Back

Тұрғындарға серпін берген сенбілік

 Көктемгі тазалық науқаны басталғалы шулықтар жұдырықтай жұмыла сенбілікке шығап, тазалық жұмыстарын атқарып келеді. Сенбі сайын жүргізілетін жалпы аудандық сенбілік жұмыстарынан бөлек, аудан айналасын санитарлық тазалау жұмыстары үздіксіз жасалуда. Тіпті көшені қоқыстан арылтып, тап-таза етіп сыпырып өтетін «Беларус 320» маркалы екі бірдей трактор қолданылуда. «Төле би мамандандырылған көпсалалы кәсіпорны» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мекемесінің базасында тұрған қос бірдей шағын трактор таң атқаннан кеш батқанша аяқ-қолын талдыра көше сыпыратын қоғамдық жұмысшылар үшін қолайлы болды. Енді тек аудан тұрғындары қолдағы қоқысты көзі түскен жерге тастай салмай, арнайы қоқыс жәшіктеріне салуды әдетке айналдырса болғаны.

Тағы бір айта кетерлігі, дәл осы көктемгі тазалық күндері қарсаңында тал отырғызу жұмыстары да қолға алына бастады. Бұндай игі шара Шу қаласындағы «Тарлан» спорт кешенінің маңында орын алды. Игілікті іске аудан әкімінің аппараты, аудандық мәслихат аппараты, депутаттар және аудан жастары атсалысты.  Жуық арада аталмыш спорт кешенінің маңы көз сүйсінер жасыл желекке айналары хақ. Себебі, дәл сол күні 500-ге жуық ағаш көшеттері отырғызылған болатын.

Аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен тал егу қазір де  жалғасын табуда. Дәлірек айтсақ, аудан орталығы Төле би ауылындағы М.Әуезов атындағы шағын орталықты орта мектебінің маңына 350 түп  сәндік және жеміс ағаштары, «Батыс» мөлтек ауданында салынған жаңа мешіттің айналасына 20 түп қылқан жапырақты ағаш түптері отырғызылды. Аталған жерлерге Шу ауданының Құрметті азаматы, Қазақ аграрлық университетінің орман шаруашылығы факультетінің деканы Құрманкүл Абаева демеушілік көрсеткендігін ерекше атап өткеніміз жөн. Табиғат жанашыры №40 орта мектебіне де 100 түп жеміс ағаштарын сыйлаған болатын. Бұл өз кезегінде аудан азаматтарының туған жеріне деген өзінің сүйіспеншілігін білдірсек керек-ті. Халқымызда кез келген жан артына бір тал отырғызып кетуі қажет деген жақсы тәмсіл бар. Лайым әрбір отырғызылған ағаш ауданның гүлденуіне үлес қосып жүрген тұлғалардың жетістігімен қатарласа өсе берсін демекпіз.

 

Жамбыл облысы

Шу ауданы