Back

Болашақ – менің таңдауым!

   «Тау Тұран» жазғы лагерінде  оқушыларға арналған «Болашақ – менің таңдауым!» жобасы өз мәресіне жетті. «Шеврон» компаниясымен  «Білім – Орта Азия» білім беру орталығы  бірігіп іске асырған жобаға алматылық оқушылар қатысты.

Он күн бойы алматылық жасөспірімдер әсем шатқалда демалып қана қоймай, көшбасшылық негіздерін үйреніп, өздерінің әлеуеттерін арттырды. Оларға белгілі психолог, театр  актерлері, режиссер, фотограф және дизайнерлер қатарынан құралған тәжірибелі тренерлер мен тәрбиешілер көмектесті. Тәлімгерлердің осындай әралуан құрамы ауысым қатысушыларына тұлғалық үйлесімділігіне тиімді әсер ететін білім мен машықтар алуға септігін тигізді.

 

«Білім – Орта Азия» білім беру орталығының басшысы Лариса Горбунова:

«Биыл лагерьде біз ішкі жандүниені тануға, шығармашылық әлеуетті дамытуға, құрбы-құрдастармен қарым-қатынас құру дағдыларын жақсартуға баса назар аудардық. Бұл мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беруде өте маңызды. Тиімді оқыту қағидасын бірнеше жыл бойы іске асырып келеміз»,  – дейді.

Ауысым бағдарламасының «оқудан тыс» бөлігі өте қызықты және танымды сабақтардан тұрды. Кез келген лагерь үшін дәстүрлі болған ойындармен, үйірмелермен, спорттық жарыстармен қатар жасөспірімдер сценарий жазуды, өз спектакльдерін қоюды үйренді, арт-жобаларды құру негіздерімен танысты, ойын және театр техникаларын үйренді. Қатысушылар командалары таңдаған өздері үшін маңызды тақырыпта «Бәрі қолыңнан келеді, ең бастысы соны қалау!» деген ұранмен бейнебаяндар ойластырып түсіру мүмкіндігіне ие болды.

Жоба аясында талантты оқушылар көрермендерге  достық, мамандық таңдау, өз ойыңды жеткізу сынды тақырыптарға түсірген бейне роликтерін ұсынды.

 

Сонымен қатар сценарийін өздері жазған тақырыптық спектакльдерін қойды. Оқушылардың ойлау қабілеті мен жылдам шешім қабылдауына бағытталған жоба әлі де жалғасады. Жобаға қатысқан әрбір оқушы ұйымдастырушылар тарапынан берілген дипломдармен марапатталды.