Back

11 жасар бала сәбиді өлімнен арашалап қалды

Түркістан облысы Жетісай қаласының 11 жасар тұрғыны Бекназар Мейрамбек жеке тұрғын үйге арналған кәріз жүйесінің шұңқырынан 2 жасар  Бақытбек Сабыржан есімді сәбиді өлім аузынан құтқарған. Бүгін бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов мәлімдеді.

«2019 жылдың 2 сәуір күні сағат 19:40 шамасында Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жетісай қаласы А.Қалыбеков көшесінде ойнап жүрген балалар №57 тұрғын үйдің сыртында орналасқан жеке үйдің кәріз жүйесінің шұңқырынан кішкентай бүлдіршіннің құлап түскенін байқап қалған. Артынша жүгіріп келген балаларға құдықтың ішіндегі 1 метрден аса лас судан кішкентай бүлдіршін көрінбеген. Осы мезетте 2008 жылы туған 5-сынып оқушысы Бекназар Мейрамбек еш ойланбастан, дереу құдықтың ішіне түседі. Лас су мойын тұсына келгеніне қарамастан, суға тұншығып жатқан 2017 жылы туған 2 жасар  Бақытбек Сабыржанды көтеріп алып, шұңқырдан шығарған»,  – деді департамент бастығы.

Жас бүлдіршін С.Бақытбек ауруханаға жеткізіліп, қазіргі таңда оның денсаулығы бірқалыпты, ем қабылдауда. Осылайша 11 жасар Бекназар Мейрамбек өзінің батылдығын, қайсарлығын көрсетіп, жас бүлдіршіннің өмірін сақтап, өз ісімен ерлік көрсетті.

Құтқарушы Бекназар Мұсаұлы Жетісай қаласындағы №2 Шоқан Уәлиханов мектебінің 5 «а» сынып оқушысы. Жас батыр баспасөз мәслихатында Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы грамотамасымен және сыйлықпен марапатталды.

 

 

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер

пікір