Back

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының жастарға берері көп

Бұл бағдарламаның басты мақсаты – ауылды аймақтарды қажетті əлеуметтік, техникалық мамандармен қамтамасыз ету. Жас мамандарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме ақы төлеп, баспана алуына жеңілдетілген несие де беріледі.«Дипломмен ауылға» жобасында түлектерге жүктелер үміт үлкен, сенім мол жəне де үмітті іркілтпей, сенімді сапалы ақтауы да жас маманның парызы.

Міне, осындай үдеден шығып, бағдарлама аясында мемлекеттің көмегін алған жастардың бірі – Шу ауданының тұрғыны Самал Болатбек. 2010 жылы мектепті бітірген ол Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түскен. Аталмыш оқу орнын 2014 жылы «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы бойынша тәмамдап Самал, осы салада еңбек етуді көздепті. «Әлеуметтік педагогтар, әсіресе, ауылды жерлердегі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен әлеуметтік аз қамтылған мектеп жасындағы балаларға көмек көрсетуде таптырмайтын мамандық. Сол себепті, қолға диплом тиісімен, ауылдық жерге жұмысқа тұруға асықтым. Осы тұста, жас түлектер үшін таптырмайтын «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен танысып, сол бағдарлама арқылы Шу ауданында орналасқан Бірлік ауылындағы М.Х.Дулати атындағы орта мектепке жұмысқа тұрдым», – дейді ол.

Бүгінде аталмыш бағдарламаның арқасында тұрақты жұмыспен қамтылған Самал алғашқы жылы 138 мың теңге көлемінде бір жолға жеңілдетілген көтерме жәрдемақыға ие болыпты. Сонымен бірге, ауылдан үй алу үшін кезекке де тұрған. Міне, содан бері аталмыш мектепте әлеуметтік педагог қызметін атқарып жүріп, 2017 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы көптен күткен баспанасына да қол жеткізген.

Бұл бағдарлама еліміз еркіндік алғалы бергі ауылды жерлерді дамытуға бағытталған қарқынды қадамдардың бірі болды. Тəуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында жастардың ойып тұрып орын алуына, өз білімі арқылы ауылды жерді көркейтуге және сол арқылы мемлекет ұсынған көмекке қол жеткізуге тамаша мүмкіндік туды.Ауыл қайнаған тіршіліктің ортасы, сезіне, түсіне білген адамға үлкен мектеп.Қажетті білімді меңгерген, ауылдың абыройын көтеретін, өмірін өзгертетін жігерлі жас қашан да табылады. Сонымен қатар, сол ауылдан шықсаңыз тіпті жақсы. Ауылдың əлеуметіне қанық, жағдайына жетік бола тұрып, сол елдің ертеңі үшін аянбай еңбек ету сіз бен бізге міндет. Жаны отансүйгіштік сезіміне сусындаған, бойына ұлтжандылық қасиеті дарыған жас өрен ұлы істерді жасауға даяр. Ал, бұл қасиеттер əрбір азаматтың бойында мектеп жасынан қалыптасады. Яғни, жобаның бастауы- мектеп деп айтуға толық негіз бар. Жасты мектеп қабырғасынан бастап туған жерді сүюге, кұрметтеуге, адал қызмет етуге тəрбиелесек, жас маманның туған еліне тура тартатыны анық.