Back

Кәсіптің көзін тапқан Карина

Бүгінгі күні шүкір, ізденген адамға кез келген істің көзін табуға мүмкіндік бар. Тек, талабы болсын деңіз. Жыл өткен сайын Шу ауданында кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келе жатқанын аңғару қиын емес. Аудан кәсіпкерлері тек бір салада ғана емес, кәсіпкерліктің түрлі бағытында да өздерін жақсы қырынан танытып жүр. Олардың арасында бұрын қазаққа таңсықтау көрінетін кәсіппен айналысып, тұрмысын түзетіп жатқандар да аз емес. Соның бірі – Шу ауданының тұрғыны Карина Кашаева десек қателеспейміз. Ол кезінде қазақ қоректік қуаты бар асқа санамаған саңырауқұлақты өсіріп, содан отбасының нәпақасын айырып отыр.

Расын айту керек, өңір тұрғындары саңырауқұлақты көктем мезгілінде  таулы және құмды аймақтардан теріп алып пайдаға жарататынын көріп те, біліп те жүрміз. Алайда, арнайы жылыжай салып, өз қолымен бақшасында саңырауқұлақ өсіріп, оны жыл он екі ай нарыққа шығаратын аудандағы кәсіпкерді біз бұған дейін естімегенбіз. Білгеніміздей, Карина Нұрғазықызы небәрі 25 жаста екен. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, Астана қаласында түрлі мекемелерде жұмыс істеген көрінеді. Дейтұрғанмен, алып қаладағы мардымсыз жалақыға көңілі толмағандықтан, туған өлкесіне келіп, өз кәсібін ашуды құп көрген.

– Бұл кәсіпті қолға алғаныма көп уақыт бола қоймады. Әуелгіде, жылыжай құрылысы мен саңыруқұлақ түптерін Алматы қаласынан жеткізуге екі жұмадай уақыт кетті. «Вешенка» деп аталатын саңырауқұлақтың бұл сұрпы  қолда өсіруге арналған. Қазіргі кезде еліміздің түкпір-түкпірінде осы сұрыпты өсіруді қолға алған кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Міне, біз де тәуекелге бел буып, саңырауқұлақтан мол өнім алып отырмыз. Бұл жылыжай 1000 түп саңырауқұлақ өсіруге шақталған. Алайда, аталмыш кәсіппен алғаш рет айналысып отырғандықтан, 500 түпті өсіріп көрейін деп шештім. Әзірге нәтижесі жаман емес. Күніне 20-30 келі саңырауқұлақ алып отырмыз. Негізінен, әр түптен 600-800 грамм аралығында өнім алуға болады. Саңырауқұлақ өте мұқият күтімді қажет етеді. Ауа-райына байланысты жылыжайдың температурасын күні бойы бақылауда ұстау керек. Қазір күндіз-түні ұйықтамай, әпкемнің қолғабыс беруінің арқасында екеуміз осы іспен айналысудамыз, – дейді жас кәсіпкер.

Байқауымызша, бұл өзі ұңғыл-шұңғылы көп шаруа екен. Саңырауқұлақ жылуды жақсы көреді, бөлмедегі болмашы ауа өзгерісі де оған қатты әсер етеді. Кездейсоқ бактериядан да қырылып қалуы мүмкін. Көп адамның саңырауқұлақ өсіруден бойын аулақ салатыны да сондықтан болса керек. Кәсіпкердің айтуынша, «Вешенка» саңырауқұлағы керемет дәмімен қоса, қоректік қуатымен де ерекшеленетін көрінеді. Оның адам ағзасындағы ісік жасушаларымен күресетін емдік қасиеті де бар екенін айтады білетіндер. Тың кәсіптің қыр-сырын ұғынып, одан мол өнім алуды көздеген жас кәсіпкердің өнегесі өзі сынды жастарға да қозғау салары сөзсіз.