Back

Павлодарда жаңа онкодиспансер мерзімінен бұрын тапсырылмақ

 Павлодар облысында салынып жатқан жаңа үлгідегі онкодиспансер мерзімінен бұрын қолданысқа берілмекші.

200-ден аса емделуші мен ауысымына тексерілуге келетін 100-ге жуық азаматты қабылдауға мүмкіндігі бар орталықтың құрылысы аяқталуға жақын. Жұмыстың 70 пайызы жасалынған.

Айта кетелік, осынау заманауи үлгідегі онкодиспансердің құрылысына 7 млрд теңге бөлінген болатын.

«Нақты айтқанда, аталған қаражатқа операциялық-реанимациялық, радиациялық және патологоанатомиялық корпустар, 227 орындық стационар сатып алынды.

Бұдан бөлек, тексерілуге келетін азаматтарға арналған емхана, бақылау-өткізу пункті, медициналық қалдықтарды кәдеге жарату пункті, бес автомашинаға арналған көлікжай және жылумен қамтамасыз ететін орынға үш қазандық орнатылды.

Мердігер компаниясы өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, құрылыс жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізді. Бүгінгі таңда мердігер орталықты әрлеу-сырлау жұмыстарын аяқтап, онкодиспансер аумағын абаттандыруға кірісіп кетті.

Өңірлік медицина саласын жаңа деңгейге көтеруге септесетін және осы тарапта көмек күтіп отырған жандарға қол ұшын созатын орталық мерзімінен бұрын қолданысқа берілуі мүмкін», – дейді осы ретте Павлодар облыстық құрылыс басқармасы күрделі құрылыс бөлімінің басшысы Абылай Мүшкенов.

Ал сала мамандарының пікірінше, осынау жобаның нәтижесінде өңірдегі медициналық қызмет көрсетудің сапасы көш ілгерілеп, мұның соңы аймақтағы өлім-жітім көрсеткішінің азаюына әрі ерте бастан жүргізілетін медициналық тексеру жұмыстарының сапалануына алып келеді.

«Ең бастысы, Павлодар өңіріндегі онкологиялық көмекке мұқтаж жандар  бұдан былай нақты мамандандырылған көмек алады.

Орталыққа қажетті медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу үшін бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлінген болатын.

Орталықтағы емхана бөлімшелерінің дәрігерлік кабинеттері сәулелік, ультрадыбыстық және магнито-резонанстық мазмұндағы қазіргі заманғы диагностикалық аппараттармен, сондай-ақ экспресс-диагностика үшін биологиялық материалдарды эндоскопиялық және аналитикалық зерттеулермен жабдықталады», – деп атап өтті осы орайда құрылыс басқармасының басшысы.

Айта кетелік, стационардың бірінші қабатында клиникалық-диагностикалық зертханалар, операциялық-реанимациялық корпустың екінші қабатында бес бейінді операциялық, үш наркоздық, төрт операцияалды және екі аппараттық-мониторлы операциялық бөлімше болады. Үшінші қабатта реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі орналасады.