Back

Назарбаев: “Елімізде қос билікке жол берілмейді”

“Nur Otan” партиясының төрағасы, ҚР экс президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Nur Otan» партиясы кандидатының Республикалық қоғамдық штабының мүшелерімен кездесіп, өңірлік штаб жетекшілерімен селекторлық кеңес өткізді.

23 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен жиында Назарбаев сайлау науқанын жіті қадағалап отырғанын айтып, Қазақстанда саяси бәсекенің бар екеніне тоқталған.

“Сайлауға 7 кандидат түсті. Бұл – елімізде саяси бәсекенің бар екенін айғақтайды. Кандидаттар түрлі қоғамдық топтар мен бірлестіктердің мүддесін білдіреді. Әр кандидат елімізді және қоғамды дамытуға арналған өз бағдарламасын ұсынды”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар партия басшысы барлық кандидаттарға сайлауалды үгіт-насихат және тұрғындармен жұмыс жүргізу үшін бірдей мүмкіндіктер берілгенін атап өтті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев инфрақұрылымды дамыту, өңірлерде тұрғын үй салу, халықтың аз қамтылған топтарын қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелеріне де тоқталды.

“Қазақстанда жұмыссыздық емес, кәсіптің тапшылығы бар. Сол себептен, бірінші жұмысшы мамандықтарына тегін оқытатын бағдарлама әзірленген болатын. Біз жастар үшін барлық жағдай мен мүмкіндік жасадық”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев алдағы уақытта ел игілігі үшін қызмет ете беретінін де айтты.

“Мен еліміздің игілігі үшін қызмет ете беремін. Мемлекетімізде қос билікке жол берілмейтінін атап өткім келеді. Бәріміз халық сайлаған Президентке қолдау көрсетіп, жұмыс істейміз”, – деп түйіндеді Назарбаев.

Пікірлер

пікір