Back

Шуға жаңа әкім тағайындалды

Үстіміздегі аптада облысымыздың кадрлық құрамында бірқатар ауыс-түйістер орын алған еді. Осыған орай, Шу ауданына арнайы ат басын бұрған облыс әкімі Асқар Мырзахметов алдымен аудан әкімі қызметіне үміткер кандидатты қолдау жөнінде Шу аудандық мәслихат депутаттарының келісімін алған соң, әкімдіктің мәжіліс залында аудан активімен жиын өткізді.

Асқар Мырзахметұлы өз сөзінде ауданды осыған дейін басқарып келген Қайрат Досаевтың Тараз қаласы әкімі болып тағайындалуына  байланысты ҚР Президенті аппаратының және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Шу ауданының әкімі қызметіне Жарылқасын Айтақовты тағайындағанын айтып, жиынға қатысушыларды оның еңбек жолымен таныстырды. Облыс басшысы Жарылқасын Әбдіғапарұлының жұмыс тәжірибесі мол екеніне тоқталып, алдағы уақытта ауданның бірқатар саласында кезек күттірмейтін жұмыстардың көп екенін және оны жүзеге асыруда аудан әкімінің үлесі зор болу керектігін де тілге тиек етті.

Одан кейін Шу ауданының жаңа тағайындалған әкімі Жарылқасын Айтақов сөз сөйлеп, өзіне білдірген зор жауапкершілік үшін облыс әкіміне және аудандық мәслихат депутаттарына алғысын жеткізіп, бүгінгі күнге дейін еңбек жолында жинаған тәжірибесін ауданның әлеуетін арттыруға жұмсайтынын жеткізді.

Келесі кезекте сөз алған Шу ауданы ақсақалдар кеңесі ұйымының төрағасы Қазақбай Байжұманов жаңа басшының еңбек жолында жинаған мол тәжірибесімен жүз мыңнан аса тұрғыны бар Шу ауданын жаңа белеске жетелейтініне сенім білдірді. Облыс әкімі А.Мырзахметов актив жиналысын қорыта келе, Шу ауданынан бірқатар лауазымды тұлғалардың түлеп ұшқанын, сондай-ақ олардың ел экономикасын өркендетуде өлшеусіз еңбек еткендерін сөз етті. Қайрат Досаевтың да Шу ауданының дамуына қосқан үлесі мол екенін айтып, ауданның жаңа басшысы Жарылқасын Әбдіғапарұлы алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

 

dalanews.kz