Back

Қазақты кедейшіліктен кұтқарудың жалғыз жолы – демократия

 Иә, қазақты қайыршылық белдеуінен тек демократияға ғана азат ете алады. Dalanews.kz марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының бір шоғын ойын назарыңызға ұсынып отыр, оқырман. Өзінің өзектілігін, өміршеңдігін жоғалтпаған бұл пікірлерді қойын дәптеріңізге түртіп алсаңыз да артық емес.

Билікке де, оппозицияға да сая­си ойын ойнауды доғаратын кез келді.

 Себебі, қазір біз жекелеген саясаткерлердің кеудемсоқтығымен емес, 15 миллион халық тұратын мемлекеттің тағдырымен бетпе-бет келіп отырмыз.

Ешкімнің тактикалық міндеттерді жүзеге асыру үшін ғана халықтың тағдырын, олардың балалары мен немерелерінің кемел келешегін қыл үстіне қоюға қақысы жоқ.

Қанша дегенмен, тәуелсіздіктің 13 жылдығы жай нәрсе емес, үлкен бір тарихи белес. Енді өз әрекеттерімізге байыппен көз жүгіртіп, жауап­ты шешім қабылдайтын кез келді.

Қазақ халқы ауылда тұрып, ауылда қалыптасты. Оларды қалаға белгілі бір шектеулер арқылы біртіндеп жіберу қазақ тілін ассимиляцияға түсірудің амалы еді.

Мысал үшін, 100 мың адамның 1 мыңы қалаға көшіп келді делік. Осы келгендер толық орыс тіліне көшіп болғаннан кейін ғана келесі мың адам қалаға жіберіліп отырды.

Ал қалалардың барлығында орыстілді мектептер, орыстілді қарым-қатынас.

Ауылдан келген бір лек тілінен айрылғаннан кейін барып, олардың орнын келесі лек басып отырды. Егер сол кезде қазақтар қалаға жаппай көшіп келсе, онда тілді де өздерімен бірге ала келер еді. Оларға мұндай мүмкіндік жасалған жоқ. Осы саясаттың салдарынан қазақ халқы өнеркәсіпте жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылды.

 Мұның екі зияны болды. Біріншіден, технологияны игеруден артта, комбаин мен «ГАЗ-53»-тің айналасында қалып қойды. Екіншіден, материалдық жағдайы төмен болды.

Себебі, қазіргі жағдайды былай қойып, КСРО-ның кезін алып қарасақ, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағылардың табыс айырмашылықтары жер мен көктей болатын. Қазақ халқы бұйығы ауылдарда қалуы салдарынан, өз мүддесін жоқтайтын ықпалды саяси күш ретінде қалыптаса алмады.

 Қазақты кедейшіліктен құтқарудың жалғыз жолы – демократия.

Мен Семейдің бір газетіне осылай деп сұхбат бердім.

Себебі, қазақ халқының несібесі – мұнай мен газды, одан түскен табысты Қазақстан халқына әділ бөлудің бірден бір жолы – тек демократиялық құрылым.

Басқадай құрылым жағдайында мұны орындаудың мүмкін еместігіне көзіміз жетті.

Сондықтан, қазақ халқының тамағының тоқ, кимінің бүтін болуына тек демократия ғана мүмкіндік жасайды.

Ұлт. Ұлттық идея. Ұлттық мақсат-мүдде. Мұның бәрі – өте күрделі әрі терең мәселелер. Дей тұрғанмен, біраз ой бөлісіп көрейін. 

Италияның саяси қайраткері Массимо Д.Аурельо ХІХ ғасырда былай депті: «Италию мы уже создали, теперь нам надо создать итальянцев». Ал поляктың саяси қайраткері Пилсудский: «Не нация создает государство, а государство – нацию» дейді.

Бұл пікірлерде терең мән жатыр. Әсіресе, біз үшін. Демек, ұлтты ұлт ететін не? Оның тәуелсіз мемлекеті. Нақтырақ айтсақ, мемлекет жүргізетін саясат.

Мемлекеттік саясат. Егер бодандықтан босаған ұлт мемлекеттік жүйесін дұрыс құра алса, дамудың үлкен жолына түседі. Теріс жүйеге түссе, ұлт күйзеледі, күйрейді. Мұны 1960-70 жылдары тәуелсіздік алған Африканың көптеген елдерінен көруге болады.

Сондықтан да ұлт тағдырын мемлекет жүргізіп отырған саясаттан еш бөліп алып қарастыруға болмайды. 
Қазір тәуелсіздік алғанына 15 жыл болған Қазақстандағы халқымыздың тағдырын жеке бөліп алып қарайтын болсақ, біздің алдымызда шешілмеген үш мәселе тұр. Ең біріншісі – әрине, тіл мәселесі.

 Демократия ешуақытта дәстүрді өзгертуге, тілді айырбастауға, өмір сүру үлгісін өзгертуге шақырмайды!

Олар біздің еліміздің азаматтарының биліктің қыспақ-қысымынсыз өмір сүруін, билікті бұрмалаушылықтарсыз қалыптастырып, оны заңдық институттар арқылы қадағалап отыруымызды қалайды.

Кезінде бізбен бірге бір одақтың құрамында болған Литваны мысалға алайықшы. Президент Паксас заңды аттап, шетелдік бір бизнесменге азаматтық алып бергені үшін отставкаға кетуге мәжбүр болды.

Осындай саяси жүйені қалыптастырған Литва халқының қандай сайлаудан кейін де тыныш, жайбарақат ұйықтауына болады.

Өйткені заңды бұзған адам, мейлі ол кім болса да, міндетті түрде жауапкершілікке тартылады. Олардан біздің неміз кем?

Біз Қазақстанда 15 миллион халық тұрамыз.

Шетімізден дені сау, жетілген, көзіқарақты ұлттың өкілдеріміз.

Сондықтан да, өзімізді бізден дәрежесі әлдеқайда төмен елдерге қарай сүйреудің реті жоқ, керісінше, «есіктегі басымызды төрге сүйреп», өзімізді бізден жоғарғы даму сатысындағы халықтардың қатарына қосуға талпынуымыз керек.

Негізгі мақсат та, негізгі мүдде де осы төңіректе болса ғана, бізде даму болады.

Ал енді таққа мұрагерлікке келсек, егер «таққа мұрагерлік» басқарудың ең тиімді жолы болатын болса, дүниежүзі елдерінің монархиядан бас тартып не әуресі бар? Ол заман әлдеқашан келмеске кеткен. Билік саяси көзқарастардың тартысынан туындауы керек.

Қазір ұлттық құндылықтарды ұсақ-түйек саясатқа араластыру көбейіп кетті. Саясатқа араласа бастағандар Иассауидің басына баруды «сәнге» айналдырды.

 Иассауи – мәңгілік, саясат – уақытша. Біз осыны түсінуіміз керек. Саясат деген – ол кісілердің рухының жанында түкке тұрғысыз дүние.

Басқаша айтқанда, Қожа Ахмет Иассауи саяси партиялардың «пиар» жобасы болмауы керек.

Өкпешіл адам – өлмеші саясаткер. Мен солай деп санаймын. Шеттетілгендер мен өкпелегендердің ғана саясаткер болатын уақыты келмеске кетті. Саясатқа баянды бағыт, белсенді ұстаным, ойлы көзқараспен ойланып келетін уақыт пісіп-жетілді.

Өкпешіл адам айналасындағы құбылысты ешуақытта объективті түрде бағалай алмайды.

Өкпе-ренішін бірінші кезекке қойып, өзінің жеке субъективизмінің құрбандығына айналады. Ондайлармен бәсекеге түсу де оңай. Ал менде өкпе-реніш болмақ емес, сондықтан да, мен біраз адамдарға олар ойлағаннан гөрі әлдеқайда қиын қарсылас бола алам ғой деп есептеймін.

Өз басым біздің халықтың сана-сезімі, рухани өресі украиндардан кем деп есептемеймін. Олар да біз сияқты. Олар да біз сияқты Кеңес өкіметінде 70 жыл өмір сүрді. Оның алдында Ресей империясының қоластында болды.

 Десек те, украиндардың бір ерекшелігі бар. Мәселен, бүкіл халық боп бүгінгі күні қарғап-сілеп отырған бұрынғы президент Л.Кучма осыдан екі жыл бұрын «Украина – Ресей емес!» деген кітап жазды. Енді өзі жаза қоймаған шығар.

Кучманың сол кітабын соңына дейін оқып шықтым. Кітапта ол украин халқының орыстан бөлек халық екенін дәлелдеп шығады.

Автор бүкіл тарихи оқиғаларды қамтып, орыстың, поляктың, литвандардың арасындағы соғыстарда украиндардың өзін сақтап қалғанын жазады.

Ұлт ретінде. Леонид Кучма өз кітабын былай деп қорытындылайды: «Бізді коммунистер орыстың ауылда тұратын, сало жейтін інісі сияқты көретін. Украиндар – орыстың інісі емес, бөлек халық. Менің міндетім – соны дәлелдеу». Олар мұны дәлелдеді.

Бүгінгі таңда түрлі-түсті төңкерістер Батыста жоспарланып, Ресейге қарсы бағытталған деген қасаң пікір қалыптасқан. Мұны сарапшылар, БАҚ-тардағы жария­ланымдар арқылы «ойнатады». Орасан зор қаражаттық және медиаресурстар іске қосылуда.

Бір қуаныштысы, осы аяда болса, одан гөрі прагматикалық пікірлер де естіле бастады.

Сыбайлас жемқорлық пен авторитаризмге малынған «одақтас» режимдерді құтқару Ресей мүддесіне қайшы келетіндігі және оның имиджіне нұқсан келтіретіндігі күннен-күнге айқындала түсуде. Іс жүзінде не болып жатыр?

Билік саяси плагиатпен емес, мемлекет құрудағы аса маңызды мәселелерді шешумен айналысуы керек. Ең алдымен сайлау жүйесін жетілдіруден бастауы тиіс.

 

 

 

 

 

Пікірлер

пікір