Back

Назарбаев президент сайлауына Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды

“Нұр Отанның” кезектен тыс ХІХ съезінде партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті сайлауына үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. 

“Нұр Отан” қоғамды бір жұдырыққа жұмылдыру жұмысын жалғастырғаны жөн. Елдегі тұрмыстың түзеліп, жағдайдың жақсарғанын әрбір қазақстандық сезінуі тиіс. Билік Ата заңға сәйкес ауысты. Екі апта бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлау өтетіні туралы қаулыға қол қойды. 

Тоқаев  мемлекеттік деңгейдегі әрбір мәселеге аса мұқият қарайтын азамат. Ел басқаруда бұл қабілеті аса маңызды.

Мен Қасым-Жомарт Тоқаевқа толық сенемін. Оны Қазақстанды басқаруға толық лайықты деп санаймын.

Ол менімен бірге елдің сыртқы саясатын түзуде көп еңбек сіңірді. Ұзақ жыл Сыртқы істер министрлігін басқарды.

Ол менің Ұлттық қорды құру туралы идеямды алғашқылардың бірі болып қолдады. Тоқаев, Сенат төрағасы ретінде заңнамалық жұмысты жетілдіруге үлкен үлес қосты. 

Ол менен бір мүшелге кіші. Осы күнге дейін менің сенімді серігім болды және мен қолға алған әрбір бастамаға қолдау танытты. Мен оған сенемін. 

Әлемге демократиялық жолды таңдағанымызды тағы бір мәрте дәлелдедік. Біздің шешімізді әлемнің озық елдері қолдап, құптап отыр. Осы жолғы сайлауда белсенділік танытайық.

Еліміз үшін бірлік пен тұрақтылықтан асқан құндылық жоқ. Жаңа басшылыққа қоғам тарапынан толық қолдау көрсетіледі. Партия төрағасы ретінде президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынамын. Біздің үміткерді қолдап дауыс берулеріңізді сұраймын” ,  – деді Назарбаев.