Back

«Жетісу» радиосы жұмысын бастады

Белгілі ақын, журналист, «Жетісу» арнасының радио хабар тарату бөлімінің бас редакторы Айнұр Төлеу өз саласының жетістігі мен қиындығы туралы сұхбат берді.

 

– Жаңадан ашылған «Жетісу» арнасының радио хабар тарату бөлімі жайлы айтып берсеңіз?

– Биыл облыстық «Жетісу» телеарнасының құрылғанына 20 жыл толуына орай, Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының негізінде облыстық «Жетісу» радиосы ашылып, 7 мамыр күні өз жұмысын бастаған болатын. Аптасына бес рет таңғы сағат 08:00-ден кешкі сағат 22:00 аралығында, 8 айдармен күніне төрт сағаттан эфир шығарып жүрміз.

Радио жаңадан ашылғандықтан, бәрін басынан құруға, жас мамандарды дайындауға, радионың мүмкіндіктерін түсіндіруге біраз уақыт кетті.

Негізі, журналистика факультетінде лингвистика  пәнін арнайы оқытпайды. Ал журналистерге бір семестрді фонетикаға арнап арнайы оқытуымыз қажет.

Себебі өскелең ұрпақ әріп қалай таңбаланып жазылса, дәл солай сөйлеуді әдетке айналдырған. Осы қателіктермен біраз жұмыс жасадық. Қазір «Жетісу» арнасының радио хабар тарату бөлімінің радиожүргізушілері орфоэпиямен таза сөйлейді деп ұялмай айта аламын.

– Радионы кәсіби мамандар жүргізіп жүр ме?

– Мен 2007 жылдан бері радиода қызмет етіп келемін. 11 жылдық ғұмырымды радио саласына арнаған адаммын. «Жетісу» арнасының радио хабар  тарату бөліміне арнайы шақыртумен алындым. Жалпы, бұл жерде телеарналарда қызмет еткен мамандар да алынды. Әрине, басында ол кісілерде телеарналық ойлау жүйесі болғандықтан, радио жүйесіне кіру қиынырақ болды. Қазір кемшіліктердің орнын толықтырып, бірлесіп жұмыс істеудеміз.

– Жалпы, бағдарламаға тақырып таңдауда неге сүйенесіздер? Тақырып табу, оның айналасында əңгіме құрып, іздену оңай шаруа емес қой…

– Бізде қатып қалған ереже мен тəртіп жоқ. Тыңдармандарымыз әлеуметтік желіде нені көп тыңдайды, неге мән береді, соған ең бірінші сараптама жасай отырып, соның аясында хабар дайындауға тырысамыз.Таңғы эфирге Жетісу өңірінің танымал тұлғаларын шақырып, ақ батасын алудамыз. «Ел мен жер», «Дидар-Ғайып» секілді бағдарламамызда тарих пен этнографияны жетік меңгерген, миф пен ақиқаттың арасын ажырата білетін мамандарды шақырып, әңгіме өрбітеміз.

– Тікелей эфирдің қиындығы мен қызығы туралы айтып берсеңіз…

– Радио – журналистиканың ең қиын саласы. Қиын болатын себебі, біріншіден телеарнада  сөйлемің қанша қате немесе сауатсыз болса да, адамдарды вижуалмен (видеомен) алдауға болады. Радиода ондай мүмкіндік мүлде жоқ. Бір әріптен қате жіберсеңіз болды, тыңдарманыңыз сол сәтте басқа толқынға аударып жібереді. Тыңдарман көргеннен гөрі, тыңдауға тез жалыққыш келеді. Әдемі дауыс арқылы тыңдарманды тартуға болады.

Тікелей эфир не болса соны  жосылта сөйлеп, қызыл тілге ерік беру емес. Ол – үлкен жауапкершілік. Мәселен, телеарнада бір бағдарламаны эфирге шығару үшін оған толып жатқан адам қызмет етеді. Ал радиода осының барлығын бір ғана редактор-жүргізуші өзі атқарады. Радиода мейлінше ұғынықты, халыққа жақын тілмен сөйлеу қажет. Ал тікелей эфирдің жөні мүлде бөлек. Радиода ұғынықты, халыққа жақын тілмен сөйлеу қажет. Барлығы тек үн арқылы ғана жеткізілетіндіктен, дауысқа көп мән беріледі.

Бір кезде радио ең шұғыл ақпарат жеткізу құралы деуші едік, оның орнын интернет орап кеткеніне келісесіз бе?

Радио – қазақтың үні. Радио қалай сөйлесе, күллі қазақ солай сөйлейді.

Әдебиет не үшін керек? Әдебиет адамның талғамын өсіреді. Әдеби талғам қалыптаспаған адамның сурет өнерінде, театрда да талғамы қалыпты болмайды. Сол себепті балаға кішкентай кезінен әдебиетпен сусындатуымыз керек. Мұны қозғағаным, талғамы бар адам шұғыл ақпаратты радио арқылы  береді. Ақпарат көзі адамға қажеттіліктен туады. Бүгінде жастар web-қа көп мән беруде. Бірақ бұл әлемдік деңгейде емес. Мысалға, Түркия мемлекетіне бара қалсаңыз, қала тұрғындары радионы көп тыңдайтындығына көз жеткізесіз. Ақпарат деген ағылып жатыр. Бірақ радио – ұлттың үні екенін де ұмытпауымыз керек.

– Эфирдегі хабарларға деген жұрттың ықыласы, ынтасы  ерекше болатыны белгілі. Дегенмен соған қарамастан тікелей эфир жүргізушілерінің еңбегі елене бермейді. Неліктен?

– Тікелей эфирде айтылған сөз сол жерде қалады. Еш жерде мақала болып жазылып, жарияланбайды. Телеарнада түсірілген сюжетті сақтап қоюға болады. Радиода ондай жоқ. Сөйлеген сөзіңіз дереу тыңдарман құлағына жетіп отырады. Міне, сондықтан радио жүргізушісінің шеберлігіне, ойының тереңдігіне, тікелей эфирде тыңдарманды ұйытып, тақырыпты ашу тәсіліне баға беріп  жатқан ешкім жоқ.

– Сіз сияқты радиожүргізуші боламын дейтін жас толқынға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– Көбіне даусың әдемі болса болды, даусың бар екен радиоға бар деп жатады. Қазіргі радиожурналистикада дауыс шешуші фактор емес, бір пайыз даусыңыз болса да, 99 %-ын талантпен толықтырып, кітаби ойлау жүйеңізді қалыптастырыңыз. Даусы әдемі адам деп жан дүниесі рухани толыққан адамды айтар едім. Жан-жақты болыңыз. Бұрынғы дикторлар қалай сөйлегендігіне мән беріп, орфоэпия мен сингармонизмді қалай қолданғанына мән берсе дер едім.

–  Сұхбатыңызға рақмет!

 

Балжан ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Алматы облысы