Back

Қосанов: “Қатып-семген жасанды саяси ұрандарды қоятын уақыт жетті”

«Оның ұстанымдары мейлінше анық әрі түсінікті: билікті халыққа қайтару, қоғам өмірінің барлық салаларыңда әділеттілік заңдарын орнықтыру».

Осыдан 10 жыл бұрын «Ана тілі» тілшісімен сауалдасқан Әміржан Қосанов араға уақыт салып президент сайлауына түсерін болжамаған болар. Ол тұста Қосанов ЖСДП қатарында еді. Одан бері де қаншама су аққанмен, сол сұхбатының мәні мен мазмұны солғын тартпапты.  Қосановтың 10 жыл бұрынғы сұхбаты мен бүгінгі өмірден еш айырмашылық таппасаңыз, таусылмаңыз. Сұхбатты жариялаудың себебі сол-тұғын.

– Әміржан аға, Парламент сайлауынан бері де біраз уақыт өтті. «Нұр-Отан» партиясын биліктің қолбаласы деп қанша сынап-мінесек те, күн өткен сайын дүбірі күшейіп келе жатқан секілді. Керісінше, «халықшылмыз» деп жүрген оппозициялық партиялардың үні неге бәсең? Оппозицияға халықпен жұмыс істеуге құлықсыз, оларға халық емес, билік пен жайлы орын ғана керек деушілерге өздеріңізді жығып беріп отырган жоқсыздар ма?

– Сайлау кезеңі – өз заңдылығы бар ерекше кезең. Кімнің кім екені танылатын да, кімнің кім екенін танытатын да осы тұс.

Сондықтан «Абылайдың асында шаппағанда… » деп, кезі келіп тұрғанда қай партия болсын қамшыны аямай басып қалады.

Оның ішінде «аққа Құдай жақ» деп, «Аллалап» әліне қарап шабатындар да, әліне қарамай әлек болатындар да бар. Қарап шабатындар – өзіне және халыққа сенеді, қарамай шабатындар мәре алдында өзгені тобықтан қағьш, өзін шылбырдан сүйреп өткізетін көкесіне сенеді.

Қай партия болсын сайлаушыларға өз тұғырнамасын жеткізіп, оның қолдауына ие болу үшін барын салады, ел аралап, ақпарат құралдары арқылы үгіт-насихат жүргізеді.

 Оның үстіне қазіргі заманның ажырамас бөлігіне айналған «саяси технология», «пиар» деген бар. Бұлар – сайлау кезіндегі саясат тілі. Сол себепті қаласа да, қаламаса да саяси партиялар сол саясат тілімен сөйлеуге мәжбүр.

Әрине мұндай сайлауалды қам-қарекет былайғы кезеңдермен салыстырғанда, қызу да қарбаласқа толы болатыны сөзсіз. Ондай айырмашылыққа түсіністікпен қарау қажет деп ойлаймын. Бірақ саясатта сырттай саябыр болғанмен, іштей саябыр болмайды. Саяси күрестің көзге көріне бермейтін тұстары, басқа да әдіс-тәсілдері көп.

Ал, енді, тек қана жайлы орын керек болса, баяғыда-ақ Астана жақта жүрер едік қой. Шынын айтқанда, ондай шақырулар арагідік болып та тұрады. Ол да саяси ойындағы астыртын жүрістердің бірі. Әсіресе, сайлаулар мен соттаулар алдында жиілеп кетеді ондай байланыстар.

Менің де, менің демократтар сапындағы әріптестерімнің де маңдайына «Ғұмыр бойы оппозицияда жүрсін» деп жазылып қоймаған шығар. Заман да өзгерер, билік те өзгерер. Мемлекеттік қызметке де шынымен халықтың қамын ойлайтын азаматтар көптеп келер.

Саяси жүйені қаншама сынасақ та, сол жүйеде қызмет етіп жүрген, елі мен ұлтына жанашыр бірталай азамат бар екенін мойындау керек. Олардың түр-түсін халық жақсы біледі. Егер де шынайы саяси реформалар қолға алынса, олардың да қатары молая түсер еді.

Ал «халықпен жұмыс істеуге құлықсыз» дегенге келсек… Әрине, қалың көпшілікке, әсіресе, ауылдағы ағайынға ойымызды, қоғамдағы құбылыстарға балама көзқарасымызды жеткізу бізге оңай болып жатқан жоқ. Құлқымыздың жоқтығынан емес, мүмкіндігіміздің жоқтығынан. Оның объективті де, субъективті де себептері бар. Өзгенің күбірін дүбірге айналдырып жатқан телеарналар бізге келгенде, есігін айқара ашып: «Кел, эфирге шыға қой» деп отырған жоқ.

Жергілікті жердегі шенеуніктердің шолақ белсенділігі бірінен бірі өтеді. Бірақ халықтың көзі ашық: ол биліктің де, біздің де өтірігіміз болса, сөзіміз бен ісіміз жанаспай жатса, лезде сезе қояды.

Өзімізден де кінә жоқ емес. Осы бағыттағы жұмысымызды жетілдіре түсу керектігін сеземіз. Сайлауға қатысу – біздің жүмысымыздың бір ғана бөлігі. Негізгі мақсатымыз – халықтың саяси мәдениетін көтеру, қалың бұқараға өз құқы мен бостандықтарын талап ете білуді ұғындыру.

– Үлкен саясат «үлкен» ақшасыз жүрмейді. Өткен Парламент сайлауында «Нұр Отан» партиясы мен оппозициялық ЖСДП партиясының сайлау қорындағы қаржы көлемі өзгелерден қара үзіп, дара шықты. Қыруар ақшаны оппозиция қайдан алып отыр?

«Шетелдік ұйымдар астыртын қаржыландырады, отандық алпауыттар тасада жатып, қолтықтан демейді, оның ішінде біздің елде шынайы демократиялық құндылықтардың орнығуына мүдделілер де, белгілі бір адамды партия көсемі ету арқылы билікті қолға түсіргісі келетіндер де бар» дейтін жорамалдарда қисын бар ма?

– «Ақшаны қайдан алдың?» деген сұрақты бізден гөрі, біздің қарсыластарымызға қойғаныңыз дұрыс болар. Өйткені біз қайдан алсақ та, ұрлап алмағанымыз анық.

 Егер біз ұрласақ, әншейінде сыныққа сылтау таппай отырғандар бір-ақ күнде әшкерелеп, «уа, халайық, мыналар ұры» деп, айдай әлемге паш етер еді. Елімізде саяси партияларға шетелден қаржылық көмек алуға заң жүзінде тыйым салынған. Дұрыс, өйткені өз еліміздің болашағын мұхиттың арғы жағындағылар емес, өзіміз анықтауымыз керек.

Басқасын білмеймін, дәл біздің ЖСДП ешбір банктің, не олигархтың шылауында жүрген жоқ. Біздің қолдаушыларымыз қарапайым халық, шағын және орта бизнес.

Сондықтан да қалтасы қалың топтардың мүддесіне сай келмейтін жайттарды, мәселен, ірі капиталға ие олигархтарды тежеп, экономикаға мемлекеттік реттеу механизмдерін енгізу, халықты сүліктей сорып отырған монополистерді тәубасына келтіру секілді шымбайға батар шындықты ешкімнен именбей айтып жүрміз. Мұндай өткірлік билікке ғана емес, демократ атағын жамылғысы келетін кейбіреулерге де жаға қоймайтынын білеміз.

Өз басым бизнесте жүріп, іштей тынып, әділетті көксеп жүрген көп азаматты танимын. Сіз бен бізге белгілі себептермен олар билікке ашықтан-ашық сын айта алмайды. Бәлкім, олар бізге қол ұшын беру арқылы аңсаған мақсаттарына жетуге үмтылатын да шығар.

Ал көсемдікке келсек. Саяси қызметтің бір шарты белгілі бір тұлғаның азаматтық белсенділігінің өзгелерден ерекшеленуі. Осы жағын бәз біреулер жалпы процесс мұраттары үшін емес, жеке басының қамына пайдаланып, ел көзіне қораш көрінетіні рас.

Мүмкін сондықтан да біздің кейбір әрекеттеріміз «көсемшілдікті көксеушілік» сияқты көрінер.

Қайталап айтайып, ең басты сыншы – халық. Қыруар қаржы жұмсап, жеке ұйымның бастығы болып, қонжиып отыра қалуға болады. Ондай мысалдар жетіп жатыр. Алайда көсемшілдікті қолдан жасауға болса да, көсемдік сатылмайды!

– Оппозиция билікті, билік оппозицияны сынаса да, ұлт мәселесіне келгенде екеуінің де ұстанымы егіз қозыдай ұқсас болатыны қалай? «Көптілді», «көпдінді» сайлаушылардан айырылып қалмас үшін қазақ халқының мүддесін елемеу қашанға дейін жалғасады?

– Иә, осы уақытқа дейін саяси партиялар «қазақ мәселесін» ашық көтере алған жоқ.

Керісінше, билік партиялары Қазақстандагы орыс мәселесін көтергені, ұлтаралық татулықтың жөні осы деп, орыстілді электораттың көңілін аулағаны есіңізде шығар. Бұл да саяси технологияның бір түрі.

Ұлт мәселесі, сөз жоқ, шетін мәселе. «Уралап» ұрандатқанмен дүние аяқ астынан өзгеріп кетпейді. «Мұсылман болмақ әсте-әсте» дегендей, «ақырып теңдік сұрайтын күн» де алыс емес.

Меніңше, заман да, қоғам да өзгерді. Ең бастысы, қазақ ұлтының өзгеден өзгеше төл мүдделері бар екеніне басқалардың да көзі жете бастады. Мәселен, Алматы қаласындағы қазақ гимназиясында оқитын кішкентай қызымды апарғанда мен сол мектепке балаларын оқытып жүрген басқа ұлт өкілдерін жиі көремін.

Соңың біреуінің маған: «Болашақ қазақ тілінде ғой. Өзім толық үйрене алмаспын, жас келіп қалды. Ал балам қазақ тілінде судай ағып тұруы тиіс! Сонда ғана мен әке ретінде оның болашағына сенімді боламын!», – дегені бар-ды. Бұл – Қазақстан секілді ерекше ұлттық тарихы бар мемлекет үшін өте-мөте маңызды жайт.

Жалпы біздің елімізді «көптілді», «көпдінді» елдер қатарына қосып, оны халық санасына сіңірудің соңы жақсылыққа апармайды. Бұл тіркестерді – кешегі нақты ұлттық тұғыры жоқ «социалистік интернационализм» идеологиясынан қалған сарқыншақ деп білемін.

 Қатып-семіп қалған жасанды саяси ұрандарды қоятын уақыт жетті. Ұлт саясатын, XXI ғасырдағы қазақ халқының өз еліндегі орнын анықтап алу жолында бізге ең әуелі жаңа саясат, ел басшылығының саяси ерік-жігері керек! «Ұлтым!» деп билік те, біз де аз айтып жүрген жоқпыз.

Бірақ бір нәрсе айқын – қазақ мәселесі тек қана тіл мен тарихқа, мәдениет пен рухани мәселелерге тірелмейді! Ол мәселенің аясы анағұрлым кең.

– Қазақстандық оппозицияның ортақ ұстанымы немесе идеясы бар ма?

– Қазақстандық оппозиция да кез келген қоғамдық қүрылым секілді біркелкі емес. Қоғамның бір бөлігі болғандықтан, баршаға тән жақсылықтар да, кемшіліктер де оның бойынан табылары хақ.

Біздің қатарымызда солшыл да, оңшыл да, центристер де бар. Бұл – заңды нәрсе. Мәселен, біз ұстанып отырған социал-демократиялық идеяның басқа партиялардың бағдарламасына ұқсамайтын, кейде кереғар тұстары аз емес. Алайда бұл – «демократиялық күштер ырду-дырду» деген сөз емес. Керісінше, идеялық алуантүрлілік – біздің байлығымыз. Яғни, демократия мұраттарын қолдаушылардың жалпы қатарын көбейте түсуге мүмкіндік артады. Өйткені біздің ортақ мақсат біреу және баршамыз соның маңына топтасқанбыз. Ол – елдегі саяси жүйені одан сайын демократияландыру, шынайы халық билігіне қол жетікізу.

– Оппозициялық басылымдарды оқысақ, оппозицияда кемшілік жоқ сияқты. Артықшылығы қайысы?

– Кемшіліксіз ешнәрсе жоқ. Жанды жаратылым болғандықтан бізде о жағы да жетеді. Мәселен, өз идеяларымызды ауыл-аймақтарға жеткізу, қалың бұқарамен тығыз жұмыс істеу жағы бізде ақсап жатыр. Жергілікті жердегі кадрларымыз да кейде көңілден шыға бермейді. Саясаттың ұңғыл-шұңғылына бойлай бермейтін ағайынға біздің бірігіп, сосын бөлініп жатуымыз да түсініксіздеу боп жатады.

Ал артықшылығымызды тізбелемей-ақ қояйын. Мақтану әдетімде жоқ. Ел өзі айтар.

Тек қосарым мынау:

әділеттікті, еркіндікті мұрат еткен біздің сөзіміз қаймана халықтың көңілінен шығып жатыр.

Түптеп келгенде, шындық біздің жақта.

Сайлау әділ де ашық өтсе; барлық деңгейдегі әкімдер сайланып, жоғарғы жақтағы бастықтарының алдында дірдектемей, сайлаушыларымен санасып, қызмет атқарса; соттарды да халық өзі тікелей сайлап алса; мемлекет экономикадағы рөлін күшейтсе; баға мен тарифтердің ретсіз өсуі тоқтатылса; жерасты байлығынан түскен табыс ат төбеліндей олигархтар мен шенеуніктерден халыққа қайтарылса, сөйтіп, жылдан жылға ушығып бара жатқан әлеуметтік мәселелер тезірек шешілсе; жастарымыздың жоғары білім алуы тегін әрі сапалы болса; бірінші кезекте көрсетілетін медициналық көмек те тегін болса; сөз бостандығына шектеу қойылмаса деген ұсыныстарды талай жылдан бері айтып келе жатырмыз.

Осы идеяларымызға кім қарсы бола алады?

Біздің тағы бір артықшылығымыз – қатарымыздағы әріптестеріміздің сапасы. Бізде жоғарыдағы бастық не айтады деген психология атымен жоқ. Шынайы демократиялық, бір-бірімен терезесі тең қарым-қатынас. Мұның өзі шенге табынудан арыла алмай жүргендер үшін үлкен мектеп. Қоғам да солай өзгеруі тиіс.

– Тәуелсіз Қазақстан тарихында оппозиция мен билік арасында астыртын келісімдер жасалған кездер аз болмаған сияқты. Қазіргі оппозиция қолында билікке ықпал ететіндей тетіктер қалмады десек те, сондай келісімдер әлі де жүріп жатқан болар?

– Кез келген өркениетті мемлекетте оппозицияның билікке ықпал ету жолдарының бірі – Парламент секілді сайланбалы органдарға еніп, соның санатында өз ойын жүзеге асыру.

Өкініштісі, өткен сайлау бізге бірпартиялық Мәжілісті алып келді де, бізді ондай мүмкіндіктен айырып отыр. Біздің мәлімдемелерімізге билік аса қатты қүлақ асып жатқан жоқ.

Енді бізде не қалды? Тікелей халыққа жүгініп, ықпал ету ғана! Сол жұмыспен айналысып жатырмыз қазір.

Ал астыртын ба, жария ма, келіссөздер болып тұрады. Ол да болса, саяси күрестің бір әдісі. Тек, әйтеуір, сол әңгімелер барысында келіссөз жүргізушілер халқына жария еткен мақсат-мұраттарын тәрк етпесе болғаны. Әйтпесе, оппозицилық тірліктің қиындығына шыдамай, кешегі әріптестерін сатып кетіп, биліктің шашбауын біржақты көтеріп кеткендер де жоқ емес қой.

– Оппозиция мен билік қандай жағдайда мәмілеге келеді? «Өткенді қазбаламайық, алда қателеспейік» деген ортақ тұжырым немесе идея төңірегінде топтасып, саяси процесті жаңа парақтан» бастауға болмай ма?

– Ортақ мәміленің формуласын өзіңіз айтып отырсыз ғой!

Кез келген мәміле екі жақтың ниетін қажет етеді.

Билік оппозицияның өмір сүруге қақы бар екенін түсінсе. Оның пікірлеріне құлақ асса, құндысын қажетіне жаратса. Елдегі саяси жүйені одан сайын демократияландыруға қадам жасауға әзір екенін дәлелдесе.

Ал оппозиция билік пен оның институттарын толықтай жоққа шығармаса, оның кемшіліктерімен қатар, жетістіктерін де мойындаудан қашпаса. Қоғамды, қала берді, өмірімізді түбегейлі жаңарту жөніндегі басты принциптерімізден айнымай, оларды саяси бәсекеде табанды түрде қорғай отырып, қоғамдық диалогқа дайын екенімізді көрсете білсек, мәміле деген сол емес пе?

Елге шынайы демократиялық құндылықтарды орнату жолында ортақ шаруа болса, неге бірлесіп атқармасқа? Мәселен, жақында Қазақстан ЕҚЫҮ-ға 2010 жылы төраға болатыны туралы шешім қабылданды. Өте дұрыс шешім, осынау беделді халықаралық ұйымның төрінде еліміздің көк байрағы желбіреп тұрганы баршаға мақтаныш емес пе?

Олай болса, Мадридте сөйлеген сөзінде Сыртқы істер министрі М.Тәжин мырза жариялаған жоспардың төңірегінде неге бірлесіп жұмыс атқармасқа? Шешінген судан тайынбас. «Сайлау туралы», «БАҚ туралы», «Саяси партиялар туралы» Заңдарды неге бірге өзгертпеске? Келісіп пішкен тон келте болмайды.

Ерекше назар аударар мәселе мынада: ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мемлекетіміз үшін тек қана мақтаныш емес, бұрын-соңды болып көрмеген орасан зор жауапкершілік. Ендігі жерде бүкіл әлемнің назары біз жаққа аумақ. Егер де ЕҚЫҰ-ның халықаралық стандарттарына сай болмай, саяси реформаларымыз жеткіліксіз болып жатса, ұяттың көкесі сонда болады.

Меніңше, Қазақстанның беделін ойлайтын барша азаматгар – шенеуніктер болсын, біз болайық – осы бір жайт туралы мықтап ойланғанымыз дұрыс!

– «Оппозиция билікке келсе, байлықты қайта бөліс басталады, бейберекетсіздік орын алады» дейтін үрейді қалай тарқатасыз?

– Біздің бағдарламамызбен мұқият танысып шығыңыз. Онда біреудің меншігін тартып алайық, кәмпескелейік, елді астын-үстіне шығарайық дейтін баптар бар ма? Оның бәрі – біздің оппоненттеріміздің ойдан шығарғаны. Мақсаттары айқын: бізді елге мейлінше құбыжық ретінде көрсетіп, бізден халықты үркіту! Ондай құйтырқылық кей жерде жемісін беріп жатқаны да рас.

Міне осындайларга жол бермеу, еліміз өркениетті жолмен даму үшін бізге өркениетті қоғамдық өмір заңдары қажет. Билік пен оппозиция арасында өркениетті, бір-бірін мойындау принциптеріне негізделген қарым-қатынас орнауы тиіс.

Бәріміз де осы елдің түлегіміз. Бәріміз де Отанымызға жақсылық тілейміз. Бәлкім, сол игі мақсатқа жету жолдары туралы үғымымыз өзгешеленетін шығар. Оған да түсіністікпен қарағанымыз абзал.

Мен бір нәрседен қатты қорқамын. Қазір бізде жоспарлы экономика дәуірінен кейін алас-қапаста ел байлығын бір топтың қолына бере салған «жабайы капитализмнің» барынша «өркендеген» кезеңі.

«Форбс» журналдарының төрінде орнын ойып алған долларлық миллиардерлер бар екен елде!

Ал үлкен ақша үлкен тәбетті ашады. Әсіресе, саясатта, билікке ұмтылыста. Қанағат ұмытылады. Сондықтан да ол қалталылар қолда бар байлығын місе тұтпай, өз баспасөз құралдарын жабдықтап, өз партияларын құра бастайды. Кейбірі тіпті «демократтар» қатарына еніп алып, «аңқау елге арамза молда» принципін ұстануы да мүмкін.

Міне, мен осынау «топтық оппозициядан» қорқамын! Өйткені, қолында миллиардтары бар байлар қара басының қамы үшін, ақшасы үшін, меншігі үшін жалпыхалықтық мүдделерді тәрк ете салуы мүмкін! Қуырдақтың көкесін сонда көретін боламыз!

Сондықтан да бізге топтық, жекебастық оппозиция емес, жүйелі түрдегі идеялық оппозиция қажет. Жеке қаржылық топтың емес, баршаға бірдей демократиялық мұраттар төңірегінде біріккен күш керек.

 Оның ұстанымдары мейлінше анық әрі түсінікті: билікті халыққа қайтару, қоғам өмірінің барлық салаларыңда әділеттілік заңдарын орнықтыру.

Қарсы пікір айтушыларға ала көзбен қарайтын биліктің де дәл осы жайтты түсінетін кезі келді деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан, Асылхан Мамашұлы,

2008 жыл

 

Пікірлер

пікір