Back

Кәсіпкерлер нені ескеруі қажет?

Биылғы жыл еліміз үшін үлкен жаңалықтарға толы болды. Соның ішінде зейнетақы мен жалақының өсуі және коммуналды қызметтер төлемдерінің төмендеуі ел тұрғындарын қуантты. Ал, кәсіпкерлер үшін салықтық рахымшылық қолға алынатыны айтылып, бизнес саласында көптеген қолдаулар көрсетілетіні хабарланды. Жұмыстың көп бөлігі кезең кезеңімен электронды форматқа көшкендіктен, жеке кәсіппен айналысатын саудагерлер онлайн түрдегі фискальды аппаратқа көшуге міндеттелуде. Бірақ бұл аппаратты кәсіпкерлер өз қаражатына алулары қажет. Оларды ойландыратыны – аппараттың қалта көтермейтін бағасы.  Бұл тұрғыда мемлекеттік кірістер саласының қызметкерлері бұндай  жаңашылдыққа көшу  керісінше, жұмысты оңайлатады дегенді айтады.

Осыған орай, жуырда Шу аудандық Мәдениет үйінде осы тақырып төңірегінде жиын өтті. Кездесу жиынын аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев жүргізді. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлерге түсіндіру жұмысын жүргізу мақсатында Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ө.Қоспанов, департаменттің бас мамандары Қ.Мамасеріков, Г.Н.Наренова, Ж.Бахташ, Е.Таубеков, Шу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы А.Ажмаханов  арнайы қатысты. Нұрлан Сегізбайұлы жиынның мақсаты мен жұмысшы топты таныстырғаннан кейін, сөз кезегін Өмірзақ Қоспановқа берді. Ол өз баяндамасында салық төлеушілердің кассалық аппарат орнату міндеттілігі жайында кеңірек түсіндірді.

– 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер ашық  сауда базарларының аумағында стационарлық емес нысандарда жұмыс жасайтындары бақылау кассалық машинасын қолдануға міндетті болады. Ал, 2020 жылдан бастап патент шеңберінде жұмыс істейтін салық төлеушілерге БКМ қолдану міндеттілігі туындайды. ҚР заңнамасы талаптары бойынша БКМ қолданудан жалтарған адамдар міндетті түрде жауапқа тартылады, – деді Өмірзақ Сайлауұлы.

Өз кезегінде Е.Таубеков электронды шот фактура жазудағы жаңа талаптарға тоқталды. Ал аталмыш департаменттің камералды бақылау басқармасының бас маманы Г.Наренова «Деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолдану – тәуекелдер басқару жүйесінің бір белгісі» тақырыбында баяндама жасады.

Атап өтерлігі, 2018 жылғы 5 қазанда қазақстандықтарға жарияланған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасының арттыру»  атты Жолдауда Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес өкілдеріне  салықтық рахымшылық  жасау қажеттігін атап өткен болатын. Бұл жаңашылдық жайында жиын барысында Ж.Балташ түсіндіріп өтті.

Жамбыл облысы аумағында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 63 мыңға жетті. Биылғы жылдан бастап кәсіпкерлердің өсімпұл мен айыппұлдарына салықтық рахымшылық жасалатын болады. Бұл заң өз күшіне енді. Заңға сәйкес, салықтық рахымшылық шағын және орта бизнес субъектілеріне 2018 жылдың 1 қазанындағы негізгі қарызын 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұл есептен шығарылады, – дейді Ж.Балташ.

 

Жамбыл облысы

Шу ауданы

Пікірлер

пікір