Back

Кооперативтен келер көмек көп

Бүгінгі күн жұмыла еңбек ететіндердің заманына айналуда. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, кез келген жалғыз шаруаның қандай да бір өнімі өтусіз қалатыны барлығымызға да белгілі ғой. Осыны ескерген билік басындағылар алыстағы ағайынға ұтымды бағдарламаларды ұсынып, ауылдағы шаруалардың жемісті жұмыс істеуіне таптырмас мүмкіндіктер беріп отыр. Елбасының тапсырмасына сәйкес, аудан мен ауыл әкімдері және осы мақсатта арнайы құрылған топтар ауыл-ауылды аралап, шаруа қожалықтарына бірігу арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудың тиімді тұстарын жаппай түсіндірді.

Осындай түсіндіру жұмыстарына қатысудың нәтижесінде кооперативтің ауыл адамдарының оң жамбасына келетінін ауыл тұрғындары да жақсы түсінді. Мәселен, Шу ауданындағы Ескі-Шу ауылдық округіне қарасты Белбасар ауылынан шаруаға икемі бар бірнеше азаматы басын біріктіріп,  «Белбасар – 2017» кооперативін құрған. Ауылдан ниет білдірген әр отбасының мүмкіншілігі, қора-қопсының жағдайы, жұмыс қолы толығымен тексеріліп, екі ойлы болып жүргендеріне кооператив құрудағы мақсат тереңірек түсіндірілген. Міне, осы ұйымдастыру жұмыстарының қарқынды жүргізілуі нәтижесінде бұл күндері Белбасар ауылында 23 отбасы мал бордақылау шаруасымен шұғылданып отыр. «Бұл соңғы жылдары ғана қолға алынып, нәтижесі көріне бастаған іс» – дейді кооператив жетекшісі Мейірлан Дүбіров.

– Шүкір, бүгінде кооператив мүшелерінің қорасы құр емес. Осы орайда, кооператив жұмысының алға басуына оның құрамындағы әр азаматтың еңбегінің орасан зор екенін айтуға тиіспін. Расын айту керек, ауылды жерлердекооперативтердің көп болуы ауыл шаруашылығындағы өнім көлемін барынша ұлғайтып, азық-түлік қауіпсіздігін де толыққанды қамтамасыз етуге мол септігін тигізерісөзсіз. Шаруаның ебін тапқан адамға бүгінгі күні субсидиялар ауыл шаруашылығына өте жоғары деңгейде бөлініп, мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетілуде. Әуел баста кооператив мүшелерінің әрқайсысы Ауылшаруашылығын қолдау қоры арқылы 6 пайызбен 7 жылға несие алды. Нәтижесінде, олар 67 миллион теңгеге жалпы саны 358 бас мүйізді ірі қара алып, қазір бордақылаумен айналысуда. Кооператив құрылғаннан кейін, араға 9 ай салып, өткен айда алғаш рет ірі қараның етін өткіздік. Нәтижесі жаман емес, – дейді ол.

Аз уақыттың ішінде байқағанымыздай, кооператив ауылдағы ағайынның бірнеше мәселесін шешеді. Ең әуелі ауылдағы жұмыссыздық азаяды. Қазір коопе­ративке мүшелер алдымен дербес кәсіпкер болып тіркеледі, салығын, медициналық сақтандыруды уақтылы төлеп отырады. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде, кезең-кезеңімен түсетін табыстың да көлемі артып, тұрғындардың тұрмыс деңгейі де көтерілетіні сөзсіз.