Back

Орыс отарлауының азабын алдымен татарлар мен башқұрттар тартты

Түркі тектестер арасынан орыс отарлаушыларының теперішін бірінші көрген халықтар – татарлар және башқұрттар.

Жаулап алушылар алдымен бұл халықтардың жаңа қалыптасып келе жатқан мемлекеттік жүйесін жояды. Мемлекеттік тұтастық және тәуелсіздік символдарын біржола жоқ етуге, қоғамның өзін-өзі қорғай алу қабілетінен айыруға күш салады. Мұнда орыс билігін орнықтыру барысында қолданылған шаралар – жаңа билікті қабылдағысы келмеген татар, башқұрт және ноғай мырзаларын жер иеліктерінен айыру, ал қайсібірін ішкі Ресейге жер аудару, ал билікті мойындағандарына түрлі жеңілдіктер жасап, қолдау көрсету, билікке тарту түрінде жүреді.

Жергілікті билеуші топтан қалған үйлер, сарайлар, құнарлы жерлер ішкі Ресейден қоныс аударған орыс помещиктеріне, көпестеріне және дін қызметкерлеріне үлестіріледі. Жаңа территориядан жер алып баюдан үміткер түрлі бұзақы, азғын элементтерге, қожасының езгісінен қашқан босқын шаруаларға түрлі заңдастырылған жеңілдіктер жасалынады, олардың жаңа географиялық және этникалық ортада бауыр басып кетуіне қажет түрлі саяси-экономикалық және мәдени шаралар іске асырылады.

Отарлаушы әкімшіліктің осы мақсатқа қолданған іргелі шараларының бірі – аталған халықтардың өмірінен Ислам дінін ысыру еді. Метрополия отарлау үрдісі барысында православиялық Ресейге қарсы Ислам дінінің қорғаныс-ұйытқылық және рухани қарсылық ұйымдастырушы күш міндетін атқаратынын жақсы түсінген.

Сондықтан да Ислам дінінің түркі халықтары өміріндегі ықпалын алдымен әлсіретіп, соңынан жоюға үлкен ынта қояды.

Мәселен, тек 1742 жылы ғана бір Қазан уезіндегі 546 мешіттің 418-інің қиратылғанын айтса да жеткілікті.

19 ғасырдың соңы 20 ғасырдың басында өзінің басқару жүйесін Орталық Азияға жая бастаған Ресей отаршылары татар, башқұрт және ноғай елдерін бағындыруда қолданған әдіс-айласын енді жаңа елдерді бағындыруға да қолдана бастайды.

Негізгі тіршілік көзі – атамекенінен, салт-дәстүрінен, төл мәдениетінен айырылу қаупі енді осы елдерге де төнеді. Ал Ресей отаршылдығы сияқты мемлекеттік деңгейдегі ұйымдасқан дүлей күшке қарсы тұра алу үшін соған деңгейлес ұйымдасқан материалдық және рухани күш қажет еді.

Ресей қоластындағы түркі халықтарын тұтас бір майданға біріктіргенде ғана ондай күш қалыптастыру мүмкін еді.

Түркішілдік және исламшылдық (пантюркизм және панисламизм) міне, осы орыс отаршылдығына қарсы күрес кезінде өмірге келді.

Басқаша айтқанда пантюркизм мен панисламизм қорғанушылар идеологиясы болатын.

Ресей империясында 20 ғасырдың бас кезінде түркі халықтары арасында ұлт-азаттық идеологиясы қалыптаса қоймаған жағдайда олардың отарлық езгіге қарсы қозғалысы алдымен жалпы исламдық қозғалыс аясында жүреді. Ал, оның ұйытқы, бағыт беруші орталығы Мемлекеттік Дума құрамындағы Мұсылман фракциясы еді.

Міне, осы негізгі мазмұнды ұлт-азаттық сипаттағы ислам қозғалысының ұйытқысы құрамында Исмаил Гаспиринский, Садри Максудов, Али-Мардан-Бек Топчибашев, Сәлімгерей Жантөрин сияқты қайраткерлер болған.

Қазақ қоғамынан Мұсылман фракциясының қызметіне белсенді түрде атсалысқандардың арасынан, әрине, ең алдымен Әлихан Бөкейханұлы және Мұстафа Шоқайұлын атаған жөн, тура осыдан 80 жыл бұрын, яғни 1916 жылы желтоқсанда Мұстафа Шоқайұлы Әлихан Бөкейханұлының ұсынуы бойынша Мұсылман фракциясы бюросының хатшысы болып бекітілді.

Ресейдегі мұсылман және түркі халықтарының осы тарихи кезеңдегі ұлт-азаттық қозғалысының баспа органы міндетін атқаруға тырысқан басылымдар да болды. Олар «Тәржіман» және «Уақыт» сияқты газеттер еді.

Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының тұңғыш идеологиялық органы болып, осы міндетті ең соңғы санына шейін орындаған Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газеті белгілі дәрежеде осы басылымдардың күрес тәжірибесіне сүйенеді.

Ал осы 1905 жылғы ресейлік революциядан соң өрлеу алған жалпыресейлік мұсылмандық қозғалыс, біріншіден, Мемлекеттік Дума деңгейіне түркі және басқа мұсылман халықтарының ең өзекті саяси және әлеуметтік мәселелерін қойып, оларға отаршыл биліктің назарын аударуға мәжбүр етсе, екіншіден, татар, қазақ және басқа мұсылман елдерінің балғын ұлт-азаттық қозғалысының аяғынан тұрып, ер-жетіп есеюіне қолдау жасап, дем беріп отырған.

Ғылыми-әдебиетке мұсылмандық, түркішілдік қозғалыстарды талдаушылар саналы түрде бұл құбылыстардың негізінен «антироссиялық» мазмұнына баса назар аударды да, олардың шынайы мазмұны тиесілі теориялық дәрежеде ашылмай келді.

Ал ол қозғалыстардың негізгі мақсаты Ресей империясының құрамындағы түркі және мұсылман халықтары өмірін жаңа заман талабына сай қайта құру (реформалау), ол үшін бұл халықтарды отарлық езгіден азат ету еді.

Ресейлік мұсылмандық қозғалыстың бағдарламасында осы міндеттер ашып көрсетілген.

Студенттік жастық шағы империяның саяси орталықтарының бірі Петербургте өткен Мұстафа Шоқайұлының қоғамдық көзқарасының қалыптасуы азаттық қозғалыстың өзі тұстас басқа да қайраткерлерінікіне ұқсас.

Бәрі де Ресей империясының Оралдан асып, түркі халықтарының тарихи отаны, әлемдік мәдениеттің көне ошақтарының бірі – Орталық Азияға тереңдей еніп, оны өз отарлық аймағына айналдыру үрдісіне куә болған.

Бәрі де бұл үрдістің жергілікті халықтардың ұлттық сана-сезімінің оянуына түрткі болғандығын, өздерінің сол рухани түлеудің көрсеткіші және қозғаушы күші болуға тиіс екендіктерін жақсы ұғынады.

Шамамен 1914 жылдан Мұсылман фракциясының қызметіне тартыла бастап, ал 1916 жылдан оның хатшысы міндетін атқарған Мұстафа Шоқай белгілі дәрежеде, бүкілресейлік ұлт-азаттық, мұсылмандық қозғалыстың эпицентрінен бір-ақ шығады.

Бұл мекемедегі қызметтің берер ең негізгі пайдасы – империя көлеміндегі түркі, мұсылман халықтарының өмірінде болып жатқан ең елеулі оқиғалар туралы аса құнды ақпарлардың осында жұмыс жасайтын кісілердің қолынан өтетіндігінде еді.

Мұстафа Шоқай Мемлекеттік Дума жанындағы фракция жұмысына 1916 жылғы Түркістандағы қайғылы оқиаларға байланысты Дума және үкіметтің тыңдауына арнайы баяндама даярлау барысына белсенді түрде қатысады. Баяндама даярлау А.Ф. Керенскийге жүктелген болатын.

Қажет материалдар жинау мақсатында А.Ф. Керенский 1916 жылдың күзіне қарай Ташкентке келіп қайтады. Онымен бірге келген дума депутаттарының арасында Мұстафа Шоқайұлы да болады. Сол жылдың соңына қарай жоғарғы билік орындарының назарына ұсынылған бұл өткір баяндаманы даярлауда Мұстафа Шоқайдың да үлесі бар-тын.

Ақпан төңкерісін Мұстафа Шоқай Петербургте қарсы алады. 1917 жылы 20 наурызда ол Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлымен бірігіп «Қазақ» газетінде жарық көрген «Алашұлына!» деп аталған үндеуге қол қояды.

Бұл үндеуде авторлар қазақ жұртын Уақытша үкімет шараларын қолдауға шақырады.

Осы жылдың жазына қарай қазақ зиялыларының белсенді тобы майдандағы жұмыстан еліне қайтқан түркістандықтардың мәселелерін шешуге атсалысады. Олардың арасында Мұстафа Шоқай да болады.

Мұстафа Шоқай басқа қазақ зиялылары сияқты Ақпан төңкерісінің нәтижелерін үлкен ынтамен қолдап, Уақытша үкімет орындарының шараларына, қазақ даласында құрылып жатқан Қазақ комитеттерінің жұмысына қызу араласады.

1917 жылдың жазында Уақытша үкіметтің Түркістанды басқару үшін құрған 9 адамнан тұратын Түркістан комитетінің құрамына енгізіледі. Дегенмен, Уақытша үкімет, әсіресе, оның орнына келген Кеңестік билік Түркістан халықтарының өздерін-өзі билеу құқын мойындамайды.

1917 жылы 22 қарашада өз жұмысын аяқтаған Түркістан өлкелік Кеңестер съезі Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесі аталатын үкіметтің құрылғанын жариялап, бірақ оның құрамына жергілікті мұсылман елдерінен бірде-бір өкіл енгізбейді. Бұл жағдай Мұстафа Шоқай төрағалық еткен «Түркістан өлкесі мұсылмандары кеңесін» нақты әрекеттерге көшуге итермелейді.

Осы жылдың 26 қарашасында Қоқан қаласында өз жұмысын бастаған Төтенше өлкелік мұсылмандар съезі Түркістан халықтарының өзін-өзі билеуіне ықылас білдіре отырып, Түркістанды «Ресей Федеративтік республикасымен ынтымағы бір территориялық  автономия» деп жариялап, Түркістан Уақытша Кеңесі үкіметін құрады.

Мұстафа Шоқай әуелде бұл үкімет құрамына сыртқы істер министрі есебінде еніп, екі жеті өткен соң оның төрағасы болып сайланады.

Түркістан автономиясы жариялай отырып, Мұстафа Шоқай мен оның серіктері бұл мақсатты іске асырудың қаншалықты азапты, күрделі екендігін жақсы түсінеді. Ол съезде сөйлеген сөзінде:

«Сіздер бірден толыққанды мемлекет құрғыларыңыз келеді. Ал ол үшін бізде адам жоқ, тәжірибе жоқ, мүмкіндік жетімсіз, әскер құрылмаған. Россия қаншалықты құлдырау кезеңінде десек те, бізден әлдеқайде қуатты…Жариялай салу оңай, алайда біздің жағдайымызда оның сақтап қалу өте қиын», – деген ойды айтады.

 Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ 

«Қазақ тарихы» журналы, 1997 жыл.

(жалғасы бар)