. Ресми жалақысын жасырады. Мұның бәрі – өз балаларына алимент төлемеудің жолы.

БҰҰ жанында Әйелдер институтының дерегінше, Өзбекстанда әйелдер арасындағы суицидтің 99 пайызы үйдегі зорлық-зомбылық салдарынан болады екен.

Бұл елде күйеуінен көрген қорлыққа төзбей, ажырасқысы келетін әйелге «теріс бата» беріп, қудалап, қуғындап, соңында өзін кінәлі қылатын көзқарас қалыптасқан. Жыл сайын «Әйелдер жылын», «Аналар жылын» жариялайтын мемлекет жағдайды түзетуге тырысып баққанмен мәселенің шешілген дәнеңесі жоқ», – дейді өз кезегінде Елмира Ноғайбаева.

Ляйля Болтаева