Back

Жерұйық мекен Жетісу – туризмнің орталығы

Қазақстанда туризмді дамытудың мүмкіндіктері жоғары. Әр облысқа аяқ бассаңыз көз тартар тұмса табиғатты көріп, қайран қаласыз. Соңғы уақыттары туризм саласын дамытуға баса көңіл бөлген аймаққа Алматы облысын жатқызуға болады. Жер жаннаты Жетісудың шетелдік туристерді магниттей тартып тұратын көрікті жерлері жетіп артылады. Облыстық әкімдіктің туризмді дамытуға баса көңіл бөлуі де бұл бағыттағы жұмыстардың қарқын алуына негіз болуда. Қазіргі таңда Алматы облысында туризмді дамытуға қолайлы инфрақұрылым қалыптасқанын айрықша атап айтуға болады. Мәселен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының Жетісуды көктей өтуі өңірге жаңа мүмкіндіктер сыйлағаны белгілі. Қазіргі таңда еліміздегі демалушылар көп баратын Алакөлге қарай жол жөнделуде. Бұдан басқа Үшарал қаласында шағын әуежайдың салынуы да Алакөлдің жағалауында демалушылардың санын арттыра түскені ақиқат. Осы ретте біздер Алматы облысы әкімдігінің туризм мен көрікті жерлерді насихаттауда атқарылған және қолға алынған жұмыстары жайында індете әңгіме қозғауды жөн санап отырмыз. Өйткені алда туристік маусым келеді. 

 

Жарнаманың көкесі

Өткен жылы елсіз жерді бағындырып, ас-сусыз табиғат аясында тіршілік етіп, ерік-жігерін шыңдаумен әлемді аузына қаратқан әйгілі экстремал Эд Стаффордтың Алматы облысына арнайы келіп, «Алтын-Емел» ұлттық паркінде өзінің кезекті шоу-бағдарламасын түсіргенін естіп, таңғалған едік.

Табиғат аясында баяғының адамдарынша бірнеше күн кешіп, «Дискавери» каналының жүздеген миллион көрерменін өзіне жіпсіз байлаған Эд Стаффордтың  Қазақстанға келіп, хабар түсіруі Алматы облысының туристік жерлеріне жасалған үлкен жарнама болғаны сөзсіз.

Әдетте әлемді аузына қаратқан арнаға бірнеше секундтық роликті шығару үшін жүздеген миллион доллар төлейтінін білеміз. Ал «Дискаверидің» тарланы Эд мырзаның Жетісуға келіп, өзінің  Ed Stafford: First Man Out деп аталатын жобасын «Алтын Емел» ұлттық паркі аумағында түсіруі айтулы оқиға болғаны сөзсіз.

 

Эд Стаффорд кім?

Экстремалды туризмді насихаттауға басыбүтін ден қойған Эд Стаффордты әлем халқы қазіргі заманның Робинзон Крузосы деп бекер атамайды. 43 жастағы Британ армиясының экс-капитаны жайында таңды таңға ұрып әңгіме айтуға болады.

Ол 2002 жылы әскери мансабын аяқтағаннан кейін экстремалды туризммен айналысып, адам баласының мүмкіндігін телеэкранның алдында сынады.

Эд Стаффордтың ең әйгілі экспедициясы Амазонка өзенінің бойымен 859 күн бойы (бір жарым жыл) сапар шегуі адамзат баласының зор қызығушылығын тудырған болатын. Ол сапар барысын өзі видео камераға түсіріп, көптеген қиындықтармен бетпе-бет келіп, бәрін жеңіп шығып, қазіргі заманның батырына айналды.

Бұдан кейін Эд Стаффордтың «Дискавери» арнасымен бірлесіп түсірген «Жалаңаш тіршілік ету» деректі фильмі де оған үлкен танымалдық әкелді.

Бұл жобада экстремал Олору аралдарына бір түйір нансыз, бір сабақ ине-жіпсіз аттанып, сол жерде 60 күн бойы тіршілік еткеніне миллиондаған көрермен куә болды.

Ал 2014 жылы жарық көрген «Ақшасыз тіршілік ету» деген реалити-шоу бағдарламасы да әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, жүздеген миллион адамның көңілінен мықтап тұрып орын алғаны белгілі.

 

«Алтын Емелдегі» алғашқы сынақ

Экстремалды хабарлар түсіруде алдына жан салмайтын Эд Стаффордты бүгінде төрткүл дүние түгел таниды. Ол өзі секілді табиғат аясында тіршілік етіп, экстремалды туризмді насихаттайтын жиhангездермен табиғаты қауіпті аймақтарда сынға түсіп, мәреге бұрын жетуді көздейтін жаңа бағдарламасының екінші бөлімін Алматы облысындағы «Алтын Емел» ұлттық паркінде түсірді.

«Дискавери» арнасы жыл басынан бастап көрермендерінің назарына ұсына бастаған Ed Stafford: First Man Out шоу-бағдарламасының бірі Қазақстанда түсірілгенін естігенде аталған бағдарламаны көруге асықтық. Ақпан айында ғаламторды ақтарып жүріп, Эд Стаффордтың Алматы облысының «Алтын Емел» аумағында түсірілген екінші сериясын кірпік қақпай тамашаладық.

Ит тұмсығы батпас джунглиде, бір жұтым су табылмайтын шөл далада, асу бермес асқар тауларды бағындырған Эд Стаффорд өзінің қарсыласы Оңтүстік Кореяның қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері һәм танымал экстремалы Хён Римен бес күн бойына «Алтын Емел» аумағында сынап көрді.

Қос сайыскер бес күн ішінде әйгілі «Алтын Емел» аумағындағы Шарын шатқалының құз-жартастарын көктей өтіп, Іле өзенінің бойымен жағалай жүріп, Айқайқұмнан асып, 100 шақырымдық жолды артқа тастап, мәреге жетуді көздейді.

Бағдарламада экстремалдар әдеттегідей жолға ешқандай азық-түлік алмай, белдеріне қанжарларын байлап сапарға шықты. Мұндайды қазақтар «ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп бекер айтпаған ғой.

Жарыс басталған сәтте Эд пен Хён Шарын шатқалының сілемдеріне сіңіп көзден ғайып болды. Лабиринт секілді қалтарыс-бұлтарысы көп шатқалда алған бағытыңнан адасып кетуің оп-оңай. Бірақ табиғаттың қиыншылығымен талай рет бетпе-бет келген экстремалдар алған беттерінен жаңылысқан жоқ.

Экстремалдар шатқалдың ішінде су таба алмай біраз қиналды. Жалпы, маршруттың 20-30 шақырымын құрайтын шатқал арасымен өтетін жол қос сайыскерге де қиын тигенін байқадық.

Қу даланың өзінде азық тауып жеуде алдына жан салмайтын Эд Стаффорд шатқал арасында күн көзінен елеусіз жатқан бір қалтарыста жиналып қалған жаңбыр суын тауып, шөлін қандыру мүмкіндігіне ие болды. Ал кәріс жігіт Ілеге жеткенше бір тамшы су таппай, таңдайы кеберсіді. Олар екі күн шатқалда түнеп, үшінші күні ғана кең жазықта жайымен ағып жатқан Іле өзеніне маңдай тіреді.

Жалпы, шатқал арасында бір күнде ауа температурасы экстремалды жағдайда ауытқитынын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Жазда күндіз ауа температурасы 45-50 градусқа дейін жоғарыласа, түнде күндізгі ми қайнатар ыстық жым-жылас жоғалып, ауа температурасы 0 градусқа дейін төмендейді. Сондықтан жиһангездердің «Алтын Емел» шатқалында қаншалықты жайлы жатқанын бағамдауға болады.

 

Іле өзені «қонақжайлылығын» көрсетті

Бәсекеге түскен қос сайыскер шатқал арасынан сытылып шығып, Іле өзеніне жеткенде жағдай өзгеріп сала берді. Өйткені Іле өзенінің бойында экстремалдар шөлін қандырып, аш өзегін жалғауға мүмкіндік алды.

Айталық, Эд Стаффорд ит тұмсығы батпайтын қалың қамыстың арасында қоянға тұзақ құрып, қоян етін тоя жесе,  Хён Ри Іле өзеніне қармақ салып, ұзындығы бір метрге жуықтайтын сомды ұстап, балық етін армансыз жеді. Әдетте Эд Стаффорд өзге бір елдерге сапарға шыққанда бақа-шаян, құрт-құмырсқа жеп әбігерге түсуші еді.

Ал қазақтың дарқан жерінде экстремалдар қоян мен балық етін жеп, тамақ таппай жер шұқылап кетпеді. Экстремалдар камера алдында Жетісудың шұрайлы жері ұнағандарын айтып, қазақтың дарқан даласына риза болды.

Бәсекеге түскен қос сайыскер бұдан кейін шағын қайық жасап, Іле өзенінің иірімді ағыстарының мүмкіндігін пайдаланып, мәреге жетуді көздеді.

Кәріс жігіті қамыстан каяк жасаса, айналасынан әртүрлі дүние тауып алып, кәдеге жаратуға әдеттенген Эд Стаффорд түйе терісін тауып алып, айналасына қамыстан жақтау жасап құрқылтайдың ұясындай қайық жасағанына куә болдық.

Осылайша, қос сайыскер алғаш рет Іле өзенінің бел ортасында кездесті. Эд Стаффорд қарсыласының каягі жылдам жүзетінін байқағаннан кейін қайығынан түсіп, мәреге қарай жаяулата жүгірді. Оның екі аяққа сенім артқан үміті ақталып, мәреге бірінші жетті. Осылайша, First Man Out жобасының екінші түсірілімінде Эд Стаффордтың бағы жанды.

Міне, жарыстың болған-біткені осы ғана. Әрине, айтар ауызға жеңіл дүние. Бірақ 5 күнде бұралаңы көп 100 шақырымдық жолды жүріп өту оңай емес. Мұндай экстремалды сапарлар адам баласынан үлкен төзім мен ерекше ерік-жігерді талап етеді. Сондықтан болса керек, әлем халқы Эд Стаффордтың бағдарламаларын рақаттанып, жата-жастана көреді.

Бұл ретте қазақ жері жайында төрткүл дүниеге маңызды ақпарат таратқан Эд Стаффордтың еңбегі зор. Бұдан кейін «Алтын Емелге» туристердің қызығушылығы оянатыны сөзсіз. Өйткені Шарын шатқалының тарам-тарам сілемдері мен Айқай құмының кереметі жұртты өзіне одан бетер тарта түсетіні анық. Осы ретте Эд Стаффордке қолдау көрсетіп, оның түсірілім жұмыстарына барынша жәрдем берген Алматы облысы әкімдігі бір оқпен екі қоян атқанын байқауға болады. Керек десеңіз, First Man Out жобасының екінші сериясының қазыналы қазақ жерінде түсірілуі еліміздің туризм саласын насихаттау бағытында үлкен жұмыс болғанын мойындауымыз керек.

 

Экстремалды туризмді дамытуды дұрыс жолға қойған өңір

Алматы облысында экстремалды туризмді дамытып, насихаттау жағы дұрыс жолға қойылған деп нық сеніммен айтуға болады.

Біздің бұлайша нық сөйлеуімізге Алматы облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының еліміздегі шоу-бизнес өкілдері, альпинистерімен бірлесіп, Хан тәңірі шыңын бағындыруы жалпы халықтың эко-туризмге деген қызығушылығын оятқаны анық.

Ал осыдан біршама уақыт бұрын Алматы облысының Кеген ауданында орналасқан Шарын шатқалында бұрын-соңды болмаған, құны 1,5 млрд теңге болатын, әлемдік стандартқа сай «Park Canyon» ойын-сауық паркінің құрылысы басталған болатын. Мұндай маңызды нысандар экстремалды туризмнің жанкүйерлерін магниттей тарта түсетіні айтпаса да белгілі.

Бүгінде «Park Canyon» ойын-сауық паркінің құрылысына қажетті 24 гектар жер бөлінген. Мамандардың есебінше, жоба іске қосылғаннан кейін жылына орта есеппен 375 млн теңгеге ақылы туристік қызмет көрсетіліп, 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар мемлекет қазынасына 47 млн теңге салық түседі.

 

Жетісудың көрікті жері туралы роликті жарты миллиард адам көрді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында Алматы облысы Ішкі саясат басқармасы әлемге әйгілі ВВС телекомпаниясымен бірлесіп, Жетісу жерінің көркем табиғатын тарихымен байланыстырып, бейнеролик түсірген болатын. Бұл роликті күні бүгінге дейін жер шарының 571 миллионнан астам көрермені тамашалаған.

– Бұл бейнероликті «МИР ТВ» телеарнасы ротациялағандығы, оны 150 миллион көрермен көргендігі белгілі болды. Қазіргі уақытта «Жетісу» бейнеролигі ТМД елдерін кеңінен қамтуда,  – деді Алматы облысы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ЖШС директоры Дана Дүйсенова.

Осы жайттарды есепке алсақ, көрікті жерлерді насихаттап, туристерді тартуда Алматы облысы аймақтар арасында топ бастап келе жатқанын байқауға болады. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын таба берсе, алдағы уақытта Жетісу Қазақстанның туристік орталығына айналатын күн де алыс емес.

Нұрлан ЖҰМАХАН

Пікірлер

пікір