Back

Бәйменов: «Халық бір ғана партияның болуын қабылдамайды»

Әлихан Бәйменов қазір Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы. «Ақжол» партиясына жетекшілік еткен уақта Бәйменов қазіргі саясаттың кем-кетік тұстарын тура айтатын-ды, көзге шұқып көрсететін. Мәселен, мына сұхбаты соған дәлел. «Қоғам өзгерсе, онда саясаткерге қойылатын талап та өзгереді», – дейді Бәйменов.   

 

«Ассамблея саясатпен айналысу үшін құрылған жоқ»

Саяси жүйені өзгертудегі ұсыныстарды айтсам, Мемлекеттік комиссиядағы айтқан ұсыныстар өз көрінісін тапты. Президент комиссиядағы айтылған Ассамблея санатынан Сенатқа өкілін өткізу жөніндегі ұсынысты айтқан жоқ. Меніңше, мұны алып тастағаны дұрыс.

Жалпы, ешкімге ұлтына қарап артықшылықты бермеуді Конституцияда бекіткенбіз.

Екіншіден, Ассамблеядағы ұлттық мәдени орталықтар саясатпен айналысу үшін құрылған жоқ. Мәдени мәселемен айналысу үшін құрылған. Үшіншіден, барлық ұлттардың өкілдерінен қазақстандық партияларға кіруге құқығы бар. Сол саяси жүйеге дағдыландыру керек.

Төртіншіден, бұл қазақстандық азаматтық патриоттықты қалыптастыруға кедергі жасайды. Жемқорлық пен күрес нақты айтыла қойған жоқ. Мемкомиссия мүшелері әзірлеген барлық шешімдерді жария етті. Мен үшін соның ішінде жергілікті атқарушы орган басшысының сайланатындығы және жергілікті өзін-өзі басқару органы ретінде мәслихат танылатындығы маңызды болды. Өйткені бүкіл әлемде солай. Ал Конституциядағы қайшылық 12 жыл бойы осыны енгізуге, орынды заң қабылдауға мүмкіндік бермеді.

 

Қоғам өзгерсе, онда саясаткерге қойылатын талап та өзгереді

 Жалпы, адам мен қоғамның бірігуінен саясат басталады. Адамзат тарихында саналы кезеңнің бәрі де саясаттан тұрады. Біреудің пікіріне әсер етуден бастап оның ең жоғары шегі мемлекет басқаруға дейінгі аралықтың бәрі саясат.

Саясат бір жақты болып кетпес үшін өзіндік қалыптастырған жүйелері болады. Өркениетті жолға түсу үшін де саясат көлеңкелі күрестен, яғни көрпе астындағы күрестен гөрі жариялылықты басқара алатын тәсілді жүргізеді.

Егер жабық астыртын күрестер көп орын алатын болса, онда түрлі-түрлі жымысқы, кейде зұлымдық іс-әрекеттерге алып барады. Нәтижесінде, сол зұлымдық әрекеттер құпия қалпында қала береді.

Мысалы, өткен жылғы үлкен екі қайғылы оқиғаны алайық. Бұл оқиға саяси жүйедегі ашық, әділ бәсекелестіктен гөрі жасырын, құпия істердің белең алып тұрғандығын байқатқандай әсер етті.

Қоғам, мемлекет тұрған жерде саяси жүйенің де болуы шарт. Ал мемлекет болған соң билік те, заң да болады. Заңдарды қабылдаудың өзі саясаттың көрінісі. Заң деген – саясаттың құқықтық бейнесі іспеттес. Онымен сөзсіз дайындығы бар, қоғам алдына шыға алатын адамдардың айналысқаны дұрыс.

Саясаткерлердің жүрер жолын шын мәнінде, қоғам шеше ме, әлде билікті қолына алып алған адамдар шеше ме, міне, осыған да көптеген жайттар байланысты болмақ.

 Мәселен, шын мәнінде, халқына жаны ашып, өзі сол өмірді жақсартамын деп жүрген азаматтар да саясатпен айналысады. Екінші жағынан, бәрін де ақ қылып көрсетуге болмайды. Саясатта да жалпы өмірдегідей періштелер жүрген жоқ. Олардың ішкі құндылықтары орташа көрсеткішпен алғанда қоғамның өзіне жақын.

Қоғам өзгерсе, онда саясаткерге қойылатын талап та өзгереді. Талап өзгеру үшін талғам қалыптасуы керек. Талғам болу үшін таңдау болу керек. Таңдау болуы үшін әрине, бәсеке әрі сайлау болуы керек.

 Осы тізбектің өзі саясаткерге тікелей әсер етері сөзсіз. Ендеше, халықтың арасында көзі ашық болған азамат егер көкірегі ояу болса, ол қай жолдың дұрыс екендігін анық көрсетіп отыруы керек.

Мысалы, егер 1994-1995 жылдары халықтың дауысына салатын болсақ, көпшілік бізге нарықтық экономиканы жақтап дауыс бермеуі мүмкін еді. Өйткені ол жөнінде ақпарат жоқ, белгісіз нәрсе болатын. Нарықтық экономика әлеміндегі адамзатқа деп ойлап тапқан жүйелерінің тиімді екенін көргеннен соң, осылай шешім қабылданды.

Бірақ мен шектік мысал ретінде мынаны айтып өтейін. Алла Тағала екі Корея мен екі Германияны басынан өткізген нарықтық экономикасын барлық халықтарға мысал болсын деп жасаған секілді.

Екі Германия 40 жыл бөлек мемлекет болады. Сол 40 жылдың ішінде демократиялық нарықтық экономикаға негізделген Батыс Германия бірнеше есе Шығыс Германиядан озып кетті.

Ал демократиялық нарықтық жолды таңдап алған Оңтүстік Корея әлемдегі ең дамыған елдердің санатына кірсе, Солтүстік Корея өзінің халқына тамақ тауып бере алмай, Оңтүстік Кореядан жыл сайын бірнеше жүз мың тонна күріш сұрап алып жейді. Міне, осының барлығы да саяси жүйенің тікелей әсері.

 

«Алдымен, экономика, содан кейін саясат? Хмм…»

 «Алдымен, экономика, содан кейін саясат» дегенге мынаны айта кетейін. Бұл өзі алдымен тауық жұмыртқалай ма әлде жұмыртқа тауықтан пайда болды ма деген сауал сияқты нәрсе.

Экономикалық реформалар дегенде халық ұзақ мерзімді демократиядан түңіліп, баяғы тоталитарлық жүйе жақсы деп айтып кетпеу үшін белгілі бір биіктігіне жетсе ғана демократиялық күштердің әлеуметтік негізі молырақ болады.

Экономикалық реформалар нарықтық бағаға лайықтап жасалынады.

Саяси жүйе өзгеріп, демократиялық өзгерістер болмаса, онда нарықтық экономикалық күштер мен билікті тек демократиялық жолмен ұстап қаламын деген күштердің арасында қайшылық пайда болады да, ол да елдің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына кері әсер туғызады.

Бұған Индонезияны мысалға алайық, Индонезияда кезінде жерасты байлығы да жақсы дамып келе жатқан болатын. Мемлекет басшысы Сухарто мырза ешқандай реформаны саясатта жүргізбей, тек экономика деп кетті. Аяғында елі келеңсіз жағдайға душар болып, тез арада шұғыл артқа кетті.

 Біз 1995 жылғы Конституция бойынша алдымен экономика деген жүйені құрдық. Ол рас өзінің жемісін берді. Тезірек нарықтық заңдар қабылданды, елімізге инвестициялар келді. Әрине, оның негізінде біздің ата-бабамыз қалдырған мұра жатыр.

Егер біздің жерімізде соншама мұнай, көмір, темір, күміс, алтын болмаса, онда қазір біздің тезірек алға шығып кетуімізге ол заңдар болғанымен де мүмкіндік болмас еді. Сол заңдар неге алаланып жұмыс жасайды?

Біреу неге өз бизнесін оңай жолмен ашады да, екіншісі әуре-сарсаңға түседі? Неге біреуге жақсы жер бөлінеді де, келесісіне жаман жер бөлінеді? Неге біреудің бизнесіне тапа-тал түсте шабуыл жасап пайдасын тартып алады да, екіншісіне сот үндемейді?

Неге халық, сот орнын әділдік іздейтін жер емес, жазалаушы орын деп қабылдайды? Неге көшедегі полиция қызметкерлерін өзінің қорғанышы деп емес, әлі де болса жазалаушы орган деп қарайды. Осының бәріне де жауап саяси жүйеде жатыр.

Саяси реформаларды экономиканың өзі, халықтың тұрмысының өзі керек етеді.

 

«Қоғам әлі саяси күшке айналып үлгерген жоқ»

Біздің еліміздің тарихында соңғы патшалық, не Кеңес Одағы кезінде де қоғам билікке әсер ете алған жоқ. Яғни соңғы оншақты буынның ішінде билікке әсер ететін қоғамдық дәстүр бізде болған жоқ. Оның әсері сезіледі.

Жалпы, билік қай мемлекетте болмасын, қоғамның шыдамы жеткен жерге дейін өзінің айтқанын жасауға тырысады.

 Бірақ ол елдерде сол қоғамның атынан тепе-теңдікті ұстап тұратын мықты Парламент, әділ сот жүйесі болады да оны істей алмай қалады. Және қоғамның өзі келесі сайлауда басқаша дауыс беріп, адамдарды алып тастайды. Сондықтан олар қоғаммен санасуға мәжбүр.

Біздегі қоғам әлі саяси күшке айналып үлгерген жоқ. Сол себептен де билік өз ұғымындағы дұрыс нәрселерді жүзеге асырып келе жатыр. Оған қоғамның берер бағасы әдетте сайлауда жүзге асырылады. Алайда сайлауға да биліктің әсері болғандықтан, толық мәнінде қолдауға ие болып жатыр деп айту қиын.

Шынын айтқанда, біздің қоғам қазір аштықтан кейінгі өмір сүріп жатқан адам секілді.

Өйткені кеңес дәуірінде адамға қажетті материалдық дүниелер көп болған жоқ. Иә, кеңес дәуірінде әдебиетті көп оқыды деп айтады. Ол әдебиеттің көп оқылуы мен арақтың көп ішілуі, бұл сол замандағы ойлайтын адамдардың шынайы өмірден қашуының бір жолы болған. Тіпті рухани құндылығы аздау болса да кітаптар оқылып жатты.

Бізде халықтың ең қасіретті жылдарының өзі, халықтың репрессияға ұшырауымен, екі рет әліппесінің өзгеруінің өзі теңдесі жоқ адамзатқа қарсы қылмыс. Міне, осылар біздің тарихымызда көркем әдебиетімізде, өнерде өзіндік орнын таппаған. Осылардың әсері болар, қоғамдық күшке айналуымыз үшін ағартушылықтың да, саяси ұстанымның да қажеттілігі бар.

 

«Бұл билікке сын»

Қазақ қоғамында табиғи демократияға ұмтылыс бар. Теңдесі жоқ тарихымыз, даламыздың кеңдігі, Шыңғысхан қалаларымызды қиратқаннан кейін жойылғаны, 700-800 жылдар бойы негізінен көшпенді болғандығы, шабуылдан соң сол кездегі мәдени ошақтар, біріншіден, қала мәдениетінен алшақтау қалды десе, екінші жағынан халқымыз ашық, жаңашыл, бейімделгіш болуға тәрбиеленеді.

Халықтың осы артықшылығын пайдалану – билікке сын. Демократияға табиғи құштарлық бар болса оны санамен бекіту керек.

Ол үшін әлемнің ең үздік ойшылдарын, оның ішінде демократиялық бағыттағы ойшылдарын ана тілімізге аударып отыруымыз керек. Басқаны қойғанда, біз қазақ тілінде әл-Фарабиді дұрыс оқығанымыз жоқ. Қазақтың 99 пайызы әл-Фарабидің кім екендігін ғана біледі, ал оның бірде-бір кітабын оқымаған.

 

«Халық бір ғана партияның болуын қабылдамайды»

Менің ойымша, халқымыздың, қоғамымыздың тарихи ерекшелігі ұзақ мерзімді бір ғана партияның болуын қабылдамайды. Бұл жағынан келгенде біз жапон, не қытай, не Малайзия қоғамы емеспіз. Президенттің маңайындағы кейбір саясатты талдаушылар қателеседі. Бізді Азия дейді, бізді Шығыс дейді. Иә, бізді Шығыс деп айтуға болады. Бірақ кіммен салыстырғанда Шығыспыз?

 Жапониямен салыстырғанда Батыспыз. Қытаймен салыстырғанда Батыспыз. Ал Түрікмениямен салыстырғанда Шығыспыз. Сонда біз Жапониядан батыстау болуымыз керек пе, жоқ әлде Түрікмениядан Шығыстау болуымыз керек пе? Қоғамдық саяси өзгеріс ол географиялық өлшеммен өлшенбейді. Бұл атау Еуропа тұрғысынан алғанда, бірегей десек те, Азия әр алуан. Мәселен, Индия бір өркениет, қытайдың өркениеті бөлек. Тынық мұхиты жағындағылардың өзі бір өркениет. Сондықтан Азияны бірегей деп айтуға болмайды. Бұл кісілер қателеседі. Қазір уақытша бір партия басымдылыққа ие болуы мүмкін.

Ұзақ мерзімді деңгейге келгенде бәрібір сол партияның ішінде де жікке бөліну пайда болады. Оны көріп те жүрміз. Және ары қарай да басқа партиялар бірігіп, мықты 3-4 партия болады деп ойлаймын.

Ал монополистік партия болу деген сөз ол жақсылыққа апармайды. Оны кеңес дәуірінде де көрдік. Жалпы, кеңес дәуірі адамдардың бойында кез келген идеологияға деген жиіркенішті қалыптастырды. Көпшілікті осылай алдап келгені кейін белгілі болып қалды. Адамдардың партияларға қызықпайтынының түбі сол кеңес дәуіріндегі жиіркеніште жатыр.

 

«Қоғамның аузы күйді»

 Оппозиция да қоғамның бір бөлігі. Қоғамдағы кемшіліктер бізде де бар. Бұл азаматтық дәстүрдің кемшін тұсы.

Азаматтық дәстүр деп, мен мемлекет басқаруда саясатқа азамат ретінде араласуын атар едім.

Кеңес дәуірі де, патша дәуірі де, бізді қазақ халқын жәй тұрғын ретінде, бұратана халық ретінде ұстағысы келді. Кеңес дәуіріндегі біздің республика басқарған адамдарының өзінде шын мәнінде, елінің тағдырына тікелей әсер ететін деңгейдегідей мүмкіншілігі болған жоқ.

Басқаны айтып қайтеміз, мәселен, үлкен қонақүйді салуға, Республика сарайын салуға немесе Арасан моншасын салуға Мәскеуден рұқсат алу керек болатын. Тіпті ауданның басшыларының өзі ауданның мәселесін сонау Мәскеуге барып, сол жақтан бекітіп келетін. Аузы күйген үрлеп ішеді дейді.

Қоғамның аузы күйді. 70 жыл бір партия оны алдап келді. Кейін жарға әкеп соқты. Ол партияның өзі 17 миллион адамым бар деп келіп еді. Партия тараған кезде сол 17 миллионнан: «Менің партиямды неге таратып жатырсың?» деп ешкім көшеге шыққан жоқ.

Осының өзінен-ақ партияның жалған екендігі байқалып қалды. Ең бастысы, Лениннен бастап, барлығы да халық үшін деп, бірақ Мәскеудің түбіндегі керемет-керемет зәулім саяжайларда өмір сүргендіктері де әшкереленді емес пе.

“Жас қазақ үні” газеті

2007 ж

 

 

Пікірлер

пікір