Back

Назарбаев: “Маған алдағы сайлауға түсуімді өтінген хаттар келіп жатыр”

Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев кейбір азаматтар алдағы сайлауға түсуді өтініп, хат жазатынын айтты. 

“Бұл күндері маған көптеген азаматтарымыздан хаттар келіп түсіп жатыр. Олар үшін менің президенттік өкілеттігімді тоқтату туралы шешімім күтпеген оқиға болған. Кейбірі қапаланып, тіпті менен алдағы сайлауға түсуімді өтінген хаттар да түсіп жатыр”, – деді Назарбаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезінде.

Елбасы өзіне хат жазған барша азаматқа ризашылығын білдіріп, олардың уайымын түсінетінін айтты.

“Адамдар тұрақтылық пен теңдіктің сақталғанын қалайды. Қазақстандықтарға маған көрсеткен құрметі мен махаббаты үшін алғыс айтқым келеді. Олардың қорқынышын түсінемін, мен бұл шешімді әбден ойланып-толғанып қабылдадым”, – деді Назарбаев.

Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың лайықты кандидат екенін атап өтіп, отандастарды бірауыздан қолдауға шақырды.

Айта кетсек, бүгін Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезінде партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия атынан алдағы президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.

Дереккөз: Sputnik