Back

Арыстағы апат: Тоқаев Түркістанға келеді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы апаттың мән-жайын білу үшін Түркістанға барады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

“Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласында болған оқиғамен танысу үшін Түркістан облысына өзі ұшып шығады.

Мемлекет басшысымен бірге Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек және құзырлы мемлекеттік органдардың басшылары да барады.

Президент түске дейін Қорғаныс, Ішкі істер министрлеріне және Түркістан облысының әкіміне Арыстағы жарылыстың зардаптарын жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және жарылыстың себептерін анықтауды тапсырған болатын”, – деді Берік Уәли.

24 маусым күні таңертең сағат 9.30 кезінде Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында өрт шығып, қоймадағы оқ-дәрі жарылды. Қорғаныс министрлігі оқиғаның мән-жайы мен себебін анықтап жатыр.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев бір адам қаза тапқанын мәлімдеді.

31 адам медициналық мекемеге жеткізілген.

Тағы оқыңыз: 

Даниал Ахметов: “Көпбалалы отбасыларға арналған 231 үй сатып алдық”

Ұлттық банк кредитін төлей алмай жүрген 670 мың адамға көмектеспек