Back

Болатхан Тайжан: “Мен мынаған қынжыламын…”

Белгілі дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері марқұм Болатхан аға Тайжанның ұлттық рухымыз туралы өзіндік жан-жақты ойларын назарларыңызға ұсынып отырмыз, құрметті оқырман. Ұлттың жанашыры болып өткен жайсаң ағамыздың сөйлеген соңғы сөзін сол қалпында беруді жөн санадық.

– Билік отарсыздандыру мәселесін көтергісі келмейді. Билік білмейді емес, біледі. Тіпті кітап, газеттерді оқымаса да біледі.

Нұрсұлтан Назарбаевпен талай рет жеке сөйлескенмін. Біраз жыл ол кісімен қызметтес болдым. Осы мәселелерді айғай-шусыз, дастарқан басында шай ішіп отырып та әңгімелескенбіз.

Яғни бұл әңгімеден билік хабардар.

Орыс империясы құлағаннан кейін, барлық бостандық алған мемлекеттер отарсыздандыру саясатына бет бұрып кетті. Сондықтан олардың ұлттық рухани дүниесі қалпына келіп, осы 15 жылдың ішінде-ақ тілін де, ділін де, мәдениет, өнер, спорт салаларын көтеріп алып кетті.

Ал Қазақстан мешел қалып отыр. Неге?

Өйткені билік қазақтардың рухын Қазақстанда көтеруге ешбір пиғыл, мінез көрсетпей отыр. Тіпті әдейілеп қазақтарды басып отыр.

Себебі олар бұрынғы орыстардың «өз халқыңа көңіл бөлсең, ұлтшыл боласың» деген жұпыннан биліктегілердің әбден зәресі ұшып қалған. Олар қазақ халқына қолдау көрсетіп, рухын көтеретін болса, онда қазақ ұлтшылдығы күшейіп кетеді деген ойда.

Жалпы, қай мемлекет болмасын, сол мемлекетті құрып отырған халықтың рухымен ғана мемлекет бола алады.

1973 жылы 4-қыркүйекте «Ленинская смена» газетіне «Проблемы духовный деколанизаций» атты мақалам шыкты.

Сонда әрбір бостандық алған халық «должны пройти этап через деколонизацию» деген нәрсені жаздым.

Жуырда ғана бірнеше телеарнадан көрдіңіздер. Францияда, Италияда велоспортқа қатысып, Қазақстанның атын жамылып жүрген велоспорт «Навело» командасы бар. Құрамында 29 велосипедшілер бар.

Ішінде бірде-бір қазақ жоқ.

Оның ішінде 19-ы өзге елдің азаматтары. Біз не деп ол команданы мадақтаймыз. Керісінше, оларды Премьер-министр болып тұрған кезінде Ахметов мырза қатты қолдады. Бір миллион емес миллиондаған доллар бөліп берді.

Жарыс аяқталғаннан кейін оларды Президент Назарбаевтың өзі қабылдады. Орден беріп марапаттады. Мұндай мысалдар көп. Спорттың түрлерінен атап-атап өтсем, Асқар Можанов, Ермұрат Қайыпжанов деген кик-бокстан спорт шеберлері бар. Бұлар Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы болып қана қоймай, әлем чемпионатының кубогын алғандар. Осы жігіттерді Назарбаев «еліміздің спортшысы» деп қабылдады ма? 2000 жылы Сиднейде Олимпиада болды.

Мен ол уақытта Австралияның жанында жүргенмін. Пошта арқылы «Время» деген газетті Алматыдан алсам, онда былай деген жазуларға көзім түсті: «Единственная это наша золотая» деп Ольга Шишигинаны жазыпты. Не деген мадақтау десеңші!

1990 жылдары Ұлыбританияда туып өскен, ұлты йемен-араб, бокстан әлемнің чемпионы болды. Ұлыбритания қатты мақтан етіп: «Міне, біздің азаматымыз!» деді.

Сонда Йеменнің Президенті жаңағы британдық азаматтығы бар, сол елде туып өскен қандасын Йеменге шақырып, бүкіл халқының алдында: «Мұның ұлты Йемен» деп мейрам өткізген.

 Неге біздерде осындай ұлттық рух жоқ! Біз кез келген саладан дарынды халықпыз. Тіл мәселесі ғой өз алдына жатыр.

Қоғам деңгейіндегі үлкен мінбелерде осындай мәселелерді айтуымыз керек. Рухани сипатымыздың осындай жағдайға жетуіне қазақ жастары, зиялы қауым кінәлі емес. Оған кінәлілер – елді басқарушылар.

Осы күнге дейін 160-180 елді аралап көрген, сол елдерде өмір сүрген адаммын. Мен 30 жыл Қазақстаннан тыс өмір сүрген адаммын.

Дүниежүзінде 200 мемлекет болса, сол мемлекеттердің бәрінде де сол елдің тілін білмесең азаматтық ала алмайсың. Біздегі тағы бір қызығы Сыртқы істер министрлігіне қазақ тілін білмейтіндер келеді. Бұл не деген сорақы нәрсе?!

 

Пікірлер

пікір