Back

«Геопортал» көп іске көмегін тигізуде

Соңғы жылдары экономиканың негізгі тірегі саналатын агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру елімізде қарқынды түрде жүзеге аса бастады. Оған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы нақты дәлел бола алады. Аталған бағдарламаның екінші бағытында экономиканың негізгі бағыттары, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласына цифрлы технологияны енгізу туралы айтылғаны баршаға мәлім. Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы халыққа Жолдауының «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» деп аталатын үшінші бөлімі де дәл осы салаға бағытталғанын айта кету керек. Осы орайда, өңіріміздегі асыраушы саланы цифрландыру қалай жүріп жатыр деген сауалға жауап беріп көрсек. Бұл ретте, ең әуелі ойға оралатыны – жерді қашықтықтан зондтауға арналған «Геопортал» жүйесі екені анық.

Алдымен, «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы ұсынатын аталмыш жүйеге қысқаша тоқталсақ. Жерді қашықтықтан зондтау қос құрылымнан тұратын және жер бетіндегі қандай да бір өзгерістерді бақылауға арналған қазіргі заманғы жүйе немесе озық технологиялардың жиынтығы. Дәлірек айтқанда, жердің суретін түсіретін арнайы құрылғылармен, бағдарламалармен және кеменің қызмет етуіне қажетті басқа да құралдармен жабдықталған белгілі бір орбитада ұшып жүретін ғарыштық кеме. Оның өңірлердегі пайдаланусыз жатқан жерлерді және олардың нақты аумағын анықтау секілді жұмыстарды атқаруда тигізер пайдасы орасан зор. Қысқаша айтқанда, бұл істің еліміз үшін сан-салалы маңызы бар деуге болады. Бір қуанарлығы, дәл осы «Геопортал» жүйесіне республика бойынша ең алғашқы болып облыс орталығынан шалғай орналасқан Шу ауданы қосылыпты. Аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Утеповтың айтуынша, ғарыштық навигациялық бақылау технологияларын тек ауыл шаруашылығы саласында ғана емес, сонымен бірге ветеринария, құрылыс және тағы да басқа салаларда қолдануға болады екен.

– Алғаш рет 2016 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының өкілдеріне біздің тарапымыздан ұсыныс білдіріп, бірлесе жұмыс істеу жөнінде келісімшарт жасадық. Бұл үшін аудан қазынасынан 3 миллион 700 мың теңге қарастырылған еді. «Геопортал» жүйесінің артықшылығы – ғарыштан түсірілген суреттердің нақты көлемін анықтап, оны үлкейтіп, бізге ыңғайлы етіп жасап береді. Бұған дейін аудандық жер қатынастары бөліміндегі мамандар аудандағы пайдаланусыз жатқан жерлерді анықтау үшін ауыл-ауылды аралап, күн ұзаққа тыным таппайтын. Оның үстіне кейбір шаруашылықтар жалған ақпарат та беріп жатады. Яғни, қанша жерден тырысқанымызбен, нақты дерекке қол жеткізу қиын болатын. Ал, «Геопортал» жүйесі осы олқылықтың орнын толтырғандай болды. Неге десеңіз, 2016 жылға дейін анықталған пайдаланусыз жатқан бос жерлердің көлемі осы жүйеге қосылғаннан кейін 30 пайызға дейін күрт өсті. Өйткені, ғарыштық бақылау барлық ақпаратты дәлме-дәл көрсетеді. Осылайша, 2016 жылдың өзінде біз аудан бойынша пайдаланылмай жатқан 10 мың гектар және өткен жылы 6 мың гектар алқапты мемлекет меншігіне қайтардық.,- дейді Данияр Құттыбайұлы.

Сонымен қатар, «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы өз қызметтерін оңтайландырып, жыл сайын пайдалы мәліметтер қорын ұсынып отырады екен. Бөлім басшысы алдағы уақытта, осы жүйе арқылы жер асты суының мөлшерін, оның қай деңгейде орналасқанын және топырақтың да құнарлығын анықтауға болатынын айтады.