Back

Қабатовтың Зеленскийден несі кем?

Ресейге бас ұрмай, дербес саясат жүргізуге бет бұрған Украинада жексенбі күні кезекті президенттік сайлау өтті. Саяси додаға қатысып, бағын сынаған 30-дан астам үміткерлердің арасында төрт-бес саясаткер өзара күш сынасқаны белгілі. Алғашқы кезеңде ешқандай кандидат сайлаушылардың тең жартысының дауысына ие болмаған соң, үш аптадан кейін президенттік сайлаудың екінші туры өтпекші. Екінші кезеңде 30,23 пайыз дауыс жинап, топ бастаған Владимир Зеленский мен сайлаушылардың 15,95 пайыз дауысына ие болған іс басындағы президент Петр Порошенко қатысатын болады.    

 

Украинаға неге қызығуға болады?

Посткеңестік елдерде әдетте, президент сайлауында фаворит саналатын үміткер алғашқы кезеңде-ақ сайлаушылардың 80 пайыздан (кейде 98 пайызға дейін жетеді) астам дауысына ие болып, бірінші кезеңде топ жарып билік басына келетін «дәстүр» бар екенін білеміз.

Ал демокартиялық құндылықтарға бой ұрып, Батыс елдеріне бет бұрған Украинада президенттік сайлаудың екінші турының өтуінен бұл елде сайлаудың әділ өткенін айқындайтын басты белгі деп атауға болады. Бұл – Украинада өткен сайлаудың көп ерекшелігінің бірі.

Бүгінде Кремльдің сойылын соғатын пропагандистер президенттік сайлаудың екінші кезеңге созылуын «Украинада саяси ауызбірліктің жоқтығының белгісі» деп сынап-мінеп жатыр.

Біздіңше, бұл жерде ел бірлігінен айырылып, халық екіге жарылды деп дабыра көтеретіндей ештеңе жоқ.

Қайта президенттік сайлаудың қорытындысы екінші кезеңде шешілуі бұл демокартиясы дамыған, ашық қоғам құрған Батыс елдеріне тән құбылыс.

Біле білсеңіз, қарыштап дамыған Франция мен Германияда мемлекет басшыларын сайлау процесі екінші турға дейін созылуы әдепкі дүние болып саналды.

Сол кезде «француздар мен немістер бірлігінен айырылды, мемлекетке қауіп төнді» деп ешкім шала бүлініп, шалшыққа құламайды. Осы өлшеммен алып қарасақ, Украинада президенттік сайлаудың екінші кезеңге аяқ басуынан елде саяси плюрализмнің қалыптасқанын көрсетеді.

Бұл үшін Украинаны сынағаннан гөрі, қызығушылықпен қараған жөн.

Сол себепті президенттік сайлау қашан өтеді екен деп елең-алаң күй кешіп отырған Қазақ еліне де президенттік сайлаудың екінші кезеңге дейін ұласуын нәсіп етсін деп тілеуге болады.

 

Тимошенконың сәтсіздігі жайында бірер сөз

Ендігі кезекте Украинадағы президенттік сайлауға қайта оралсақ. Саяси сарапшылар мен әлеуметтанушылар саяси науқан барысында іс басындағы президент Петр Порошенконың екінші турға өтіп-өтпеуі жайында күмәнді ойларын ортаға салған еді. Өйткені сайлау электораттық  тұрғыдан таза өткен жағдайда екінші кезеңге Владимир Зеленский мен Юлия Тимошенко шығатыны жайында болжамдар айтылған еді.

Иә, Украинадағы қызғылт-сары революциядан бері саяси күрестің алдыңғы шебінде келе жатқан Юлия Тимошенко президенттік сайлауда екінші кезеңге өтетін лайықты кандидат еді. Өкінішке орай, Батькивщинаның көшбасшысы Петр Порошенкоға 2-3 пайыз дауыс (Тимошенко 13,39 пайыз) айырмасымен есе жіберіп қойды.

 

Екі себеп…

Осы ретте Юлия Тимошенконың екінші кезеңге өте алмауына әсер еткен тағы екі себепті айта кеткенді жөн деп санаймыз.

Бірінші кезекте Украинаның белгілі саяси технологы Сергей Гайдай Юлия Тимошенконың басты қателігі сайлау штабын дұрыс ұйымдастырмаған соң екінші турға өтпей қалғаны жайында өз пікірін ортаға салды.

Оның айтуынша, Украинада үлкен саяси күшке ие саясаткердің сайлау штабындағы білікті мамандарға тиісті деңгейде еркіндік бермей, бәрін өз бақылауында ұстап, саяси технологтарды құлашын жазып жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызбаған.

Иә, С.Гайдайдың сөзінің жаны бар. Ю.Тимошенко көп жағдайда саяси шешімді өзі қабылдап, айналасындағы жақтастарының өз қалауымен жүргенін қалайтыны байқалып тұрады.

Бұл ретте саяси күрес барысында талай рет сатқындықтың құрбаны болған, тіпті Виктор Янукович билік құрған тұста абақтыға да қамалған әккі саясаткердің екі шоқып, бір қарауға әдеттенгенін түсінуге болады. Дегенмен де ол өзінің сақтық шарасы бұл сайлауда опық жегізеді деп ойламаса керек.

Юлия Тимошенконың президенттік сайлау кезінде екінші турға өтпей қалуының тағы бір себебі бар. Оған дауыс беретін ықтимал сайлаушылардың біраз дауысын Леонид Кучманың кезінде Украинаның қауіпсіздік кеңесін басқарған Игорь Смешконың саяси додаға түсіп, Майдан кезінде белсенділік танытқан саясаткерлердің дауысына ортақтасуын атап айтуға болады.

Президент сайлауының қарсаңында Украинаның шынайы патриоттары саналатын Юлия Тимошенко мен Анатолий Гриценкоға дауыс беретін халықтың дауысын бөлу үшін Игорь Смешконың саяси додаға араласатыны жайында біраз әңгіме айтылған еді.

Сайлау барысында сол қауесеттің шындыққа айналғанына көзіміз жетті. Саяси доданың нәтижесінде Игорь Смешко 6,5 пайыз сайлаушылардың дауысына ие болып, Тимошенко мен Гриценконың біраз сайлаушыларының көзін байлап қойды.

Осындай астыртын аяқтан шалудың салдарынан президенттік сайлауда повариті саналған Юлия Тимошенконың арындаған екпінін тоқтатуда Игорь Смешко өзіне тапсырылған спойлер міндетін ойдағыдай орындап шықты.

 

Гордон Смешконы қалай баптады?

Украинадағы президент сайлауында саяси үрдістердің жаңа сапада жүруіне медиа саласының негіз болғанына көзіміз жете түсті. Айталық, бұл сайлауда спойлер міндетін атқарған Игорь Смешконы халыққа танытып, оның сайлауалды үгіт-насихат жұмысын сауатты жүргізген белгілі журналист Дмитрий Гордонның іс-әрекеті жайында айтпай кетуге болмас.

Украинадағы ресейшіл топтармен астыртын байланысы бар деп саналатын Дмитрий Гордонның президенттік сайлауда әлеуметтік желімен ғана елдегі саяси үрдістерге қалай ықпал етуге болатынын паш етті.

Иә, бұл жерде оның іс-әрекетіне саяси-моральдық тұрғыдан бағаны украиндықтар өздері бере жатар. Ал оның медиа саласының білікті маманы ретінде қарапайым халық жыға танымайтын Игорь Смешконы сүйреп алға шығарып, сайлаушылардың 6 пайыздан астам дауысына қол жеткізуіне жол ашуын үлкен еңбек деп бағалауға болады.

Бұл ретте Дмитрий Гордон ресейшіл күштердің жетекшісі Виктор Медведчукқа тиесілі 112 телеарнасы мен өзінің әлеуметтік желідегі каналдары мен парақшаларын өте шебер пайдаланды.

Осылайша, бір ғана журналистің сауатты әрекеті жұрт назарынан тысқары жүрген саясаткерге үлкен саясатта даңғыл жол ашып берді.

Ендігі жерде Игорь Смешко өзінің саяси партиясын құрып, күзде өтетін парламент сайлауына қатысуына карт-бланш алды. Ол бұл үшін журналист Дмитрий Гордонға алғыс айтуы тиіс.

Осылайша, Игорь Смешко күтпеген жерден әжептәуір сайлаушылардың қолдауына ие болып, Юлия Тимошенко мен Анатолий Гриценконы жерге қаратып кетті.

 

Тимошенконы не күтіп тұр?

Жалпы, бұл сайлауда іс басындағы президенттің жақтастарынан бастап, Украинадағы ресейшіл топтар Тимошенкоға барынша шабуылдап бақты. Бұл ретте сөзіміз дәлелді болуы үшін сайлауға Петр Порошенконың жақтастары Юрий Тимошенко деген үлкен саясатқа араласпаған біреуді сайлауға қатыстырып, лас әрекетке барғанын айтсақ та жетіп жатыр.

Өзінің қайсарлығымен айдай әлемге танылған Юлия Тимошенко сайлауда жеңіліс таптым деп саяси амбициясынан бас тартқан жоқ.

Ол алдағы уақытта өзі жетекшілік жасайтын Батькивщинамен парламент сайлауына қатысып, көптеген мандатқа қол жеткізуге күш салатыны белгілі. Тимошенко Украинаны Президенттің басқару жүйесінен Парламенттік басқару жүйесіне ауыстыру туралы ойынан қайтпайтыны анық. Алдағы уақытта ол Владимир Зеленскийге қолдау көрсетіп, өзін аяқтан шалған Петр Порошенкоға қарсы әрекет ететін болса, ол Украинаны Парламенттік басқару жүйесіндегі елге айналдыратын мүмкіндікке ие болуы мүмкін.

 

Порошенконың мүшкіл халі хақында…

Енді екінші турға әрең аяқ іліктірген іс басындағы президент Петр Порошенко жайында ой қозғасақ. Украинадағы Майданнан кейін билік басына келген Порошенко президент болып сайланғанда Донбасс пен Луганскідегі соғысты тоқтатып, Ресей аннексиялап алған Қырымды аз ғана уақыттың ішінде кері қайтарам деп уәде берген-ді. Өкінішке орай, Порошенко халыққа берген басты уәдесін орындай алған жоқ.

Ол билік құрған бес жылда Украинада экономикалық даму күрт төмендеп, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық әрекеттер өріс алғаны жасырын емес.

Ол бір қолымен Ресейге қарсы соғысса, екінші қолымен агрессормен бизнес жасап, елді екіұдай күйге түсірді.

Соңғы «Укрқорғанысөндіріс» мемлекеттік концерні айналасындағы дау да Порошенкоға ауыр соққы болып тиді.

Бұдан басқа, энергоресурстардың бағасының қымбаттауы қарапайым халықтың тұрмыс жағдайына кері әсер етті.

Порошенконың Панамгейт дауында аты аталуы, елінде соғыс болып жатқанда Мальдив аралдарында жүздеген мың доллар жұмсап, демалуы халықтың ашу-ызасын туғызғаны жасырын емес.

Сол себепті Порошенко екінші рет Президент болып сайлануы үшін барлық амал-тәсілдерді істеп бағуда. Бірақ оның қолға алған Томос, Керіш бұғазындағы жанжал, тіпті өткен жылдың аяғындағы Украинада әскери жағдайды енгізуі әзірше ешқандай нәтиже берген жоқ.

Саяси сарапшылар алдағы президенттік сайлаудың екінші турында Порошенко Зеленскиймен ашық бәсекеге түсетін болса, сөзсіз ұтылатынын айтуда. Сондықтан екінші турда Порошенко сайлау нәтижесін бұрмалауы бек мүмкін. Мұның қаншалықты рас-өтірік екеніне 21 сәуір күні көз жеткізетін боламыз.

 

Халыққа саясткерден әртістер жақын

Президенттік сайлаудың алғашқы кезеңінде үлкен айырмашылықпен қатарластарынан қара үзіп кеткен Владимир Зеленскийдің әрекеті украиндықтардан бөлек, посткеңестік елдер арасында эйфориялық жағдай туғызып отырғаны белгілі.

Егер алдағы уақытта Қазақстанда президенттік сайлау ашық өтіп жатса, еліміздегі олигархтар халықтың дауысына ие болуы үшін Тұрсынбек Қабатовты сайлауға түсіріп жатса, бұған өз басым таңғалмас едім.

Өйткені посткеңестік елдерде халық алдында саясаткерлерден гөрі әртістер танымал екені белгілі.

Сондықтан Қазақстанда болашақта болатын сайлауларда әнші-әртістер үміткерлердің қатарында жүрсе, оларға үрке қараудың жөні жоқ.

Соңғы ҚР Парламенті сайлауында «Нұр Отан» партиясы қатарына Қайрат Нұртас, Серік Сәпиев, Ольга Шишигина сынды танымал шоу-бизнес пен спорт жұлдыздарының қатысып, аз да болса саяси доданың көркін қыздырғанын ұмыта қойған жоқпыз.

 

Зеленский феномені

Иә, Зеленский феномені неде? Сайлау қарсаңында саяси сарапшылар мен саясаткерлер оның үлкен саясатта іс-тәжірибесінің жоқтығын алға тартқанымен, оның осы бір қасиеті халықтың өзіне деген сенімін оятып, айрықша қолдауына ие болды.

Президенттік сайлаудың алғашқы нәтижесінен Украинада халықтың саясат сахнасында баяғыдан келе жатқан тұлғалардың әбден жалыққанын байқауға болады.

Бұл ретте ат жалын тартып мінгелі бері саясаттың қазанында қайнаған Петр Порошенко өзінің бесжылдық президенттік мерзімінде не істеді?

Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсартатындай көзбен көріп, қолмен ұстайтындай іс істеген жоқ.

Оның Томос мен Еуроодақ елдерімен арадағы визасыз барыс-келіске қол жеткізуі халыққа нан болып, Ресеймен соғыста баласы мерт болған аналардың көз жасын құрғатпайтыны белгілі.

Сол себепті халықтың бұл сайлауда Владимир Зеленскийге сенім артуын түсінуге болады. Қазіргі заманда саяси менеджмент қатты дамыған.

Сондықтан сайлауда Зеленский жеңіске жетіп жатса, «Квартал 95» театрында еңбек ететін әртістер билік басына келіп, елді тығырыққа тірейді деп қауіптенудің қажеті жоқ.

Владимир Зеленский Украинадағы өзге де саяси күштермен тізе қосып, елді басқаратын мүмкіндігі бар. Егер ол елдегі коррупциямен шынайы күресіп, Ресеймен арадағы соғысты тоқтатуға күш салса, оған Батыс елдері қол ұшын созатыны анық.

Сондықтан «Зеленский президент болса, мемлекеттік құрылымдарға тағайындайтын кадр таппай қиналады» деп қауесет таратып, сайлаушыларды екіұдай күйге түсірудің қажеті жоқ.

Айталық, билік басында келе жатқан Порошенко президент болып сайланғаннан кейін Үкімет қатарына Еуропа елдерінен менеджерлерді шақырып, министр етіп тағайындағанын естен шығармаған абзал. Мұны украиндықтар жақсы біледі. Сондықтан кадр мәселесі мен саяси іс-тәжірибені алға тартып, Зеленский мен халықтың арасына сына қағу мүмкін емес.

Зеленскийдің сайлау науқаны кезінде «Слуга народа» телехикаясының маңызды рөл атқарғанын айрықша атап өту керек. Оның бұл фильмі әлемдік саяси технологияға маңызды іс-тәжірибе болып енетіні сөзсіз.

Егер президенттік сайлаудың екінші туры электатты тұрғыдан таза өтсе, Зеленскийдің айы оңынан тууы әбден мүмкін.

 

Порошенко VS Аваков

Сөз соңында Украинадағы президенттік сайлаудың демократиялық талаптарға сай, әділ өтуіне қатысты бірер сөз айта кеткенді жөн санап отырмыз.

Заң бойынша президентке бағынбайтын Украинаның Ішкі істер министрі Арсен Аваков журналистерге берген сұхбатында сайлаудың әділ, демократиялық талаптарға сай өтуі үшін полиция қызметкерлері бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

Соңғы уақыттары Арсен Аваков пен Петр Порошенко арасындағы саяси келіспеушіліктердің орын алғанын ескерсек, сайлау барысында Порошенконың жақтастарының сайлау барысында көзбояушылыққа бармауын Аваков барынша қамтамасыз ететінін байқаймыз.

Егер Президент сайлауында Порошенко жеңіске жетсе, ол бірінші кезекте Арсен Аваковты Ішкі істер министрлігі қызметінен алып, оның үстінен қылмыстық іс қозғауға дейін баруы ықтимал.

Жағдайдың бұлайша өрбіп кетуі мүмкін екенін жақсы білетін Аваков  Порошенко жақтастарының заңсыздыққа бармауын кірпік қақпай қадағалайды.

Осындай жағдайларды есепке алсақ, Украинадағы сайлаудың өте тартысты өтіп жатқанын бағамдауға болады. Саяси күрес, пікір алуандығы ол елде азаматтық қоғамның қалыптасып, демократиялық құндылықтардың нығаюына септігін тигізетінін ескерсек, бұл сайлау Украина тарихында айрықша мәнге ие саяси оқиға ретінде қалайын деп тұр. Сондықтан Украина халқының бұл саяси науқаннан абыроймен шығуына тілектеспіз.

Нұрлан ЖҰМАХАН,  сарапшы.

Пікірлер

пікір