Back

Түркістандық қоғамдық ұйымдары Президент бастамасына қолдауды

Бүгін ел Президенті Қасымжомарт Тоқаев Қазақстан халқына Үндеуін жариялады. Үндеуде мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Президенттігіне кезектен тыс сайлау 2019 жылдың 9 маусымында өтетінін айтты. Бұл маңызды саяси бастамаға Түркістан облысының үкіметтік емес ұйымдары  қолдау білдірді.

Мәселен Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі: «Қазіргі уақытта мемлекет еліміздегі ардагерлерге көп қамқорлық жасауда. Мемлекеттің мүмкіндіктеріне сәйкес, жыл сайын зейнетақы және жәрдемақы мөлшері де артып отыр. Өз кезегінде ардагерлер де Елбасы саясатын қуаттап, елдің дамуына бар ерік-жігерін жұмсап келеді.

Қазақ халқының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  халықтың басын біріктіріп, өз алдына ел қылуда көп еңбек сіңірді. Ол кісінің бастауымен Отанымыз әлемге танылды. Елдің елдігін көрсетті, ерлігін танытты.

Елбасының сенім артуымен Президент лауазымына кіріскен күннен бастап мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді аралап, халықпен жақын жүздесті. Бүгінгі жариялаған Үндеуінде Президент биыл 9 маусымда елімізде президенттік сайлау өтетіні туралы айтты. «Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз – біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек», – деді Президент өз сөзінде.

Бүгінде еліміздің бірлігі берік. Әлеуметтік-экономикалық жағдайы, халқымыздың әл-ауқаты жақсаруда. Әсіресе, биыл әлеуметтік саланың әлеуетін көтеруде көптеген іс-шаралар атқарылуда. Мемлекетімізде саяси жүйе реттелген.

Президенттік билік тізгінің, қызымет сатысының сабақтастықпен, жайдары, жарасымды құрметті түрде Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауысуы, Елбасының  көрегендігі, даналығы деп түсінеміз. Бұл халық көкейіндегі оймен сәйкес келеді.

Осы сәтте әлемдегі жағдайды саралай отырып, еліміз үшін өте маңызды, қажетті қадам жасау– үлкен көрегендік.

Біз, ардагерлер, Мемлекет Басшысының бұл қадамын қуана құптаймыз. Әлемдік аренадағы алар орнымызды жоғалтпай, бейбіт өміріміздің келешегі жолында әрқайсысымыз сайлауға белсенді түрде қатысуға тиіспіз» деп хат жолдаған. Ал, Түркістан облыстық «Азаматтық альянсы»  бұл сайлаудың ел тағдыры үшін маңызды екенін айтады.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауын өткізуге байланысты жариялаған Үндеуіне қолдау білдіреміз. Қазақстанды алда үлкен істер күтіп тұр. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін аянбай еңбек ету керек. Осы мақсаттарды іске асыру үшін алдымен мемлекет басшысын сайлап, алдағы бес жылда еліміздің саяси-экономикалық бағытын кім жүргізетінін айқындап алуымыз керек болып тұр. Қазақстанға бүгінгі таңда ең басты керегі саяси-экономикалық тұрақтылық пен қоғамдық келісім және бейбітшілік екені анық.

Биліктің ауысуы Конституцияға сай жүзеге асырылды. Енді ата заң бойынша жаңа президент сайланады. Бұл ретте таңдауды жасайтын – халық. Сондықтан мұндай ауқымды да маңызды саяси шараға ел тұрғындары немқұрайлы қарамауы тиіс. Өзінің азаматтық көзқарасын білдіріп, сайлауға қатысуы шарт деп білемін.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндеуінде Қазақстанды демократиялы мемлекет, сайлаудың әділ өтетініне кепілдік беретінін, кезектен тыс сайлау өткізуге Елбасы да, Премьер-министр де, Парламент те, Конституциялық кеңес те, саяси партия жетекшілері де қарсы еместерін атап өтті. Сондай-ақ Президент елмен кездескенде қарапайым халық, зиялы қауым, бизнес өкілдері және инвесторлар дұрыс жолмен келе жатқанымызды айтқандарын жеткізді. Сондықтан еліміздің әрбір саналы азаматын алдағы сайлауға жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Өйткені ел болашағы сіз бен  біздің таңдауымызға байланысты», – дейді Түркістан облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығының өкілдері.

Сонымен бірге  «Түркістан облысының іскер әйелдер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі ұжымдық үн қосуында  «Әлем жұртшылығы еліміздегі татулықтың қуаты мен құндылығына көз жеткізіп отыр. Ендігі мақсат тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау әрі оны одан әрі нығайту болып табылады.  Қазіргі уақытта Қазақстан өзінің экономикалық дамуының жаңа үрдістерімен де сыртқа танылып, саяси тұрақтылықтың арқасында дамып келеді.

Қазақстан Президенті  халыққа Үндеу жариялады. «Бүгін елімізге және әрқайсымызға қатысты аса маңызды үндеу жариялағалы отырмын. Еліміздің Конституциясына сәйкес ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын  2019 жылдың 9 маусымда өткізу туралы шешім қабылдадым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елдігімізді көрсететін, тұтастығымызды дәлелдейтін шақ жетті. Президенттің өзі айтқандай, қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін де айқындық қажет. Сол үшін сайлауға біркісідей жұмылып атсалысамыз. Еліміздің өзге өңірлеріндегі іскер әйелдері де бұл бастаманы қолдайды деп сенеміз», – делінген.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер

пікір