Back

Тоқаев: “Халықтың көшеге шығып, наразылығын айтуға рұқсат береміз”

Наразылық шеруіне шыққысы келетін азаматтарға арнайы орын бөлінеді.

Қазақстанда азаматтардың көшеге шығып, наразылығын білдіруге рұқсат беретін арнайы заң қабылданады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews басылымына берген сұқбатында айтты. 

Тоқаев көшедегі заңсыз митингтер мен акциялардың барлығына тосқауыл қойылатынын атап өтті. Бірақ, оның айтуынша, заң әзірленіп, қазақстандықтарға көшеге шығып, өз пікірін білдіруге рұқсат етіледі.

“Бас прокуратура көшелердегі шерулердің заңсыздығы туралы талай мәрте ескертті. Заңсыз митинг, тәртіпсіздік мұндай акцияларға қатысқысы келмейтін адамдарға да кедергі келтіреді емес пе. Сондықтан заң әзірленеді. Наразылық шеруіне шығып, өз пікірін айтқысы келетіндер тиісті инстанцияға жүгінеді. Ол адамдарға жиналып, ой-пікірлерін білдіру үшін арнайы орын бөлінеді”, – деді президент.

Ал президент сайлауы күні және одан кейінгі заңсыз митингтер кезінде ұсталғандармен бас прокуратура айналысып жатыр.  

“Егер олардың арасында қоғамдық қауіпсіздікке айтарлықтай зиян келтірмеген адамдар болса, олар таяу арада босатылады, әрине. Маған олардың арасында кездейсоқ ұсталғандар да болғанын хабарлады. Біз оларды тез арада босатамыз. Бұл мәселе шешіледі”, – деп сендірді Тоқаев.

Origin: sputniknews.kz