Back

Павлодарда орыстілді балабақша тәрбиешілері мемлекеттік тілді үйренуде

Мемлекет біртұтас болу үшін тіл ортақ, түсінік ортақ болуы қажет. Тіл тұтастығы сақталған елдің ынтымағы да, ырысы да шайқалмайды.

Соңғы уақытта Павлодар өңірінде мемлекеттік тілдің құлашын кеңейту, қолданысын арттыру бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Өңірдегі «Ана тілі» орталығы мемлекеттік тілді орыстілді қауымға меңгерту мақсатында бірқатар жобаларды қолға алған болатын.

Орталық мамандары қазақ тілін бірінші кезекте балабақша тәрбиешілері жетік меңгеру тиіс деп санайды. Өсер ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін балабақша тәрбиешілері мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлейтін болса, бұл өз кезегінде балдырғандардың да қазақ тілін ерте бастан үйренуіне жол ашары сөзсіз.

Қазіргі күні «Ана тілі» орталығы балабақша тәрбиешілері қазақ тілін оқыту курстарын трамвайларда өткізуде. Бұл да тегін емес, облыста трамвай желісі жақсы дамыған. Бұл өз кезегінде мемлекеттік тілді бұқаралық деңгейде насихаттауда таптырмайтын әдіс.

«Ана тілі» орталығының жетекшісі Шолпан Кінжікованың айтуынша трамвайдағы мемлекеттік тілді меңгеру курстарына орыс тобында тәлім беретін балабақша тәрбиешілері белсенді түрде қатысып жатыр.

– Осынау жобаны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алып отырмыз. Бағдарлама негізінде қазақ тілін үйретуге арналған «Флэш тренинг» жобасы жасалды. Мемлекеттік тілді үйретуді төрт қабырғада қамалғанша, тұтас қаланы аралап шығатын травмайларда өткізсек деген идея әуелден ойымызда болған. Бұл жобамызды «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, трамвай басқармасы және облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы бірден қолдап әкетті.

Бұдан былай қазақ тілін оқыту сабақтары трамвайларда өткізілетін болады. Бұл бір жағынан мемлекеттік тілдің насихатын жасауда өңірде бұрын-соңды болмаған тың әдіс.

Сабақтардың жоба-жоспарын да барынша пысықтадық. Әрбір тіл үйрену курстары белгілі бір тақырыпқа арналады. Айталық, бүгінгі сабағымыздың тақырыбы – Павлодар қаласы.

Курсқа қатысатын балабақша тәрбиешілері бұдан бұрын өткен тақырыптарды қайталай отырып, Павлодардың кескін-келбетін қазақ тілінде суреттеп шығады. Қаланың көрікті жерлерін мемлекеттік тілде баяндап, өз ойларын ортаға салады.

Балабақша тәрбиешілерінің мемлекеттік тілді меңгергені аса маңызды. Олар қазақ тілінде ойлау және сөйлеу қабілеттерін дамытса, тиісінше үйренгенін балдырғандармен де бөліседі, – дейді бұл ретте «Ана тілі» орталығының жетекшісі Шолпан Кінжікова.

Оның атап өткеніндей, қазіргі таңда осынау жоба аясында барлығы 10-15 адам тұратын екі топта мемлекеттік тілді үйреніп жатыр. Сабақ 2 айға жалғасады, балабақша тәрбиешілері аптасына 3-4 рет қазақ тілін үйрену курстарына қатысады.

Осынау курстың берері мол екенін балабақша тәрбиешілері да жақсы түсініп отыр. Павлодар қаласы №111 балабақшасының тәрбиешісі Евгения Зайцеваның пікірінше, күн өткен сайын мемлекеттік тілге деген сұраныс артып келеді. Мемлекеттік тілді меңгерген кадрлардың карьералық баспалдақпен өсу мүмкіндігі де мол.

–  Менің тәрбиеші болғаныма биыл 15 жыл толды. Осынау курсқа қатысып жүргеніме бір жарым айға жуықтады. Сөздік қорым толығып қалды. Қазақша амандасып, дүкеннен өзіме керекті тауарды сатып алып жүрмін. Ең бастысы, үйренгеніңді өмірде қолдана білу ғой. Осы жағынан қазақ тілін үйрету курстары нәтижесін беруде.

Алғашқы сабақтар кабинетте өткен болатын. Курстар трамвайда өткізілгелі бері бұған қызығушылық танытқан азаматтардың қатары көбейіп келеді.

Курсқа дейін де қазақ тілін шамалы білетін едім. Аталған жобаның нәтижесінде мемлекеттік тілді меңгерудегі деңгейімнің әжептәуір өскенін байқадым.

Балаларым бастауыш сыныпта оқиды. Бұрындағы қазақ тілі сабағына көмектескен кезде, кейбір сөздердің мағынасын түсінбей қиналушы едік. Қазір ол кезеңнен өткен секілдіміз. Қазақ тілінен сабағына дайындалатын балаларыма да көмектесетін деңгейге жеттім.

 Осы курс арқылы сөздің жалғауларын дұрыс жалғап үйреніп, жұмыстағы сөздік қорым көбейді. Менің балабақшадағы тобымда барлығы 28 бала бар. Талап бойынша біз оларға 3 тілде тәрбие беру керекпіз. Осы курстың нәтижесінде балдырғанмен қазақша тілдесуді жетік деңгейде меңгеретініме сенімдімін» дейді ол.