Back

“Кенжесі – 8 айлық”. Текеліде тұратын жалғызбасты анаға 4 бөлмелі үй берілді

Баспана – қазақтың нөмір бірінші мәселесі. Баспаналы қазақ міндетті түрде көбейеді. Үбірлі-шүбірлі болады. Демографиялық ахуалдың түзелуі қазақтың баспаналы болуымен тікелей байланысты. 

Осыны түсінген Алматы облысының бизнесмендері басқа өңірлерге үлгі боларлық игі істі қолға алғанға ұқсайды. Облыстағы кәсіпкерлер көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қамқорлық көрсетіп жатыр.

Текелі

Сондай шарапаты мол шараның бірі – Текелі қаласында болды. 

37 жастағы «Күміс алқа» иегері Назгүл Қожыкеева осы уақытқа дейін балаларын өзі өсіріп, өзі тәрбиелеп келді.

Он жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып келе жатқан анаға Талдықорған қаласының әкімі қамқорлық көрсетті.

Қала әкімі Бахтияр Өнербаев жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен жалғызбасты анаға 4 бөлмелі үйдің кілтін табыс етті. Айта кететін бір жайт, отбасындағы ең кішкентай сәби –сегіз айлық. Аты –Инабат. Кішкентай сәби бір жасқа толғанда анасы  Назгүлге «Алтын алқа»  белгісі тапсырылатын болды.

Қазіргі уақытта отбасы мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып,  балалардың жәрдемақысымен күнелтіп отыр.  

Енді олар 1 сәуірден бастап көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік 165997 теңге жәрдемақы алады.

–Он жылдан бері пәтер жалдап тұрдық. «Өзіміздің пәтеріміз қашан болады?» деп армандадық. Қайырымды жандар қоғамда бар екен. Ең алдымен қала әкімі Бахтияр Өнербаевқа және үйді әперуге қолұшын созған кәсіпкер азаматтарға мың алғыс. Мектеп те – жанымызда. Балаларым енді алаңсыз ұйықтайтын болды. Соған қуанамын,–дейді жалғызбасты, көп балалы ана.

Әкім жеті баласы бар жалғызбасты анаға жеке үй әперді

Айта кету керек, қазіргі уақытта Текелі қаласында 415 көп балалы отбасы тұрады. Қала әкімі Бахтияр Өнербаевтың айтуынша, олардың 170 -не баспана керек.

Ал ресми түрде кезекте тұрғаны – 55 отбасы ғана.  Ұлтжанды азамат, қала басшысы бұл ретте кәсіпкерлер тарапынан жасалынып жатқан игі қадамдардың жалғасатынын атап өтті. Арнайы құрылған қайырымдылық қорынан мамыр айында тағы да көп балалы бір отбасыға баспана сатып әперілмек.

–Мемлекеттік қолдаудың арқасында Текелі қаласының кәсіпкерлері қайырымдылықтан сырт қала алмады. Кәсіпкер Виктор Сычев біздің бастамамызды қолдап, Назгүл Қожыкееваға жеке үй сатып алуға қолдау көрсетті. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арнап, арнайы қор аштық. Қордағы қаржы сондай мұқтаж жандарға жұмсалады. Бұл орайда қайырымдылық шаралары жалғасын табатын болады,–дейді Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев.

 

Дереккөзqamshy.kz

Пікірлер

пікір