Back

Бар қазақ Тоқаевқа дауыс береді…

Қайткенде? Қандай жағдайда? Сайлау алды науқан аяқталайын деп қалды. Әрине, бәрі өз бағдарламасын алға тартып, уәдені үйіп-төгіп жатыр. Ол, негізі құр сөз ғой. Ал іспен не тындырылды?.. Шындығында, керемет ештеңе байқалмайды. Халықтың көңілі содан соң да пәс. Әрине, “әттең, билік жоқ қолда” дер көп кандидаттар. Ал билігі барлар не істеп жатыр?..

Байқағаным, әкімдіктерге көп салмақ салынуда. Онысы дұрыс та. Халықпен тікелей жұмыс істейтін әкім ғой өйткені. Ана Бақыт Сұлтанов сәл болмағанда құрбан бола жаздады өзі. Халық арасына шығамын деп. Нұрсұлтандағы автобустағы оқиғаны айтамын. “Көктегінің жерге түскені” деген сценариге келеді сырттан қарап тұрсаңыз. Иә, Тоқаевтың билікке келгелі атқарып жатқан ең тәуір ісі осы.

Сатып алған креслосының ақшасын шығару ғана басты функциям деп білетін әкімдердің санасын модернизациялау, әрине бір күнде шешілетін мәселе емес.

Бірақ өздерін тәуір сілкілеп жатыр Тоқаев. Аккаунт аштырды, блок жүргіздіртті, өңірдегі адамдарын бас-басына танитындай деңгейге жеткізді. Қайсысы құрметті азамат, құрметте деді. Қайсысы «левый, правый» анықта деді, анықтап жатыр «бәлесінен аулақ» деп.  

Өмірі жөнделмеген жерді жөндеп, өмірі шөп шықпаған жерге ағаш егіп дегендей. Әйтеуір әкімдерде қазір дамыл да, ұйқы да жоқ. Шапқылап, ат үстінен түспей, не боп кеткенін өздері де түсіне алмай жатқан секілді. Әйтеуір бір ұққандары, Назарбаев десе Тоқаев деуді ұмытпау керектігін, ал Тоқаев десе Назарбаев дегенді айтуды ұмытпауды жадыларына жақсылап түйіп алғанға ұқсайды.

Бірақ  уақыт күтіп тұрмайды ғой. Қысастап барады. А, б дегенде сайлау күні де жетіп келді, міне. Істелген жұмыстар бір жерде көрінсе, бір жерде көрінбей қалуда. Ал мұндайда тек шалт қимыл ғана тиімді. Шалт қимылды жасау да өнер, негізі. Бірақ Тоқаев ондайдың адамы емес.

Ол кісі кешенді түрде бүткіл мәселені қамтып, стратегиялық қадам жасауды жақсы көреді. Негізі, дұрысы сол. Бірақ уақыт оған мүмкіндік бермей тұр ғой қазір. Енді бірдеңе жасау керек. Селк еткізетін, өзіне деген халықтың сенімін нықтап беретін.

Бір сөзбен айтқанда, бүткіл елді қамтитын «реальный» әңгіме керек қазір оларға.

Мысалы үшін, қазір қоғам үшін тұншықтырылып тұрған тақырыптың бірі – банк комиссиясы. Мұны біреу білер, біреу білмес. Айтса бұл ұзын-сонар әңгіме. Қысқа қайырсақ, қазір өз атына несие тіркетпеген қазақ кем де кем шығар. Сондықтан бұл бар қазақты қамтитын мәселе. Ең маңыздысы осы арасы.

Банктер осыған дейін несие тіркетуде белгілі бір комиссияны заңсыз алып келген.  Соны бірер жыл бұрын коммерциялық банктер өз иесіне қайтара бастаған. Онда да тек сот шешімімен ғана. Көзі қарақы қауым сотқа жүгініп, 2-3 жыл бойына осы комиссияны қайтарып алып жүрген. Бірақ шамалы, онда да банкте танысы бар  санаулы адам. Ал несиесіз өмірін елесетете алмайтын қазақтың көбісі мұнан хабарсыз боп шықты.

 Экономиканы жазатын менің өзім мұны кеш білдім. Мен де ел секілді  бұл комиссияны 2015-2016 жылдары тіркелген несиеге қатысты беретін шығар деп ойлап жүргем. Өйткені банктегілер солай деп ақпарат берген. Сөйтсем олар өтірікті көп айтатын боп шықты. 

Керісінше, олардың мақсаты –  халыққа тиесілі сол ақшаны қайтармаудың бар амалын қолдану.  Ал расында бұл арада несиенің жылына қатысты ешқандай шектеу  жоқ екен.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы несие тіркеттіңіз бе, онда комиссия бойынша сотқа арыздануға барлық адамның құқығы бар. Мұны заңгерлер айтты (Бұл туралы мәліметпен мына сілтеме арқылы кеңінен таныс бола аласыз).

Сілтеме:  https://informburo.kz/kaz/azastanda-nesie-alandar-bankt-zasyz-staan-komissiyasyn-aytaryp-alua-asypay-otyr-nege.html

Оны естіп алып, содан желіде: “Ал қазақтар, банкке ағыл!” деп мына жақтан мен мақаланы бұрқ еткіздім. Ел де таң қалып, жағасын ұстады.

 Сенгені бар, сенбегені бар, бәрі банкке ағылды. Өкініштісі,  сол мақала шыққанына бір ай болды ма, болмады ма, сот банк комиссиясына қатысты арызды қабылдауды тоқтататынын жария етті. Нақты айтсақ,  19 наурыздың ортасында. Иә, осы кезден бастап несие бойынша заңсыз алынған комиссияның иесіне қайтарылуы доғарылды. Онда да уақытша деді. Содан жұрттың бәрі абдырап қалды. Не болды десе, ешкім оған тұщымды түсінік бере алмады.

Тура сол кезде Ұлттық банктің басшысы да ауысып кетті. Жаңа басшыға журналистер лап қойды. Ал ол болса, бұл сұраққа жауап беруден бас тартып, басын ала қашты.

Арада көп уақыт өткен жоқ, несие төлеп жүрген адамдардың қол телефонына банктерден хабарлама келіп түсе бастады.

«Егер сіз осыған дейін айына пәленше төлеп жүрсеңіз, енді түгенше төлейсіз» деген сипатта. Яғни, заңсыз алынған комиссия енді төленетін несиелерден шегерілді. Сөйтіп елдің ай сайын төленетін несие көлемі қазір біршама азайған.

 Ал оған дейін, мысалы 2015 жылы 5 жылға несие тіркетті делік адам. Сол адамның енді 2019 жылдың сәуір айынан бастап несиесінен банк белгілеген  заңсыз комиссия шегерілген.

Ал ол адам 2015-тен бастап 2019 жылдың сәуір айына дейін ол заңсыз комиссияны төлеп жүрді емес пе? Міне, соны банктердің енді қайтарғысы жоқ. Ол банк балансында тұр. Оны сот арқылы бұған дейін алу мүмкін болған. Ал олар болса, соны енді мүмкін емес қып қойды. Әділетсіздік пе, әрине әділетсіздік қой.

Ол заңсыз төлеген ақшасын банктен қайтарып алған адамдар бар, ал басқалары енді неге ала алмайды оны?

Бұл сол адамның өзіне тиесілі заңды ақшасы ғой. Банкке тек артық төлеп қойған. Онда да банкирлердің заңды аттап-пұттап, заңсыз артық ақшаны белгілегенінің кесірінен.

Міне, осы комиссияны сотсыз-ақ, халықтың банк картасына өздігіне келіп түсетіндей қылса, тамаша емес пе?..  Халық үшін әділдік деген осы!

Міне, президенттіктен үміткер осы қарапайым, заңды нәрсеге қауқары жететін дәлелдей алса, онда халық ол адамның өзгеріс жасауға дайын әрі лайықты екеніне көзі әбден жетер еді. Барша қазақ, онда ойланбай-ақ, Тоқаевқа дауыс берер еді, негізі.

Өзгеріс деген төменнен, осындай «бытовой мәселелерден» басталуы керек емес пе, өзі?!.  Одан кейін үлкен стартегиялық мәселелерді сөз қып, уәде етіп айтуға болады.

Ал оған дейін ондай сөздер аспандағы айға қол созғанмен бірдей ел үшін. Ондайға оңайшылықпен сенбейді халық…

Кәмшат СӘТИЕВА

Бірер дерек:

  • 2012 жылдан бастап банктердің ссудалық шотты жүргізу үшін алынған комиссиясын ҚР Жоғары сотының шешімімен заңсыз деп танылды!
  • Бірақ банктер оны халықтан бәрібір заңсыз ала берген!
  • Ал заңсыз алған бұл комиссияны банктер тек несие алушы сотқа жүгінсе ғана қайтарып отырған!
  • Бірақ биыл наурыз айында соттар осы негіздегі арызды қанағаттандыруды кілт тоқтатты, заңсыз болса да…