Back

Саакашвили: “Мен жемқорлықты қалай жеңдім”

Украина президенті Владимир Зеленскийге саясаткер Михаил Саакашвили ақыл-кеңесін айтыпты. 

«Сөзіме құлақ сал бала, көрген-түйгенім көп, сенің де тақияңа тар келмес, мені тыңдасаң саясат деген сайқал қатынның айтқанына көніп, жетегіне жүруден сақ бол!», – депті Грузияның экс-президенті. 

Зеленскийдің жеңіске жетеріне шүбәсіз сенген Саакашвили сайлаудың екінші кезеңінде Зе! командасына қарата әрі күллі Украина халқына естірте үндеу жолдаған-тұғын. 

Демократияны шетқақпайлап отырған талай елдің шымбайына батыпты осы үндеу. Амал жоқ, аудардық. Саакашвили былай деп ағынан жарылыпты:

Құрметті Владимир Александрович!

 Владимир Зеленский, сізге айтарым, саспаңыз. Асықпаңыз, аптықпаңыз. 


Порошенконың дәуірі келмеске кетіп, дәурені өткеніне өз басым сенімдімін. Халықтың сізге деген ықыласы ерекше, сіз Украинаның келесі президенті боласыз. 

Порошенконың атарға оғы жоқ, жылдар бойы жинаған дәулеті де, қасындағы қолшоқпарлары да көмектеспейді оған ендігі жерде. 

Бәлкім, биліктен айырылғысы келмейтін ол радикалды әрекетке баруы мүмкін. Алайда мұның ақыры Порошенко ғана емес, тұтас мемлекеттің шаңырағын шайқалтып тынады. 

Украинаға бейжай қарай алмаймын, оның тағдырына қатты алаңдаймын. Украина – менің екінші Отаным. Сол себепті сізге аса өзекті, ерекше өміршең ақыл-кеңесімді айтқым келеді, Владимир Александрович. 
Ертеңгі күні сайлана сала осы айтқанымды алдыңғы кезекте ескерерсіз деп сенемін. 

 

Мен…

…және мен үміт артқан ұжымның Грузиядағы жемқорлықты қалай жеңгенін жақсы білесіз. 
Мұны тек бір ғана жағдайда жүзеге асыруға болады. 

Сайлауда жеңіске жеткеннен кейін елдегі барлық құқық қорғау органдарын орнынан алдық. 

Прокуратура, Ішкі істер министрлігі, шау тартқан менттер, парақорлар полицейлер тайлы-тұяғы қалмай қызметтен кетті.  Грузияның Қауіпсіздік министрлігін (СБУ) алдық та қысқартып тастадық. 

Су жаңа Ішкі істер министрлігін құрдық. Дәл осы министрлік Грузияны жылдар бойы билеп-төстеп, білгенін істеген криминалды-коррупциялық жүйенің күлін көкке ұшырды. 

Айналасы екі-үш жылда елді түрме «авторитеттерінен» түгелдей тазарттық. Бостандықта жүрген бопсалаушылар, қаптесерлер мен баукеспелердің бәрі абақтыға қамалды.   

Тек содан кейін барып жаңа әрі дамыған Грузияның іретасын қалауға көштік. 

Экономикаға қан жүгіріп, ел етек-жеңін жинай бастады, мемлекеттің әл-ауқаты артты. Бірте-бірте Еуропаға қарайлап,  Батыстың бір бөлшегіне айналу үшін қажетті реформалар жүргіздік.

Білесіз бе?  

Мұндай оңтайлы сәт Украинада да болған.  2004 жылы украин халқы билікке Виктор Ющенконы алып келді. 

Майданға шыққан елдің арқасында Ющенко Янукович жетекшілік еткен криминалдар мен коррупционерлерді жеңіп шықты.

Ющенконың ең үлкен қателігі – Януковичті саясатта қалдырғаны.  Сол тұстағы былығы бетіне шыққан Януковичтің кланына қарсы бірде-бір қылмыстық іс қозғалған жоқ. 

Ющенконың «Ұры-қарылар түрмеден табылады» деген сайлауалды ұраны сөз жүзінде қалды. Олигарх атаулылар саясаттан аластатылмады. Саясат пен олигархтар біте қайнасып жатты. 

Бұл сол сайлауда тас-талқан жеңілген Януковичке қайта қанат бітірді, саясатқа қайта оралуға жағдай жасады. 
Алдымен жақтастарын жинап Парламентті «басып» алды, артынан Үкіметбасы креслосына қонжиды. Соңынан президент болды. 

Қазіргі Украина билігіндегі шенді-шекпенділердің көпшілігі, мұның ішінде Порошенко да бар, сол жүйенің сарқыншағы.  

 

Сын сағат

Сайлаудан кейін Сізді мың-сан мәселе күтіп тұр.  Соғыс. Жемқорлық. Кедейшілік.

Ең негізгісі, ескі жүйе сіздің дегеніңізге көнбей, қасық қаны қалғанша қарсыласады. Ескі жүйе сіздің аяғыңыздан шалып, жон арқаңыздан қанжар сұғуға тырысады. Ауыр болады. Өте ауыр болады сізге. 

Ескі жүйенің ішінде Порошенко мен оның нөкерлері сіздің ең басты оппонентіңіз атанбақ.  

Президенттіктен айырылған күнде оның РАДА-дағы фракциясы мен оған бағынышты депутаттардың саны басым. 

Президент болғалы өрмекшідей өрген коррупциялық схемасы сөгілмейді. Өлермен олигархтар да билікті қолдан беруге асықпайды.

Сондықтан да Порошенко бастаған жемқор жүйеге қарсы ымырасыз күрес жүргізу сіз үшін – негізгі міндет. Жоқ, сіз мені дұрыс түсініңіз. 

Егер Порошенко мен оның айналасы билікте қалса, сіз алға жылжымайсыз, жіпсіз байланасыз отырған орныңызда. 

Ал алға жылжымасаңыз, экономиканы көтере алмайсыз, тиісінше агрессорға (Ресей) қарсы тұра алмайсыз. 
Коррупцияның көзін жоймай іс өнбейді.  Коррупцияның көзін жоюды жоғарыдан бастау керек. 

Туғанды биде иман жоқ.

Коррупциямен күресте көлеңкесінен қорқатын Бас прокурор тағайындар болсаңыз халық сізді «екінші Ющенкоға» айналдырады. 

Тура биде туған жоқ. 

Сізге Порошенко мен оның бандысының бопсалауынан қорықпайтын, мемлекетті ТОП коррупционерлерден тазартуды мұрат тұтқан, олардың атына да, атағына да пысқырмайтын прокурор тағайындау қажет.

Бұлай болмаса қоғамның сізден көңілі қалады. Орынтағыңызда алты ай отырасыз ба, жоқ па…

 

Ал егер… 

Ал егер елдегі жемқорлардың бас-басына қылмыстық іс қозғалып, ауқымды іс аяғына дейін жетсе;
жемқорлар, соның ішінде Порошенко мен оның нөкерлері заң алдында жауап беріп, лайықты жазасын алса;

Халық Порошенко бастаған қаңсыған, құныққан, дәніккен, жемқорланған ескі жүйемен біржолата қош айтысса, міне, сонда ғана сізге алға жүріп, шынайы реформа жүргізуге мүмкіндік туады.    

Адамдар әділдікке зәру. Адам әділетке емес, әділет адамға жұмыс істейтін заман орнағанын қалайды. Сізден соны күтеді халық.  

Ескі жүйенің ешбір өкілі сізді қолдаған жоқ. Сізді ескі саяси жүйенің түбіне жететін қауіп деп санайды олар. 
Ойға алған ісіңіз орындалмай, қолыңыздан қайран келмесе санын шапалақтап қуанады.

Сізде халықтың қолдауы бар. Кез келген қулық-сұмдықты халық қолдауының арқасында еңсеруге тиіссіз.  
Есіңізде болсын, Порошенко мен оның «отбасы» саясатта қалмауы қажет. Алдыңыздағы адамдардың қателігін қайталап жүрмегейсіз.

Құрметпен,  М.С.

 

Ал, аударған Думан БЫҚАЙ

 

 

Пікірлер

пікір