Back

Ақсуатта ақындар шықты айтысқа (видео)

Ақсуатта биыл төртінші рет ұйымдастырылған “Туған жерге туыңды тік” деп аталатын халықаралық ақындар айтысы көптің көңілінен шықты.

Бағдарламада аты-жөні аталса да әлдебір себептермен тізімнен түсіп қалған Ринат Заитов бұл додаға қатыспағанмен өзге ақындар оның орнын жоқтатқан жоқ. 

Аңғарған адамға астарлы сын да, ел тізгінін ұстағандар елеп-ескерер ұсыныс та айтылды осы айтыста. Аламанға қатысқан 12 ақын, 6 жұп ауыл стадионын лықа толтырған қауымның алдында өлең мен жырды молынан төгілтті. Екі айналым,  5 сағат бойы тоқтаусыз айтысқан ақындарға халық та құрмет-қошеметін аяған жоқ. 

Дәстүрлі Ақсуат айтысының биылғы стипендиясы баянауылдың жарық жұлдызы Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды. 

Ол енді жыл бойы айтыс демеушісінен ай сайын 200 мың теңге шәкіртақы алып отырады. 


ШҚО Тарбағатай ауданында “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында жыр алыптарының дүбірлі додасы өнер сүйер қауымды тәнті етті.

Жыр сайысын Жүрсін Ерман жүргізді.

Ал қазылар алқасына Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған ақын Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Қалиолла сынды ақындар мен Алтынбек Қоразбаев сынды сазгерлер төрелік етті. 

Суырып салма ақындар қоғамдағы мәселелерді тілге тиек етіп, түйткілді тақырыптарды қозғай білді. Қырғызстан, Моңғолия, Қытай және еліміздің әр түкпірен келген алты жұп ақынның алтауы келесі айналымға өтті. 

Соңғы сайыстың алғашқы жұбы болып шыққан Ақсуаттың тумасы Рүстем Қайыртайұлы мен Жайықтың Жансая Мусинасы баяғы дәстүрлерінен жазбай қыз бен жігіттің айтысын әдемі өріп шықты. 

Соңғы жұп болып шыққан сыр сүлейі Мұхтар Ниязов пен Қытайдан келген қандасымыз Ерлан Аманқожаұлының арасындағы тартыс қызықты өтті. 

«Сенің тілің шалқұйрық, менің тілімде шідер бар» деп жырлаған Ерланға осы айтыстың Бас жүлдесіне тігілген екі миллион теңге бұйырды.

Бірінші орын Қанатта, екінші, үшінші орынды Жансая мен Рүстем еншіледі.

Ал арнайы жүлде ақын Мұхтар Ниязов пен Аруна Керімбекке тиесілі болды.

Доданың түйінінде айтыстың бас демеушісі Дулат Тастекеев “Тарихқа толы Тарбағатай” альманахының төртінші томын таныстырып, меймандарға сыйға тартты. Кеш соңы “МузАРТ” тобының әншілерінің әншашуларымен және отшашумен аяқталды.