Back

Шудағы спорт дүбірі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңыру» атты мақаласын жүзеге асыру мақсатында және Ұлы Отан соғысының 74 жылдығына орай, жуырда аудан ардагерлері арасында аудандық турнир өткізілді. Шу қаласындағы «Локомотив» стадионында ұйымдастырылған турнирге бірқатар ардагерлер қатысып, олар спорттың 8 түрі бойынша сынға түсті. Атап айтар болсақ, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, спорттық жүріс, асық ату, үстел теннисі, дартс және волейбол сынды спорт түрлерінен өз бақтарын сынады.

Жарыстың ашылу салтанатында Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманов және Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбек Қарғабаев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы ардагерлерге сәттілік тіледі. Аталмыш спорттық шарада аудан ардагерлері барынша белсенділік танытып, бүгінгі буынға үлгі боларлықтай ойын өрнегін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша, бәсекеде бағы жанған ардагер-спортшылар аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан дайындалған арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар, аудан орталығында орналасқан «Сары Хасенов» атындағы стадионында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңыру» атты мақаласы аясында және Жастар жылына орай Шу ауданындағы футбол маусымының ашылу салтанаты болып өтті. Аталған шара барысында Шу аудандық футбол федерациясының президенті, аудан спортының жанашыры Ерболат Досымбаев пен аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қасымхан Мәуленов сөз сөйлеп, футбол маусымының ашылуымен құттықтады. Бұдан кейін аладоп бәсекесінің ашылу салтанатына жиналған командалардың арасында үлкен футболдан аудандық жарыс ұйымдастырылды. Айта кетуіміз керек, бұл жарыс маусым аяқталғанға дейін жалғасып, жыл соңында барлық қарсыластарынан басым түскен команда арнайы жүлдені қанжығаларына байлайтын болады. Ал, алғашқы айналымның өзінде-ақ алғырлық танытқан командалар мен үздік ойын өрнегін көрсеткен ойыншылар аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы дипломдары мен бағалы сыйлықтарына ие болды.

 

Шу ауданы