Cоңғы жаңалықтар
Back

Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға: көпбалалы отбасылар Керекуге көшіп жатыр

«Нұрлы Ертіс» пилоттық жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұзға қоныс аударуға ниет білдірген 31 шаңырақтың 17-сіне пәтер кілттері табыс етілген.

Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов мәлім етті.

– Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірге баспана алу үшін кезекте тұрған көпбалалы отбасылармен кездесу өткіздік, – дейді Қайрат Нұрмағамбетов. – Ертең тағы 25 отбасы келеді деп күтілуде. Облыстағы аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге 907,5 млн теңге қаражат бөлініп, Ақсу қаласында аталмыш санаттағы 70 отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік туды.

Екібастұз қаласында 13 көпбалалы отбасына арендалық баспана ұсынылды. Демеушілердің есебінен сегіз отбасына пәтер берілді.

Сондай-ақ, екі көп балалы отбасына «Гидропром» және «Энергоуправление» ЖШС «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаны төлеу үшін 2 млн теңгеге тұрғын үй сертификаттарын табыс етті.

Бұл ретте облыс әкімі Болат Бақауов жұртшылық арасында дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және облыста бос тұрған үйлерді анықтау үшін сараптама жасауды тапсырды.

– Пилоттық жоба аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен Екібастұз қаласында баспана беріледі, – деді аймақ басшысы. – Себебі, Екібастұзда мемлекеттік бағдарлама аясында салынған пәтердің бір шаршы метрі 140 мың теңге болған. Алайда, бір де бір пәтер сатылмады. Бұдан кейін 100 мың теңгеге дейін түсірген күннің өзінде сұрақтар болды.

Сондықтан үкімет деңгейінде еңбек күші артық өңірлерден және Нұр-Сұлтан қаласынан жағдайы қиын отбасыларға көмек көрсету мақсатында Павлодар облысы бойынша пилоттық жоба қабылданды. Бұл жерде аймақтың демографиялық жағдайы да ескерілгенін атап өткен жөн. Ақбота Сейсенбаева

Дереккөз: pavlodarnews.kz