Back

Сырлы ақынның нұрлы жырлары

Ақтөбе облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен лирик ақын Сағи Жиенбаевтың 85 жылдығына, кітапхананың 40 жылдық мерейтойына арналған «Сырлы ақынның нұрлы жырлары» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасының қорытындысын жариялау кеші «Алақай» театрында өтті.

Іс-шараның мақсаты Ақтөбе өңірінен шыққан ақынның шығармашылығын насихаттау, жастарды қазақ поэзиясына, Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру, Сағи өлеңдерінің тәрбиелік мәнін түсіндіру. Ел арасындағы таланттарды танып, олардың шығармашылық ізденісін ұлғайту. Дарынды жастардың шеберлігін шыңдап, өлеңге деген ынтасын ояту болатын.

Кешке Демешова Назимат Бекқазықызы – Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының халық шығармашылығы және кітапханалар жұмысы бөлімінің бас маманы; Ашықбаев Ертай Ахатұлы – Облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан Жазушылар Одағы Шәкәрім Құдайбердіұлы ат.сыйлығының иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты; Ниетжан Беріков – С.Жиенбаевтың ұстазы, жұбайы Жәмила апай; Қауымбаева Сағым Досымқызы – кітапхананы 30 жылдан аса басқарған, кітапхана саласының ардагері; Өтеміс Әкімов – мәдениет саласының ардагері; Ермұқан Қыдырғали Мұхитұлы – Облыстық «Руханият» музейінің директоры; Талғат Тілеулес – ақын, Ақтөбе қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері; Жәметов Әбілқайыр – зейнеткер, кітапхана оқырманы; Табынова Нағима – зейнеткер, кітапхана оқырманы; Мырзағұлова Тілектес – Т.Жармағамбетовтың қарындасы және мектеп оқушылары, оқытушылар мен мәдениет саласының қызметкерлері қонақ ретінде шақырылды.

Шара барысында келген қонақтар сөз сөйлеп, әндер айтылып, би де биленді. Мүшәйраның әділ қазы мүшелері: Ақын, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан Жазушылар Одағы Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы сыйлығының иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты – Ашықбаев Ертай Ахатұлы; Ақын, Халықаралық шабыт шығармашылық фестивалінің Гран-При жүлдегері және жас дарын сыйлығының иегері, мемлекеттік стипендия иегері, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі – Бауыржан Қарағызұлы; Ақын, С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры – Калдина Гүлжайнар Нәренқызы болған болатын.

Байқаудың шарттары: 1. «Сырлы ақынның нұрлы жырлары». Қатысушылар өздерінің С.Жиенбаевтың шығармашылығына арнаған өлең, толғау, поэмаларын жолдайды. 2. «Арайлы Ақтөбем» атты Ақтөбе облысына арналған өлеңдер. 3. Еркін тақырыптағы өлеңдер.

Байқауға барлығы 65-тен аса үміткерлердің жұмыстары қабылданып, қазылар алқасының шешімімен байқауға қатысушы жеңімпаздар қорытындылау кешіне шақырту алды. Шараны Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Назимат Бекқазықызы ашты. Шара барысында Сағи Жиенбаевтың 85 жылдығына, кітапхананың 40 жылдық мерейтойына арналған «Сырлы ақынның нұрлы жырлары» атты республикалық байқаудың қорытындысы жарияланып, байқаудың қазылар алқасының мүшесі ретінде ақын, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ашықбаев Ертай Ахатұлы мен Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Назимат Бекқазықызы жеңімпаздарды марапаттап, Диплом, Алғыс хат пен сертификаттарын табыстады.

Байқаудың жеңімпаздары: Бас жүлдені – Тлеухан Дәурен Тлеуханұлы, 1-орын – Каметия Оралбай Каметияұлы, 2-орын – Баймұхан Жомарт Батиханұлы, 3-орын – Андрей Цырфа және Муханов Жаңажол Теңгеұлы, ақын Сағи Жиенбаев атындағы арнайы жүлдеге – Ғаббасов Нұрболат Талапұлы, Ынталандыру сыйлығын Бекжанов Айбат Әкімжанұлы, Құлшар Бекзат Мнайдарұлы, Мұханбетказиев Аманжол жеңіп алды. Сонымен қатар жеңімпаздарға Дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Мүшәйраға ақынның 85 жылдығына байланысты ақын туралы әр жылдарда баспасөз бетінде жарияланған «Сағиа қын – баспасөз бетінде» және «Сырлы сазды Сағи ақын» атты жинақ папкасы жасалды. «Сырлы ақынның нұрлы саздары» атты әдістемелік құрал дайындалды. Қалалық мәдениет үйінің әншілері Сағидың сөзіне жазылған әндерін орындады. Сондай-ақ, мүшәйрада «Жыр жұлдызы жарқырайды» атты фото-шежіре, «Сағидың сырлы саздары» атты слайд және ақын Сағи Жиенбаевтың барлық еңбектері мен ол туралы баспасөз беттерінде жарияланған мақалалардан «Сағидың әсем әлемі» атты кең көлемде кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітапхана директоры Гүлжайнар Нәренқызы келген қонақтарға, мүшәйраға қатысқан жас ақындарға алғысын айтып, ақтілегін жолдады. Кеш соңында естелік суретке түсті.

 

Үржан Құдасова, С.Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары.